Кедейміз бе, баймыз ба?

Барға – тәубе, жоққа – сабыр. Қанға сіңген қазақы менталитет осылай меңзейді. Анда тартса, мұнда жетпейтін «ит-тірліктің» күйбеңін осылай жылы жабамыз. Әлбетте, еліміздегі әлеуметтік ахуалды анау айтқандай, құрдымда деуге келмес. Дегенмен белді бекем бумасқа шара жоқ. Үкіметке қол жайып, кедейліктен қашан құтылар екенбіз деп қаннен қаперсіз отыру – жөн емес. Мемлекеттің де екі қолды бос қоюы – қорқынышты. Қанағатшыл қоғамды қалай орнатамыз? Ысырапшылдарды қайтпекпіз?
Орташа айлық ақы көрсеткіші жыл сайын өсіп келеді. Ол – шындық. Бірақ шын мәнінде, жалақыдан бұрын бағаның шарықтап кететінін ескерсек, алдыңғы әрекеттен пайда аз екенін көре аламыз. Статистика комитеті орташа жалақы мөлшері туралы мәліметтерді жария етті. Соған сәйкес, осы жылдың екінші тоқсанында бір қызметкердің орташа айлық ақысы 149 951 теңге болды. Қаржы және сақтандыру саласы қызметкерлері болса, елімізде ең көп жалақы алатындар қатарында – айына 315,3 мың теңге. Ауылшаруашылық, балық, орман шаруашылығы саласындағылардың жалақысы 88,3 мың теңге деп көрсетілген. Бұл – ең төменгі көрсеткіш. Орташасының өзі осындай болса, шүкір демеу ұят десек болар еді. Бірақ айына 12 мың теңге айлық алып, сол ақшаға отбасын асырайтындар біздің елдің тұрғындары ма деген сауал көкейде тұрады. Жоғарыдағы статистиканы аймақтар бойынша жалғастырсақ. Маңғыстаулықтар 253,9 мың теңге алады десе, Жамбыл облысының тұрғындары 103,1 мың теңге табатын көрінеді. Мұндай статистикаға сену қиын. Бірақ алгоритмін алып қарайтын болсақ, сандарды есептеуде қате жоқ. Бар болғаны әр сала мен аумақ бойынша есептегенде халық түгелдей қамтылады. Соған сәйкес, айына әлгі 20 мыңға жетер-жетпес жалақы алатындар да, миллиондап қаражат табатындар да бір шыбықпен айдалады. Орта есеп осыдан шығады.
Белгіленген орташа жалақы мөлшері 4,4 пайызға өскенімен, шындығында, қолға түсетін айлық керісінше, төмендей түсті. Оған себеп те жоқ емес: дағдарысқа байланысты тұтыну тауарлары бағасы аспандай түсті. Дәлірек айтқанда, былтырмен салыстырғанда, азық-түлік – 4,6 пайыз, ет өнімдері – 11,1 пайыз, ақылы қызмет 3,5 пайызға өскен. Сонымен бірге, тұрғын үй шаруашылығы шығындары да қымбаттай түскен. Ақысы жөнінен орталық жылу 7,3 пайыз, суық су 5,7 пайыз, газ 4,8 пайыз, ыстық су мен электр энергиясы 3,8 пайызға артқан. Маусымдық азық-түліктер арзандағанын да ескеру қажет. Мәселен, қияр 69,3 пайыз, қызанақ 45 пайыз, тәтті бұрыш бағалары 6,3 пайызға төмендеген.
Осы жылғы 1 қазаннан бастап Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің «Кедейлік деңгейін анықтау туралы» жарлығы күшіне енді. Заңға сәйкес, 1 қазаннан бері ең төменгі күнкөріс деңгейінің 40 пайызы, 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап 50 пайызы кедейлік шегі болатыны белгіленді. Қазақстандықтар өміріне риза ма? Осы сауал төңірегінде Статистика комитеті сауалнама жүргізген. Нәтижесінде, респонденттердің 56,5 пайызы қазіргі күнін қанағат тұтқан екен. Сондай-ақ қалалықтардан гөрі, ауыл тұрғындары «өмірімізге ризамыз» десіпті. Ер адамдар да әйелдерге қарағанда қанағатшыл секілді. Қаржы жағынан алып қарағанда, айлығы көңілінен шығатындардың үлесі – 20,4 пайыз. Сауалнамаға қатысушылардың 52,1 пайызы орташа табыс табамыз деп жауап берсе, тек 0,3 пайызы ғана жоғары жалақы алатынын көрсеткен. 2,6 пайызы болса, төменгі сатыдағы тұрғындар қатарындамыз деген. Қалағанымды сатып аламын дегендер – 35,2 пайыз, киім мен азық-түлікке жеткенімен, ұзақ уақыт қолданыста болатын тауарларды (теледидар, тоңазытқыш деген секілді) алуға жағдайым жетпейді деп жауап бергендердің үлесі – 31,4 пайыз. Сонымен бірге, ішім-жемге жалақысы жетпейтіндер – 3,8 пайыз. Елімізде әлеуметтік теңсіз ахуал барын жасыру мүмкін емес. Өйткені онсыз да аз айлықты қымбаттаған тауарға жұмсауға тура келеді. Орташадан жоғары жалақы алатындарға аса ауырлық сезіле қоймайды. Бұл екі арада кедей тұрғындарға салмақ түседі. Айталық, күнкөріс деңгейі төмен тұрғындардың тапқан-таянғандарының жартысы тек тамаққа кетеді. Ол сома жақсы табыс табатындар ақшасының 35,7 пайызына тең келеді екен. Дегенмен азық-түлікке жатпайтындар тауарларды кедейлеу тұрғындар аса ала бермейді. Мысалы, 2012-2013 жылдары ақшасының 30 пайызын осыған жұмсайтын болса, соңғы деректерге сәйкес 20,2 пайызын кетіретіні анықталды.
Ысыраптан ынсапқа қадам
Үнемдемеске амал да жоқ. Әр қиындықтың астарында жеңілдік яки жақсылық болады деген пәлсапаны бұған дейін бірнеше жерден естіген де боларсыз. Жағдайдың ауырлай түсуі – халықтың ысыраптан алыстап, үнемге жақындауына әсер етеді. Түрлі нәубет пен зұлматты бастан өткерсе де, дағдарыстан дағдармай келе жатқан қазақтың әлеуметтік ахуалына алаңдаймыз. Бейбіт күннің астында бақытты ғұмыр кешсе дейміз. Бірақ нарық заманында бір ғана тілек аздық етеді. Халықтың ауыр жағдайының салдарынан бірқатар қиындықтар да тууы ықтимал. Біріншіден, кедейлер ұрлыққа жақын келеді. Қолының сұғанағынан емес, амалдың жоқтығынан қылмысқа барады. Бұл – үлкен қауіп әрі ойланатын мәселе. Екіншіден, тұрмысы нашар адамның денсаулығы да құри бастайды. Демек, ұлттың саулығына нұқсан келеді. Дәрі алуға, дәрігерге қаралуға қаражаты жетпей, індетінен айықпастан қанша отандасымыз о дүниеге атанды. Кім біледі, бәлкім, көшеде үйсіз-күйсіз қаңғып жүрген қайыршылар жұқпалы дерт жұқтырып жүрген шығар. Олардың халін біліп жатқан бір жан бар ма өзі? Үшіншіден, кедей адам араққа салынып, жаман әдеттерге жақындай түседі. Рухани қажып, «қаржыны қайтсем жеткізем?» деп бас қатырудан шаршаған жан ақыры ішіп тынады. Төртіншіден, қоғамда негатив қаптайды. Үйде ақша жетіспеген соң, жүйке жұқара береді. Үкіметке «сенген сәулем, сен болсаң» деп назын айтады. Осылайша, әлеуметтік күйзеліс орын алады. Бесіншіден, білуге, үйренуге талпынатындар азаяды. Өйткені күнін әрең көріп отырған ата-ана баласына бар мүмкіндікті сыйлауға қауқарсыз. Ең берісі – оқу құралдарын түгел әпере алмауы ғажап емес. Бұған мектепке арналған киім, баланың күнделікті жол шығыны мен түскі асына берілуі керек ақшаны қосыңыз. Алтыншыдан, еңбекке қабілеттілердің ауылдан қалаға ағылуы да таразы басын теңестіруге мүмкіндік бермейді. Онсыз да жұмыссыздық қаптаған заманда саны одан әрмен көбейеді. Мұндай жағдайда халықты бақылауда ұстау қиындай түседі. Экономикасының негізі, шикізат секторы саналатын ел тұрғындары кедей болар болса, тұрақты даму туралы сөз қозғау қиын. Яғни, кедейі көп болған сайын, бәсекеге қабілетті әрі бай болу үрдісі кейінге шегеріле береді. Сондай-ақ нарық экономикасы дәуірінде бәрі бай болмаса да, мемлекетке қол жаймастан күн көре алатындар болуы шарт. Даму процесі осыдан кейін барып жүреді. Салыстырмалы түрде Қазақстан – орта деңгейде. Түңілудің тіптен қажеті жоқ. Бастысы – еңбек ету, бұйырған несібені берекелі жарату.
P.S.
Қанағат – асыл қасиет. Дегенмен адал еңбектің тиісті бағасын білу де маңызды. Демек, қанағаттың жөні осы екен деп бар базардан бас тартқан да болмас. Сол секілді, қолға түскенді бір сәтте айдалаға шашу да жөн емес. Тұрмысы нашардың бәрі қанағатшыл, байдың бәрі ашкөз бола қоймас. Мәселе тіптен ақшаның аз не көптігінде емес, отбасындағы береке-бірлікте. Аз ақшамен тату ғұмыр кешкенді де, көп қаражатты судай ағызғанды да көз көріп, құлақ естіп жүр. «Асқанға аспан да аласа» демекші, ынсапты ұмытпаған абзал. Қарттардың көп айтатын шүкірі еске түсті. Тәубеге келдік. Көкейде жаңа сауал тұр: Біз осы кедейміз бе, баймыз ба?
Жадыра АҚҚАЙЫР