«Алматы – Шу» теміржолының екінші желісі іске қосылды

874
0
Бөлісу:

«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ Елбасының еліміздегі көлік инфрақұрылымын дамыту жөніндегі тапсырмасын басшылыққа ала отырып, «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Алматы – Шу» теміржолының екінші желісінің құрылысы бойынша жобаны жүзеге асырды. Қарасай ауданындағы Елтай ауылдық аумағында орналасқан Ақсеңгір стансасында жаңа шойынжол тармағымен қозғалыстың ашылуына орай ұйымдастырылған салтанатқа қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкер, Халық Қаһарманы Тоқтар Әубәкіров, Алматы облысы әкімінің орынбасары Айдарбек Байжанов, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ президенті Қанат Алпысбаев, Қарасай ауданының әкімі Махаббат Бигелдиев және тағы басқа да ресми тұлғалар және құрметті қонақтар қатысты.

Жағымды жаңалыққа куә болу үшін жиналған жұртшылық алдында алғашқы болып сөз алған Қанат Алпысбаев «Алма­ты – Шу» теміржол учаскесі Қазақстан көліктік жүйесінің аса маңызды бөлігі екенін айрықша атап өтті. Оның айтуына қарағанда, осы учаскеде атқарылған жұмыстар трансқазақстандық көліктік бағыттарды дамытудың тың мүмкін­дік­теріне жол ашып, пойыздар қозғалысын жеделдетеді және ел аймақ­тары арасын­дағы коммуникация­лық байланыстарды барынша кеңейтеді. Сонымен бірге, Еуропа мен Азия арасын­дағы трансқұр­лықтық тасымалды артты­рады. Сондай-ақ инфрақұрылымдар құры­­лысы мен оларды жетілдіру жүктерді жеткізу мерзімін айтарлықтай қысқар­тады.
Облыс әкімінің орынбасары өз кезе­гінде аса ауқымды жұмыстарды мер­зімінде әрі сапалы аяқтаған «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ мен тағы басқа да мердігер ұйымдарға облыс басшылығы атынан алғысын білдіріп, еліміздегі, облыстағы барлық жетістіктерге Мем­лекет басшысының қолдауы арқасында қол жеткізіп отырғанымызға ерекше тоқталып өтті.
Екінші жолдың ұзындығы – 113 шақырым. Құрылыс жұмыстары 2015 жылы басталған болатын. Осы уақыт аралығында 38,1 миллиард теңге игерілді. Жобаны жүзеге асыру барысында 16 станса жаңғыртылып, 13 көпір мен өтпежолдар жасалып, 156 шақырым электр желісі тартылыпты. Жаңа тармақтың іске қосылуы, көліктік желідегі аса маңызды бөліктің өткізу мүмкіндігін төрт есеге арттырады. Нақтырақ айтқанда, аталған учаске арқылы тәулігіне 110 пойыз немесе алты мың вагон өте алатын болды.
Елтай мен Мерей ауылдары арасын­дағы автокөлік жолының жаңадан жаса­луы, Елтай ауылында өтпе жолдың салы­нуы да бірқатар әлеуметтік мәселелердің оң шешілуіне ықпал етті. Жақын маңдағы елдімекендер тұрғындары теміржол желі­ле­рін кесіп өткен кезде қиналмайтын болды.
Осылайша, облыс пен «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-ның бірлесе күш жұмсауы нәтижесіне аса маңызды әрі ауқымды жоба сәтімен жүзеге асты. Жаңа жолмен
«Қытай – Еуропа» бағытындағы контейнерлік пойыз бен «Тұлпар – Тальго» жедел жүретін жолаушылар тасымалдайтын жүрдек пойызы сапарға аттанып кетті.
Болат АБАҒАН,
Алматы облысы

Бөлісу:

Пікір жазу


*