Елбасы Қырғыз президентімен кездесті

1283
0
Бөлісу:

Беларусь еліне жасаған ресми сапар аясында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбековпен екіжақты кездесу өткізді. 

– Біріншіден, шын жүректен Сооронбай Шәріпұлын сайлау­дағы жеңісімен құттықтаймын. Алыста жүрсек те, біз осында кездестік. Екіншіден, біз екі ел арасындағы туысқандық, бауырлық қарым-қатынастарды қалпына келтіреміз деп келісімге келдік. Мұны екі ел де қалайды. Шекарадағы жағдайдың неден шыққанын білеміз. Жағдай ретке келеді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы жуық арада Қазақстанға Қырғыз­станнан арнайы делегация келіп, Қазақстан Үкіметімен бірлесе отырып жол картасы бойынша екі мемлекет ара­сында туындаған даулы мәсе­лелерді шешуге кірісетінін жеткізді. Сонымен қатар Қазақстан Президенті мем­ле­кет­тер ара­сындағы дау-да­майға нүкте қою үшін Сооронбай Жээн­беков­ті елімізге ресми сапармен келуге шақырғанын да айтты. Кез­десуге қатысты Қырғызстан президенті де пікірін білдірді.
– Біз туындаған мәселелерді талқылап, шешім қабылдадық. Екі ел үкіметі жол картасын дайындайды. Осыдан соң көп сауал шешімін табады деп отырмыз. Шекараға Қазақстан жағынан да, Қырғызстан жағы­нан және ЕАЭО тарапынан да бақылау қойылады. Бізге шекара ашуын өтіндім. Жауап­кершілікті өз мойныма алдым. Рақмет, Нұрсұлтан Әбішұлы, – деді Сооронбай Жээнбеков.
Кездесу соңында Мемлекет басшысы елдеріміздің қарым-қатынасы тату көршілік сипатта екенін атап өтіп, туындаған барлық мәселені сындарлы жолмен шешуге ниетті екенін білдірді. Екіжақты кездесу өткізуге Қырғызстан тарапы өтініш білдірген.

А. ҚАЗБЕКҰЛЫ

Бөлісу:

Пікір жазу


*