Әлем тілдерімен үндестік

2383
0
Бөлісу:

Елбасымыздың ұлттық рухани жаңғыру бағытында атқарылатын шаралардың бірі ретінде қазақ тілін латын қарпіне көшіру туралы айтқан сөзінің маңызы жоғары. Бұл – тарихи-танымдық тұрғыдан ұлт ертеңі үшін маңызды дүниеге қадам басу.

Өткен күнге үңілетін болсақ, қазақ әліпбиі мен жазуын латын қарпіне көшіру мәселесі туралы еліміз егемендік алған алғашқы жылдардан ғылыми ортада сөз бола бастаған еді. Соңғы он жыл көле­мінде де латын қарпіне көшу бір­неше рет көтерілді. Осы жылғы сәуір айында жария­ланған «Бола­шаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақа­ласында Елбасымыз
Н.Назарбаев «Қазақ тілін біртіндеп латын қарпіне көшіру жұмыстарын бастауымыз керек» деп нақты тапсырма беріп, жиырма жылдан бері айтылып келе жатқан мәсе­ле­нің нүктесін қойды. Содан бері елі­міздің әр аумағында латын қарпінің әлем­дегі орны жайлы, оны қазақ әліпбиіне көшірудегі жетістіктер жөнінде семинарлар өтіп, баспасөз бетінде көлем­ді ғылыми-зерттеу мақалалар жарық көріп үлгер­ді. Еліміздің маңдайал­ды ғалым­дары құрас­тырған жаңа әліп­бидің нұс­қасы Елбасының алдында таныс­тырыл­ды. Болашақ мәні бар, көпшіліктің көңілінен шығатын әліпби таңдау­ды қоғамдық талқы­лауға салғаны да Елбасының үлкен көрегенділігін көрсетсе керек.
Бүгінгі таңда қазақ жазуының латын қарпіне көшірілуі ел бола­шағы жас ұрпақтың оқу-білім және ғылым жолын­дағы ізденістеріне жол ашып отыр. Адам жазу арқылы білім алады, жазу арқылы бір-бірімен байланыс жасайды. Яғни, түрлі қатынас іс-қағаздары, компью­тер, интернет, фейсбук т.б. арқылы хабар­ласулар – бәрі де жазу арқылы жүзеге асады. Соған байла­нысты жер бетіндегі өркениетті елдердің 70 пайыздан астамы латын қарпін қолданады. Өндірістің барлық саласында дәрі-дәрмек атаулары, математика, физика, химия формулалары, көптеген терминдер, мамандықтарға қатыс­ты ғылыми әдебиеттер т.б. латын әліпбиімен байланысты екенін байқай­мыз. Сондықтан дамыған 30 елдің қатарына қосылуды мақсат еткен елдің мемлекеттік тілінің жазуы да заман тала­бына сай келуін күн­делікті өмірдің өзі талап етіп отыр.
Барша қазақ елі, әсіресе, педагог-оқытушылар, ғалымдар Елбасының «Ру­хани жаңғыру» ұсынысының маңыз­дылығын терең түсініп отыр. Оны жүзеге асыруда жоспарлы түрде іс-шаралар ат­қа­рылуда. Осыған орай Алматы уни­вер­ситетінің профессор-оқыту­шы­лар құрамы, ғалымдары да латын қарпіне көшуді толығымен қолдау мақсатында «Латынға көшу – заман көшіне ілесу» атты конференция өткізді. Сонымен қатар университет көлемінде «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағ­дарламасы аясында кезең-кезеңімен латынға көшуді ұйымдастырып отырмыз. 2018 жылдан бастап, университетте қазақ тілінде жүргізілетін іс-қағаз­дарды, оқу-жұмыс бағдарламаларын латын қарпімен жүргізу қолға алынбақ. Тілші ғалымдардың студенттерге латын әліпбиін үйрету үшін арнайы үйірме жұмыстарын ұйымдастыру жоспарлауда. 2018-2020 жылдар аралығында жарық көретін моногра­фиялық, ғылыми еңбектерді де латын қарпімен баспаға жіберу ойлас­тырылуда.
Елбасының мемлекеттік тілді дамыту бағытындағы сарабдал саясаты нақты қадамдар арқылы іске асып келеді. Оның БҰҰ мәжі­лісінде қазақ тілінде сөйлеуі әлем халқына және өз отандас­тарына ерекше ықпал етті деп айта аламыз. Жалпы әлемге қазақ тілінің үні естілді. Бүгінгі таңда шетелдермен әртүрлі саладағы байланыстардың күшеюіне байланысты рәсімдеу құжаттарын жазуда латын әріп­терінің қажеттілігі анық байқалады. Ендеше латынға көшу арқылы әлем тілдерімен үндестік пайда болары анық. Латын әріптерімен жазу арқылы басқа тілді меңгеру, оны жазуда бір-біріне жақындап, бір әріптен екінші әріпке ауысып отыру қиындығын жеңілдетіп, тілдің қолданысына да оң әсер етеді. Елбасының латынға көшу идеясы ел болашағы үшін қабыл­даған аса бағалы шешімдерінің бірі деп білеміз.

Мүбәрак ЕРМАҒАНБЕТОВ,
Алматы университетінің ректоры, химия ғылымдарының докторы, профессор

Бөлісу:

Пікір жазу


*