Кәсіпкерлер жиынына қатысты

709
0
Бөлісу:

Үкімет үйінде Премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен «Бәйтерек» ұлттық басқарма холдингі» акционерлік қоғамында директорлар кеңесінің кезекті отырысы өтті.

Отырыс барысында холдингті дамы­тудың 2017–2021 жылдарға арналған жоспары, 2018 жылға жоспарланған жылдық бюджеті талқыланды және қызметінің маңызды көрсеткіштерінің карталары түзетілді. Сондай-ақ холдинг­тің ақшалай қаражаттарын пайдалану туралы ақпарат пен сын-тегеуріндер бойынша есебі тыңдалды.
Үкімет басшысы «Атаме­кен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы төралқасының кеңейтілген отырысына қатысты. Жиында ҰКП төралқасының төрағасы Тимур Құлыбаев сөйледі. Талқылау барысында мемлекеттік-жеке­шелік серіктестік саласындағы заң­на­маны жетілдіру, бизнесті мемлекеттік қаржылық қолдау шаралары, мем­лекеттік және квазимемлекеттік сатып алуларға қатысу, импортты алмастыруды дамыту, мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру және цифрландыру, Үшінші жаңғыруға маман­дарды даярлау мәселелері қаралды.
Өз сөзінде Бақытжан Сағынтаев бірлескен қызметтің негізгі бағыттарын белгіледі. Диалог барысында туындаған сұрақтарға жауап берді. Кәсіпкерлікті дамыту – Үкіметтің негізгі басымдығы. Бұл елдің экономикалық өсуінің жаңа моделін құрудың басты бағыты. 2050 жылға қарай шағын және орта бизнестің ЖІӨ-дегі үлесі 50 пайыздан кем болмауын қамтамасыз ету туралы Мемлекет басшы­сының Үкімет пен бизнес қауым­дас­тығы алдына қойған міндеттерін орындау бойынша ауқымды жұмыстар атқарылуда.
Үкімет бизнесті қайта реттеу, ШОБ іскерлік белсенділігін ынталандыру және отандық бизнесті қолдауға бағытталған іс-шараларды жетілдіру үшін жүйелі жұмыстар жүргізуде. Премьер еліміздің аймақтарына жұмыс сапарлары аясында өңірлік кәсіпкерлер палатасының мүше­лерімен кездесулер өткізілгенін айтып өтті. Жүйелі сұрақтардың тізімі жасалды, ол шамамен 500 мәселеден тұрады. Бүгін­де олардың 400-і шешілді, қалған­дары бойынша тиісті жұмыстар жүргізілу­де.
Б.Сағынтаев мамандарды даярлау мәселесіне қатысты елімізде техноло­гиялық жаңару процесі бастау алғанын сөз етті. Ірі кәсіпорындар жаңғырту жұмыстарын қолға алды. Оның айтуынша, мамандарды осы сын-тегеуріндердің негізінде оқыту қажет. Бүгінде Атырауда шет тілдерін меңгерген мамандар даяр­лай­тын колледж бар. Үкімет келер жылы әр облыс орталығында осындай маман­дан­дырылған колледждер ашуды жос­парлап отыр. Келер жылдан бастап осын­дай 20 колледж жұмыс істей бастайды.
Бақытжан Сағынтаев алдағы уақытта да Үкіметтің кәсіпкерлер қауым­дас­тығымен барлық салаларда сындарлы жұмыс істеуге дайын екенін жеткізді. «Үкімет бизнес қауымдастығымен ашық диалогқа және бірлесіп жұмыс жасауға дайын. Бізде тек бір ғана жол бар: 2050 жылға қарай әлемнің ең озық дамыған отыз елінің қатарына қосылу» деп сөзін түйіндеді ол.
Талқылау қорытындысында Бақытжан Сағынтаев отырыста көтерілген мәсе­лелерді зерделеу бойынша жұмыс тобын құруды тапсырды. Биыл желтоқсан айында атқарылған жұмыстар туралы бірінші есепті тыңдау жоспарда бар.

 

Айхан ШӘРІП

Бөлісу:

Пікір жазу


*