БАЛАЛАР САЙТЫНА БАСЫМДЫҚ БЕРГЕН ЖӨН

1186
0
Бөлісу:

Астанада Тұңғыш Президент – Елбасы қорының ұйытқы болуымен қазақ тілінде қызмет көрсететін интернет сайт байқауының жеңімпаздары анықталды. Биыл үшінші рет ұйымдастырылып отырған байқаудың басты мақсаты – интернет желісіндегі үздік қазақ сайттарына қолдау білдіру. Сондай-ақ мемлекеттік тілдегі интернет ресурстардың саны мен сапасының артуына үлес қосып жүрген сайттарды ынталандыру.
Байқауға ғаламтор кеңістігінде кем де­генде бір жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан үкіметтік емес, тәуелсіз қоғамдық сайттар қатысты. Алайда қазақ тілінде қыз­мет көрсететін балаларға арналған және аймақтық сайт елімізде болмай шық­­­ты. Бұл туралы Тұңғыш Президент – Елбасы қорының атқарушы директоры­ның орынбасары Сұлтан Айтжанов мәлімдеді.
– Өздеріңіз жақсы білесіздер, биыл бұл байқау үшінші рет ұйымдастырылып жатыр. Сондықтан да өткен жылмен са­лыстырғанда байқауға қатысушылардың саны да, сапасы да артты деп нық сенім­мен айта аламыз. Жалпы, бұл байқау қа­зақ сайттарының қарқынды жұмыс істеп, мотивация алуына үлкен ықпал етеді. Оның үстіне, жыл сайын барлық қазақ сайттарының басы-қасында жүрген азаматтар жиналып, тәжірибе алмасуына зор мүмкіндік болмақ. Сол себепті, осын­дай игі бастама жалғасын тауып, одан әрі дами берсін деген тілегім бар. Осы ретте «әттеген-ай» дейтін екі мәселенің бар екенін айтпай кетуге тағы болмайтын сияқты. Оның біріншісі, елімізде қазақ тілінде балаларға арналған сайт жоқ екен. Сондай-ақ аймақтық деңгейде қызмет жасайтын қазақтілді сайт болмай шықты. Сондықтан да екі номинация бойынша берілетін жүлде иесіз қалды. Менің ойым­ша, алдағы уақытта осы бағытта жұмыс жүргізіп, кемшілікті реттеу керек. Өйткені өскелең ұрпаққа тәлім-тәрбие беріп, оның сұрақтарына жауап беретін сайт қажет-ақ. Бұдан бөлек, облыстың, тіпті ауданның тыныс-тіршілігін тұрақты назарда ұстайтын аймақтық сайт болса құба-құп болар еді, – деді ол.
Байқауда бас қосқан жұрт мемлекеттік тілде қызмет көрсететін сайттардың саны жылдан-жылға артып жатқанын тілге тиек етті. Мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұл­дың айтуынша, мұндай қадам қазақ тілінің қарқынды дамуына әсер етеді.

– Мемлекеттік тілде жұмыс істейтін сайт жүргізіп, оны биік деңгейде көтеріп отырған азаматтарға алғыс білдіргім келіп отыр. Өйткені Елбасы «2020 жылы қазақстандық­тардың 95 пайызы мемлекеттік тілді білетін бола­ды» деп айтқан болатын. Бұл байқау – Мемлекет басшысының осы тапсыр­масын орындаудың тамаша бір үлгісі. Бізге мемлекеттік тілдің мәртебесін өзге елден біреу келіп көтеріп бермейді. Қазақ тілінің қуатты болуына өздеріңіз сияқты жалындаған отаншыл азаматтар үлес қосады, – деді Мәжіліс депутаты.

Ұйымдастырушылардың ай­туынша, байқауға еліміздің әр айма­ғынан 33 сайт үміткер ретінде бақ сынаған. Солардың ішінде қазылар алқасы ең үздік 10 сайт­ты іріктеп алғанын айтады. Мәсе­лен, «Өткір тіл» номинациясы бойынша zheruiyq.kz, «Рухани азық» – qamshy.kz, «Терең ізденіс» – 247media.kz, «Шынайы өмір» – kerekinfo.kz, «Жастар әлемі» – zhasatyrau.kz, «Ойын сауық» – baribar.kz сайттары марапатталды. Сондай-ақ «Білім бұлағы» аталымы бойынша – kaz-bilim.kz, qaztest.kz, «Спорт тынысы» – ulttyqsport.kz және alzhan.kz портал­дарының бағы жанды. Бір номинация бойынша екі бірдей сайттың марапат­талуына балалар мен аймақтық сайттың болмауы әсер етті. Сондықтан да алдағы уақытта балалар мен аймақтық сайтты дамытуға баса мән берген жөн сияқты.

 

Серік ЖОЛДАСБАЙ

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*