Студенттер «жасыл энергия» өндірді

1281
0
Бөлісу:

Қазақстан қазіргі кезде «жасыл экономикаға» көшіп, «жасыл энергияның» игіліктерін тұтынуға барынша күш салып жатыр. Бұл еңбек дәл қазір болмаса да бірнеше жылдан соң жемісін беріп қалар.
Ең бастысы, қол қусырып қарап отырған ешкім жоқ. Энергетика мен экологияға тікелей қатысты қай саланы алсаңыз да, қарбаласып замана көшіне ілесуді мақсат тұтып жүр. Сондай жемісті еңбекті Алматы мемлекеттік энергетика және электронды технологиялар колледжінен көзіміз шалды.
Тереңдетілген, сапалы оқу бағдарла­масымен маман даярлайтын колледж техникалық және кәсіптік білім беретін бірегей оқу орны. Оқу мекемесінің ше­берханасында арнаулы күн панелдері дайындалып, қолданысқа енгізіледі. «Жасыл энергиямен» жарақтан­ған құрыл­ғылардың барлығын студенттер өз қолда­рымен жасап шығарады. Оларға білікті маман, түрлі халықаралық инновациялық жобалардың жүлдегері Бектөре Садақбаев жетекшілік етіп, шеберхана жұмысын үйлестіріп отыр. Күн панелдерін қалай жасау керек, энер­гия алудың қандай әдіс-тәсілдері бар, Бектөре барлығын меңгерген. Бір шаруаға бірнеше көзқараспен қарап, жеті рет өлшеп, бір рет кеседі. Себебі, осыған дейін осы колледжде «Электр стансала­рының, подстансалар мен желі­лердің электр құралда­ры» мамандығын тәмамдап, одан соң Қазақ ұлттық аграр­лық университетінде де білім алған. Кейін Алматы қаласы мен Алматы об­лысын электр энергия­сымен қам­тама­сыз ететін «Алатау жарық компа­ниясы» акционерлік қоғамында да қызмет істейді. Осындай тәжірибелі маман қазір студенттерін «жасыл энер­гияның» қыр-сырына қанықтырып жатыр. Қазіргі кезде Алматы мемлекеттік энергетика және электронды технологиялар кол­леджі күн батареяларын жасауды үй­рететін жалғыз оқу орны. Тәлім алу­шылар Бектөре­нің ұстаздық етуімен күн панелдері мен жарық диодты па­нел­дерді жасауды үйреніп, электр энергиясын балама көз­дерден іздеу үстінде. Қала берді оқушылар мұнда пә­тер­лердің жарықтандыру көзін монтаждау, электр сана­уыштарды орнату, асинхронды қозғалт­қыштар мен синх­ронды генера­торларды қосу, алыстан басқару сынды мүм­кіндіктерді де игеріп шығады. Мұ­ның бәрін олар элек­тромонтаждық тәжі­рибе сабағы кезінде меңгере алады.
Оқу орнының арнайы цехы бес бөлмеден тұрады. Цехта корпус дайын­далып, фотоэлементтер бірік­тіріліп, ламинация процесі іске асырылып, іс соңында дайын болған күн панелдері сынақтан өткізіліп жатады.
– Шеберханада күн сәулесінен энергия алатын панелдер жасап шыға­рылады. 1 курстан бастап балаларды бар­лық жабдықтармен таныстырып, үйретеміз. Тәжірибе кезінде танысады. Студенттер жасаған панелдердің бәрін тексерістен өткізіп, күн батереялары тұрған алаңға орнатамыз. Осындай жа­рық­тандырулар жасаудан бастап, бір­тіндеп күн энергиясына көше береміз. Бұл сөзсіз электр энергиясына деген тәуелдікті азайтады. Киловатт қуатын алдағы уақытта арттыра түсеміз деген ойым бар. Қазір күн панелдерін әртүрлі өлшемдерде шыға­рып жатырмыз. 300 ватт болатын үлкендерінен бастап, 80, 130 ватт болатын кішілері де бар, – дейді Бектөре Садақбаев.
Ұстаздың айтуынша, студенттер бастапқыда бір панелді жасап шығуға екі-үш күн уақыттарын сарп етеді екен. Кейін процесті меңгеріп, қолдары үйреніс­кен соң бір күнде 2-3 панелге дейін дайындай алады. Ол үшін қажетті жабдықтар, бөлшектер сақадай сай болып, цех жұмысы қызу жүріп жатуы тиіс. Алғашқы кезде 230 Ватт күн панел­дерін дәнекерлеу стансасына жалғап, электр қуатын жіберген. Осылайша, бұл уақыттары оқу орнының сырты күн батареяларының арқасында жап-жарық болып тұр. Нақтырақ айт­сақ, колледжді жағалай қойылған күн панелдері 6 про­жектрге сәуле жібереді. Егер студенттердің ойлағаны жүзеге асса, колледж аумағы түгелдей күн энер­гия­сына өтіп, қалалық желінің энергия­сына деген мұқтаждық азаймақ. Шебер­хана сыйлап жатқан тағы бір артық­шылық – бұл жерде жасалған шамдар күнде­лікті біз қолданатын шамдарға қарағанда жарықты 2-3 есе артық береді. Соған қарамастан ток адам өміріне қауіп төндірмейді және кернеу деңгейі төменгі қалып­қа түскен кезде ғана әдеттегі жұмысын жалғас­тырады.
Ғылым мен техника күн өткен сайын дамып, экологияның ластануына байланысты энергияға деген қажеттілік артты. Осыған орай әлем балама және жаңартылған энергия көздеріне зәру. Алдыңғы қатарлы елдер, балама қуат көздерінің аламанында ат оздырып үлгерді. Қазіргі қарқынмен 2050 жылға қарай тұтынылатын энергияның 50 пайызы балама көздердің еншісіне тиюі мүмкін. Қалыс қалмау – біз үшін тіпті мақсат та емес, міндет.

 

Абай АЙМАҒАМБЕТ

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*