Кәсіподақтар федерациясының басшысы ауысты

786
0
Бөлісу:

Астанада Қазақстан кәсіподақтар федерациясының бас кеңесінің отырысы өтті. Оның барысында Кәсіподақтар федерациясының жаңа төрағасы сайланды.

Федерациясының бас кеңесі жаңа төраға ретінде Бақытжан Әбдірайым­ның кандидату­расына дауыс берді. Бақытжан Әбдірайым 1965 жылы Жамбыл облысының Қаратау қаласын­да дүниеге келген. Қазір 52 жаста. Бұған дейін түрлі салада еңбек өтіліне ие. Ол 2016 жылдың наурызынан бері VI шақы­рылымдағы Парламент Мәжілісі­нің депутаты.
Қазақстан кәсіподақтар федера­ция­сын 2013-2017 жылдар аралығында басқарған Әбілғазы Құсайынов өз қалауы бойынша ҚКФ Бас кеңесі шешімімен қызметінен босатылды. Ә.Құсайынов отырыстағы сөйлеген сөзінде, құрамына әртүрлі салалардағы екі миллионнан астам жұмыскерлер мүше болып отырған бұл бірлестіктің өткен жылдарда «еңбек ұжым­дарын­дағы тұрақтылықты, еңбеккерлер­дің әлеуметтік кепілдіктерін және жалақы­сын қамтамасыз етуде жоғары нәтиже­лерге жеткенін» айтып өтті.
Бұдан өзге, 2015 жылы қазақстандық бұл федерация бүкіл әлем бойынша 162 елдегі 176 миллион жұмыскерді бірік­тіре­тін Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясының толық­қанды мүшесіне айналды. Бұл «Қазақ­станда жұмысшы – жұмыс беруші – мемлекет тізбегі бойынша еңбек мәселелерін шешу үшін тиімді диалог алаңы құрыл­ғанын» куәландырады.
Сөз соңында Ә.Құсайынов әріп­тес­те­ріне бірлескен жұмыстары үшін алғыс айтты, сондай-ақ Мемлекет бас­шысына сенім мен қолдау көрсеткені үшін ризашылығын білдірді. Отырыс қатысушылары – федерация құрамына кіретін салалық және аумақтық бірлес­тіктер өкілдіктері бірлестіктің оң нәтижелерге жеткенін атап өтті және бұрынғы төрағаға бірлескен жұмыс үшін алғыстарын жеткізді.

 Айхан ШӘРІП

Бөлісу:

Пікір жазу


*