МЕМОРАНДУМҒА ҚОЛ ҚОЙДЫ

1022
0
Бөлісу:

Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары – хатшылық меңгерушісі Д.Мыңбай, Мәжілістегі ҚХА-ның депутаттық тобының жетекшісі С.Абдрахманов және ассамблеяның басқа да мүшелерінен құралған делегация ресми сапармен Ресей астанасы Мәскеуде болды. Іссапар шеңберінде Қазақстан халқы ассамблеясы мен Ресейдің Ұлттар ісі жөніндегі федералдық агенттігінің арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Меморандумда этносаралық қатынастар саласында мемлекеттік саясатты іске асыру, нәсілге, ұлтқа, тілге және дінге негізделген кем­сітушіліктің барлық нысандарының алдын алу, бірлескен әлеуметтік-мәдени іс-шаралар, ғылыми кон­ференциялар мен семинарлар өткізу, ғылыми еңбектерді, бірлескен зерт­теулерді шығару және тағы басқа озық тәжірибелермен алмасу мәселелері қарастырылған.
Қол қою рәсімі барысында Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары Д.Мыңбай бейбітшілік пен келісімнің қазақстандық моделінің негіз құраушы қағидаттарына, Қазақстанда бәсекеге қабілетті және қазіргі заманғы ұлтты қалыптастыруға бағытталған қоғамдық сананы жаңғырту бағ­дарламасының іске асырылуына жеке тоқталды.
Өз кезегінде Ресей Ұлттар істері жөніндегі федералдық агенттігінің басшысы И.Баринов Ресейде этносаралық қатынастарды үйлестіру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыс туралы айта келіп, тараптардың серіктестік қағидаттарында қоғамдық-саяси, мәдени-ағарту, ғылыми және ақпараттық салаларда өзара іс-қимылын ұйымдастыру – меморандум­ның мәні.
Сондай-ақ ҚХА өкілдері бірқатар кездесулер өткізді. Ресей мемлекеттік және қоғам қайраткері Р.Аушевпен кездесу барысында Д.Мыңбай оны «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Туған жер» жобасын іске асырудың негізгі бағыттары туралы хабардар етіп, бұл жай Қазақстанда туып-өскен
Р.Аушевтың қызығушылығын оятты.
Сапар соңында делегация «Этноәлем» этнографиялық паркінің жұмысымен танысып, ресейлік әріп­тестерді Қазақстан халқы ассамблея­сының кезекті сессиясына қатысуға шақырды.

Ершай ӘЗІРЕТ

Бөлісу:

Пікір жазу


*