Рәміздерді насихаттау күшейтіледі

1588
0
Бөлісу:

Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқа­лық­ованың төрағалығымен Мемле­кеттік рәміздер мен ведомстволық және оларға теңестірілген өзге де наградалар геральди­касы мәселелері жөніндегі республи­калық комиссияның кеңейтілген отырысы өтті.

Жиынға Парламент депутаттары, орталық және жергілікті атқарушы орган басшылары, қоғам қайраткерлері, белгілі ғалымдар қатысты.
Мемлекеттік хатшы өз сөзінде Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Екі дәуір түйіскен өліара шақта Қазақстанға түбегейлі жаңғыру және жаңа идеялар арқылы болашағын баянды ете түсудің теңдессіз тарихи мүмкіндігі беріліп отыр», – деген пікірін атап өтті. Бұл мүмкіндікті тиімді пайдалану және оған лайықты үлес қосу – ортақ міндетіміз.
Басқосуда Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің, Қаржы министр­лігінің, сондай-ақ Атырау, Қостанай және Маңғыстау облыстары әкімдерінің мемлекеттік рәміздерді пайдалану, қолдану және насихаттау ісінің өңірлердегі жай-күйі жөніндегі есебі тыңдалды.
Сонымен қатар Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі, Инвестициялар және даму министрліктерінің, «Сырбар» Сыртқы барлау қызметінің ведомство­лық наградаларын бекіту туралы ұсыныстары тыңдалды.
Отырыста сондай-ақ комиссияның биылғы қызметі және 2018 жылға арналған жұмыс жоспары жөніндегі мәселе қаралды. Мемлекеттік орган басшыларына мемлекеттік рәміздер туралы заңнамалардың бұзылуына жол бермеу, соның ішінде ішкі бақылауды тұрақты қамтамасыз ету, қолданыс тәжірибелерін жетілдіру, сонымен қатар мемлекеттік рәміздерді қолдану мен насихаттау ісін бақылауды күшейту тапсырылды.
Отырыс қорытындысы бойынша мемлекеттік рәміздерге қатысты құқықтық сауаттылықты және оған құрметті арттыру жөнінде нақты тапсырмалар берілді.
Соңында Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова жиналғандарды алда келе жатқан мемлекеттік мереке – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президент күнімен құттықтады.

Елдос СЕНБАЙ

Бөлісу:

Пікір жазу


*