Жемқорлықпен күрес талқыланды

1685
0
Бөлісу:

Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен Президент жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша комиссияның отырысы өтті. Онда «Нұрлы жол» инфрақұрылымдық даму бағдарламасын жүзеге асыруға бөлінген қаражаттарды тиімді пайдалану және айқындылығын қамтамасыз ету бағытында қабылданып жатқан шаралар талқыланды.

Комиссия мүшелері осы орайда Инвестициялар және даму министр­лігінің, Бас прокуратураның және Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің баяндамаларын тыңдады.
Отырысты ашқан Гүлшара Әбдіқа­лықова Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «ешкімге де жеңілдіктер болмайды, егер сыбайлас жемқорлық қылмыстарын жасаса, ешкім де жазадан құтылып кете алмайды» деген сөздерін атап өтті.
«Нұрлы жол» бағдарламасы ел эконо­микасындағы құрылымдық реформа­ларды жалғастыруға, елдің транзиттік әле­уетін дамытуға және отандық көліктік инфра­құрылымды халықаралық жүйеге ин­теграциялауға бағдарланған. Сон­дық­тан орталықта да, жергілікті жерлерде де мем­лекеттік бағдарламаны дер кезінде және тиімді орындауды қамтамасыз ету маңызды.
Алайда комиссия отырысында атап өтілгендей, бүгінде бұл бағытта қабыл­данып жатқан шаралар жеткіліксіз. Атап айтқанда, мемлекеттік аудит органдары бағдарламаны орындау кезінде бюджеттік қаражаттарды игерудің заңдылығына қаржылық бақылау барысында 34,3 мил­лиард теңге сомасында бұзушы­лықтарды анықтады.
Прокурорлық тексерулер арқылы агроөнеркәсіптік салада жалпы сомасы 15 миллиард теңгені құрайтын 3,5 мың бұзушылық әшкереленді. 2,6 миллиард теңге сомасында субсидияларды заңсыз төлеудің жолы кесілген.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет 2015 жылдан бастап, қаражаттарды ұрлау және көзделген мақсаттан басқаға жұмсау фактілері бойынша 27 қылмыстық іске бастамашы болған. Олар мемлекетке миллиардтық шығын келтірген.
Талқылау қорытындысы бойынша комиссия уәкілетті органдарға және квазимемлекеттік сектор субъектілеріне анықталған бұзушылықтарды талдауды және ары қарайғы қызметте оларға жол бермеу үшін қажетті тетіктерді тізіп отырып, тиісті ден қою шараларын қабылдауды жүктеді.

Айхан ШӘРІП

Бөлісу:

Пікір жазу


*