Байқау жеңімпаздары анықталды

1462
0
Бөлісу:

Мектеп оқушылары арасындағы І республикалық шығармашылық байқаудың жеңімпаздары анықталды. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне арналған гала-концерт және «Көңілдің асыл пернесі: Н.Назарбаевтың ән шығармашылығы» атты байқаудың жеңімпаздарын марапаттау рәсімі Назарбаев орталығында өтті.
Дарынды балаларға қолдау көрсету және оқушыларды рухани-адамгершілік тұрғысындағы құндылықтарға тәрбие­леу, қазақ қоғамының мәдени дәстүр­лерін қалыптастыру, Мемлекет басшы­сының дарынды жастарды қолдауға бағытталған идеяларын дәріптеуді мақсат тұтқан байқаудың маңызы зор.
Биылғы 1 қазанда жарияланған байқау комиссиясына еліміздің 98 білім беру мекемесінен 138 өтінім келіп түскен. Республиканың жалпы білім беретін мектептерінің оқушыларынан жиналған 12 мен 14 жастағы және 16 мен 18 жастағы жеке өнер және ұжымдық вокал топтары (дуэттер, трио, квартет­тер) қатысты.
Іріктеу турынан финалға 30 номи­нант өтті. Онда балалар өздерінің тама­ша вокалдық қабілеттері мен орын­даушылық шеберліктерін көрсетті.
Бас жүлдені Қостанай қаласынан Темірлан Самуратов жеңіп алса, «Бабам­нан калған кең дала» аталымы бойынша (Н.Назарбаевтың сөзіне жазылған өлеңдер) 12-15 жас аралығындағы оқу­шы­лар арасынан 1-орынды Қарағанды қаласынан келген Александра Потап­кина иеленді. «Президентіміздің сүйікті өлеңдерінің толқынында» аталымы бойынша 12-14 жас аралығындағы жасөспірімдерден 1-орын Қарағанды облысынан Екатерина Сушковаға бұйырса, тағы осы аталым бойынша, бірақ 15-18 жас аралығындағы білім алушылар арасынан 1-орынды Астана қаласының №30 мектебінің музыкалық квартеті жеңіп алды.
«Патриоттық тақырыптағы авторлық шығарма» аталымында оқ бойы оза шығып, Астана қаласынан Рүстем Ғазизов 1-орынға қол жет­кізді.
Ұйымдастырушылар атап өткендей, аталған іс-шара үш жылдан бері өткізіліп келеді. Өткен жылы ол Астана оқу­шылары арасында ғана өтсе, биыл аталған жобаға Қазақстанның барлық облыстарының балалары қатысты.
Мұндай байқауларды ұйымдастырып тұру балалар мен жасөспірімдердің шығармашылығын дамытуға оң әсер ететіні сөзсіз.

 

Нұрсұлу МЫРЗАХМЕТ

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*