Бұл «Қыз Жібек» бұрынғыдан өзгерек…

2166
0
Бөлісу:

Қазақтың төл өнері мен мәдениеті шекара асып, шетел жұртшылығының ыстық ықыласына бөленіп жүргелі қашан. Жас таланттардың басын қосқан «Астана мюзикл» театрының туған жерден ала келген «Қыз Жібек» қойылымы осы дәстүрлі жолмен Париж тұрғындарын тағы да таңдай қақтырды. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы мен «Жаһандық әлемдегі заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы аясында Еуропаның қалаларында өнер көрсететін «Астана мюзикл» театрының сапары Францияның астанасы Парижден басталып, ары қарай Канн, Брюссель, Вена, Берлин жерінде жалғасады.

Францияның күміс көмей бұлбұл ән­шісі, тарихи тұлға Эдит Пиаф ән шырқаған Trianon театрында сахналанған қойылымды көруге жергілікті халық пен Парижді уақыт­­­­ша не тұрақты мекеніне айналдырған қа­зақ­тар көп жиналды. Әдемі өрнектелген, көз­дің жауын алатын ұлттық киімдер мен сах­на­ның көркін ашқан декорациялар, әр кейіп­кердің өзгеге ұқсамайтын дауысы мен қызықты оқиға желісі лық толы залды қойы­­­­лымның соңына дейін сілтідей ты­ныш­­­тық пен ризашылық лебізіне толтырды.

«Қыз Жібек» лиро-эпостық жырының негізінде дайындалған қойылым – қазақтар үшін «классикалық дүние» болғандықтан, аса таңғала қоймаспыз деп ойлағанбыз. «Оқиға желісі мен ғашықтар тағдырының мазмұнын әуелден білеміз. Жырдың бірнеше нұсқасын жатқа айтып, көркем фильмін сан рет қайталап көрген ұрпақпыз ғой» деп еркін отырған менің өзім қойылым­ға режиссердің шешімімен енгізілген кейбір детальдарды ерекше бағаладым. Біріншіден, қойылымда Қыз Жібектің бауыры Дүрия мен Төлегеннің қарындасы Қарлығаш ерекше көрсе­тілген. Қос ғашықтың махаббатына әу бастан куә болып, қолдау көрсететін жеңгенің орнын мұнда қыздың жанашыры Дүрия мен ағасының көңі­ліне демеу Қарлығаш басады. Екіншіден, қазақ тілін білмейтін шетелдіктерге біздің мәдениетіміздің алуан түрлі бояуларын көрсету үшін оқиға желісінде жастардың басқосуы мен көңілді отырыстарын 20-ға жуық ұлттық аспап сүйемелдеп, дала сарыны мен халық әндері, ұлттық ойындар мен айтыс өнері көрсетіледі. Бекежан батырдың елден ерек күшін сөзбен емес, бір ұшын көпшілік жабыла тартқан арқанмен сахнадағы бар серіктестерін жалғыз өзі жерге жыққан көрінісі арқылы жеткізуі, режиссердің қызғаныш құрбаны болған Төлеген мен ғашығының соңынан ажал құшқан Жібекті сахнадан еліктіріп, ертіп алып кететін ақ періштелер, сүйген жардың белгісі болған ақ орамал, қойылым соңында бірдей жаққа бет түзеген қос аққу сияқты кішкентай детальдарды шебер ойнатуы «махаббат» тілінің француз бен қазаққа бірдей түсінікті екенін дәлелдеді.
Мюзиклдің режиссері Асхат Маемиров­тың айтуынша, опера өзі таныс­ты­ратын халықтың төл тілінде орын­далғанымен, мюзиклға қойылым сахна­ла­натын жердің тілдік ерекшелігін ескеру талабы қойылады.
– Дегенмен көрермен сахнада өнер көрсетіп жатқан актер мен жоғарыда орнатылған экраннан жүріп отыратын аударма титрды қатар қарап үлгермей­тін­діктен, қойылымның сәнін кетірмес үшін, қазақ тілінде ойнадық, – дейді театрдың көркемдік жетекшісі Асхат Маемиров.
«Астана мюзикл» театры Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың баста­ма­сымен 2016 жылы Қазақконцерт мемлекеттік концерттік ұйымының жанынан құрылған. Қазақстан Республи­ка­сының Мәдени саясат туралы тұжырым­да­ма­сында театр өнерінің жаңашыл әрі жастарға жақын бағыты мюзикл жанрына ерекше көңіл бөлуге ден қойылған. Мақсат – жастардың эстетикалық талғамын арт­ты­ру, мюзикл бағытын дәріптеу, бүкіләлемдік өнер сахнасында Қазақ­станның музыкалық театр қойылымдарын дайындау үдерісіндегі айрықша орнын белгілеу. Аталған мақсат­тарды жүзеге асыру үшін құрылған еліміздегі тұңғыш мюзикл театрында 60-қа жуық адамнан тұратын ұжым қызмет атқарады. Бір көңілге қуаныш сыйлайтыны, актерлік құрам тек жастардан тағайындалған. Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы мен Астанадағы Қазақ ұлттық өнер институтын музыкалық театр артисі мамандығы бойынша тәмам­даған жоғары білімді азаматтардың шығармашылық репер­туарында әзірге 4 қойылым бар. Олар – 60-70 жылдардағы қазақ жастарының болмысын ашатын, Н.Тілендиев, Ә.Бейсеуов, Е.Хасанғалиев, «Дос-Мұқасан» тобының әндеріне жазылған «Достар серті» қойылымы, «Ер Төстік» мюзикл ертегісі, EXPO – 2017 көрмесі шең­берінде көрерменге жол тартқан «Ромео – Джульетта» драмасы және «Қыз Жібек» лиро-эпостық жыры.
– Келер жылы елорданың жиырма жылдық меретойына әлемнің жиырма қаласы мәдени тарту жасамақ. Шетелдік әріптестерімізбен бірлесіп, біздің театр атақты «Нотр дам де Пари» қойылымын дайындауды жоспарлап отыр, – дейді Асхат Маемиров.
«Ұлы дала театрының» көшпелі халықтың рухани ерекшеліктерін ескеріп жасаған, лиро-эпостық жыр негізіндегі этно-фольклорлық туындысы Еуропа халқын көшпелі тұрмыс театр өнерінен қалыс қалған деген жаңсақ пікірден арылтып, қазақ өнеріне лайықты баға мен қошемет сыйлады.

Динара ТІЛЕУБЕК, Париж

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*