Жаңа Стратегиялық жоспар жарияланды

1198
0
Бөлісу:

Дамыған 30 ел қатарына кіру үшін ел Үкіметі 2025 жылға дейін нені қамтамасыз ету керектігін айқындады. Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкіметтің кешегі отырысында «Қазақстан­ның 2025 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспары туралы» Президент Жарлығының жобасы қаралды. Үкімет мүшелері сондай-ақ өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелерін және қоғамдық кеңестер қызметінің нәтижелерін талқыға салды.

Үкімет мүшелері Қазақстанның 2025 жылға дейінгі стратегиялық даму жос­парының (оны қысқаша «Стратжоспар 2025» деп атайды) жобасын бірауыздан қолдап, Мемлекет басшысының қарауына жіберді.
Ұлттық экономика министрі Т.Сүлей­меновтің айтуынша, бұл стратегиялық даму жоспары «Қазақстан – 2050» стратегиясын іске асыруға бағытталған ортамерзімді мемлекеттік жоспарлау жүйесінің бірінші деңгейдегі құжаты. Ол «2020 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспары» орнына әзірленді, себебі, оның негізгі мақсаттарына қол жеткізіліпті.
–Ұсынылған Стратжоспар жобасы Үшінші жаңғырудың міндеттерін шешудің кешенді жоспары болып отыр. Ол тек экономикалық жаңғыруға ғана емес, сонымен бірге институционалдық және әлеуметтік жаңғыруға қатысты мәселелерді де қамтиды. Осы құжат Мемлекет басшысының стратегиялық бастамаларын іске асыруға бағдарланған. Бұлар – «Қазақстан – 2050» стратегиясы, «100 қадам» Ұлт жоспары, қоғамдық са­наның жаңғыруы. Стратегиялық жос­пар Қазақстанның 2025 жылға дейінгі да­муы­ның кешенді мақсатын анықтайды, – деді Тимур Сүлейменов.
Бұл кешенді мақсат бойынша алдағы сегіз жылда Қазақстан Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдері деңгейінде халықтың өмір сапасын жақсартып, экономиканың сапалы және тұрақты өсуіне қол жеткізуі керек.
Стратжоспар «технологиялық, экспортқа бағдарланған жаңа эконо­миканы қалыптастыру үшін экономи­калық өсудің жаңа моделін» айқындайды.
–Жаңа экономикалық модельге көшу қазіргі мемлекеттік саясатта келесідей принципті өзгерістерді талап етеді. Біріншіден, өнімділік пен сапаға жаппай бағдарлану жүреді: өнімділікті арттыру, тауарлар мен қызметтердің сапасы және әртараптандыру есебінен өндіріс ынталандырылады. Екіншіден, адамдар­дың, кәсіпорындардың және салалардың технологиялық бағдарлану­шылығы талап етіледі: бұл азаматтардың өмір бойы жасампаз-креативті, когнитивті дағдыларын дамытуды, технологияның жаппай енуін және жалпыға ортақ цифрландыруды қарастырады, – деді Т.Сүлейменов.
Үшіншіден, бәсекелестік – өсудің ынталандырушысы-стимуляторы ретінде қабылданады. Бұл ретте Страт­жос­пар бойынша салаларды монопо­лиясыз­дандыру, экспортты ілгерілету, техно­логиялық компанияларды жер­гілік­­тілендіру, шетелдік дарын-талант­тарды тарту есебінен бәсекелестікті ынталан­дыру көзделеді.
Төртіншіден, Қазақстанда 2025 жылға қарай жеке сектордың рөлі мен үлесі басым болуға тиіс. Яғни, жеке сектор өсім локомотивіне айналуы керек. Бұл үшін «кедергілерді жою, инвестиция­ларды ынталандыру, міндеттерді iске асыру үшiн ортақ жауапкершiлiк» қажет көрінеді.
Бесіншіден, «өңірлердің белсенді ұстанымы және теңгерімді өңірлік дамуға» баса көңіл бөлінбек: бұл мақсатта өңірлер арасында экономикалық дербестілік, жауапкершілік, бәсекелестік және кооперация күшейтіледі.
– Стратжоспарды әзірлеу кезінде 100-ден астам жаһандық мегатрендтер зерттелді және жаһандық дамудың 3 сценарийі әзірленді. Негізгі сценарий Қазақстанның жалпы ішкі өнімінің (ЖІӨ) жыл сайын, сыртқы жағдайға байланысты орта есеппен 4,5-5%-дан кем емес көлемде өсіп отыруын көздейді. Дегенмен ЖІӨ көрсеткіші елдегі аза­маттардың нақты әл-ауқатының деңгейін толық көрсетпейді. Тұрақты, сапалы өсу міндеті қойылып отырғандықтан, біз үшін тек өсудің жылдамдығы ғана емес, сондай-ақ адамдардың өмір сапасы да маңызды, – деді бас экономист.
Сондықтан мемлекет осы үш маңыз­ды құрауышты, яғни өсу қарқынын, өсім сапасын және өмір сапасын көрсететін жаңа тұрпатты «негізгі ұлттық индикатор­лар» жиынтығын түзіп отыр. Осы көр­сеткіштер орындалған сайын, билік пен халық еліміздің дамыған елдер «отызды­ғына» қосылуға қаншалықты жақын қалғанын нақты бағамдай алады. Бағам­дау оңай болуы үшін аталған негізгі ұлттық көрсеткіштер 13 өлшем саласына ажыратылған және 38 көрсеткіш-инди­катордан тұрады. Сондай-ақ «отыздыққа» кіруде қандай халықаралық рейтингтер­дегі орнымызды есепке алатынымыз да белгіленді.
Осы тұста Ұлттық экономика ми­нистрі айтылғанға нақтырақ тоқтала кетті.
– Әлемнің 30 дамыған елінің тізіміне кіру үшін біз 2025 жылға дейін ЖІӨ-нің жан басына шаққандағы көлемінің 46 мың 100 долларға дейін өсуін, еңбек өнімділігінің жылына орта есеппен 4,7%-ға өсуін қамтамасыз етуіміз керек. Өсу сапасын өлшеу үшін мыналар қарас­тырылады: тауарлар мен қызметтердің шикізаттық емес экспортының үлесі 44,6%-дан 50%-ға дейін ұлғайтылады. ЖІӨ-дегі шағын және орта бизнестің үлесі қазіргі 26,8%-дан 35%-ға дейін арт­тырылады. Негізгі капиталға салына­тын инвестициялардың ЖІӨ-ге шаққандағы көлемі 16,4%-дан 19%-ға дейін өсіріледі. Ұлттық валютадағы несие портфелінің көлемі ЖІӨ көлемінде 18%-дан 50%-ға дейін ұлғайтылады, – деді Тимур Мұратұлы.
Қазақстан алдағы 8 жылда «цифрлан­дырылу индексі» бойынша 25 жетекші елдің қатарына, ал логистика тиімділігі­нің индексі бойынша әлемдегі 38 елдің қатарына кіруі керек.
Мемлекеттің және халықтың жағ­дайы­ның жақсарғанын қалай білеміз? Бұл үшін де нақты өлшем берілген. Бас экономистің түсіндіруінше, елдің әл-ауқатының артуы халықтың өмір сүру сапасының жақсаруымен бірге жүруі қажет. Толығырақ тоқталсақ, «2025 жылға қарай қазақстандықтардың өмір сүру ұзақтығы қазіргі 72 жастан 75 жасқа дейін кө­терілуге», «Қазақстан халқының ба­рын­ша аз қамтылған 40%-ның табыс үлесі 22,8%-дан 27%-ға дейін артуға» тиіс.
«Сонымен қатар жаһандық PISA тесті­сінің деректеріне сәйкес, мектеп­тері­міздегі орта білім беру сапасы үш пән бойынша 450-490 көрсеткішіне дейін өсуі керек. Экономиканың өнім өндіруге жұмсайтын энергия шығыны 2008 жылғы деңгеймен салыстырғанда, 40%-ға дейін төмендетіледі. Жалпы, өңірлік өнім (ЖӨӨ) бойынша өңірлер арасындағы даму алшақтығы қазіргі 3,2 еседен 2,7 есе­ге дейін азайтылады. Дүниежүзілік банк­тің рейтингі бойынша мемлекеттік басқару тиімділігі қазіргі 51 процентилден 60-75 процентилге (перцентиль деп те атай­ды, реrcentile) дейін көтерілуге тиіс», – деді Тимур Сүлейменов.
Осындай сандық көрсеткіштерден басқа, ең дамыған 30 елдің қатарына кіру жолындағы Қазақстанның прогресін бақылау үшін әлемдегі ең танымал 6 рейтинг басшылыққа алынатын болады. Бұларға Дүниежүзілік экономикалық форумның «Жаһандық бәсекеге қабі­леттілік индексі», Біріккен Ұлттар ұйымының «Адами даму индексі», Transparency International түзетін «Сыбайлас жемқорлықтың халықаралық индексі», дамыған елдер мүше ЭЫДҰ-ның «Бәсекелестік орта индексі», «Заңның үстемдігі индексі» және «Экономикалық күрделілік индексі» жатады. Егер осы 6 рейтинг бойынша алғашқы «отыздыққа» қосылсақ, бұл да Қазақстанның әлемдегі озық 30 мемлекет қатарына кіргенін білдірмек. Бірақ «дамыған ел» атану үшін елдің экономикасы әлеуетті, халқы ауқатты, өнеркәсібі қуатты болуы шарт.
Жоғарыда айтылған «негізгі ұлттық көрсеткіштерге» жету үшін алда жеке құжат – Стратегиялық карта әзірленеді. Ол қабылданған соң, Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің төмен деңгейдегі құжаттары да түзетіліп шығады.
Стратжоспардың реформалары мен саясаттарының жүзеге асырылуын және жалпы мақсаттарына қол жеткізілуін Премьер-министр төрағалық ететін Жаң­ғырту жөніндегі мемлекеттік комиссия бақылайды. Әрбір реформаның және саясаттың орындалуына жауапкер­шілік Үкімет басшысының орынба­сарлары мен Президент Әкімшілігі басшысының орынбасарлары деңгейін­дегі тиісті жетекші-кураторларға жүктеледі.
Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев мұның өте маңызды құжат екенін атап өтті: «Мемлекет басшысының биылғы Жолдауындағы тапсырмасына сәйкес, экономикалық өсімнің жаңа моделін құруды және халықтың әл-ауқатын жақ­сартуды көздейтін құжат әзірленді. Ол еліміздің негізгі стратегиялық құжаты – «Қазақстан – 2050»-ді іске асыруға бағытталған. Мақсат – озық дамыған 30 ел қатарына қосылу», – деген Премьер жауапты тұлғаларға аталған стратегиялық құжаттың мәнін жұртшылыққа дұрыс әрі ұғынықты тілмен түсіндіруді жүктеді. Бақытжан Сағынтаев Ұлттық экономика министрлігіне Ақпарат және коммуника­циялар министрлігімен, өзге де мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, тиісті жұмыс­тарға кірісуді тапсырды.
Үкіметтің осы отырысында Инвес­тиция­лар және даму министрі Жеңіс Қасымбек өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру барысы туралы мәлімдеді. Оның айтуынша, министрліктің қадағалауында 230 мыңнан аса қауіпті өндірістік объек­тіні қамтитын 9 мыңнан астам кәсіпорын бар. Негізінен, бұлар – жерасты кеніштері және көмір шахталары, карьерлер мен разрездер, мұнай және газ өндіру кен орындары, металлургия, химия және мұнай өңдеу зауыттары, атом өнеркәсібі, магистралдық құбырлар және тағы басқалар.
Бұл ретте кесте бойынша тексеруге тек жоғары тәуекелді дәрежесі бар объектілер ғана жататын көрінеді. Қалған объектілерге жоспардан тыс тексерулер және бақылаудың басқа түрлері жүр­гі­зіледі. Қазақстанда «жоғары тәуекел дә­ре­желі объектілер» саны – 4 мың 578-ді құрайды, бұл жалпы санының 49,5%-ы. Қалған 4673-і немесе 50,5% «жоғары тәуекел дәрежесіне жатқызылмаған объектілер». Негізі, адал кәсіпкерлерді, егер өрескел бұзушылықтарға жол бермесе, тексеруден босату түріндегі көтермелеу, сондай-ақ оларды қауіпті өндірістік объектілер тізбесінен алып тастау мүмкіндігі көзделген.
–2017 жылдың 10 айы ішінде 1558 тексеру жүргізілді, оның ішінде кестеге сәйкесі – 923, жоспардан тысы – 635. Тексеру барысында 40 мыңнан астам бұзушылық анықталды. Адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіріп тұрған 880 қауіпті өндірістік объекті тоқ­татылды. Жалпы көлемі 124,5 млн тең­геден асатын 1821 айыппұл салынды, – деді Ж.Қасымбек.
Министр 2016 жылы апат-авария­лардың саны 2008 жылмен салыстырғанда 60%-ға, яғни 58 апаттан 23-ке дейін азайғанын, олар салдарынан зардап шеккендер саны 4 есеге – 102 адамнан 28 адамға дейін кемігенін айтты.
– Алайда министрлік жүргізген жұмысқа және қауіпті өндірістік объектілердегі апаттылықтың төмендеуі бойынша оң динамикаға қарамастан, биылғы он ай ішінде 11 апат орын алып, 12 адам зардап шекті, 4 адам қаза тапты. Оның үшеуінде топтық (групповой) қайғылы оқиға орын алды. Атап айт­қанда, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ының Көмір департаментіне қарасты «Қазақстан» шахтасында көмір мен газдың жарылысы нәтижесінде 6 адам зардап шекті, соның ішінде 3 адам қаза тапты. «Ғимарат» ЖШС-ның мұнай базасында мұнай өнімдерінің тұтануы болды, нәтижесінде 2 адам зардап шекті, 1 адам қаза тапты. «Богатырь-Көмір» ЖШС-ның «Богатырь» разрезінің дренажды шахтасында газ-ауа қоспасы­ның тұтануы болды, авария нәтижесінде 3 адам зардап шекті, – деді Жеңіс Қасымбек.
Ол барлық осы оқиға бойынша тексерулер жүргізілгенін, себептері анықталып, оларды жою бойынша іс-шаралар әзірленгенін және олардың орындалуына бақылау жүргізіліп жатқанын хабарлады.
Отырыста бұл тақырып бойынша Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Т.Дүйсенова, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ бас директоры Парамжит Калон, Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев және вице-премьер Асқар Мамин сөз сөйледі.
Үкімет отырысында Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ер­мекбаев қоғамдық кеңестердің жұмысы туралы баяндады. Елімізде барлық дең­гейдегі мемлекеттік органдардың 1300-ге жуық басшысы қоғамдық кеңес мүшеле­ріне есеп беріпті. Сонымен бірге, азамат­тарды алаңдатқан 600-ден астам өзекті мәселе қоғамдық тыңдауға шығарылған.
Министр қоғамдық кеңестердегі азаматтық сектор өкілдерін сайлау, алмастыру, қатысуын кеңейту, сондай-ақ кеңестерді материалдық-техникалық қамсыздандыру және олардың қызме­тінің кейбір шығындарын бюджеттен қаржыландыру бойынша қолданыстағы заңнамаға өзгертулер енгізуді ұсынды. Бұдан өзге, Н.Ермекбаев жыл сайын ел бас­шылығына Қазақстандағы қоғамдық кеңес­тердің қызметі туралы кешенді баян­дама ұсынып тұру бастамасын көтерді.
Жалпы, қазір елімізде түрлі деңгейдегі 229 қоғамдық кеңес жұмыс істейді. Оның республикалық деңгейдегісі – 16, ал өңірлік деңгейдегісі – 213. Қоғамдық кеңестердің жұмысына 4 мыңнан астам адам қатысады, соның ішінде 818-ден астамы – үкіметтік емес ұйымдардың, 325-і – бизнес құрылымдардың, 512-і – саяси партиялардың өкілдері, сонымен қатар кәсіподақтардың, БАҚ-тың және түрлі салалардың өкілдері де бар.

 

Айхан ШӘРІП

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*