Робототехникаға баулу бала жастан

ХХІ ғасыр – ақпарат пен жаңа технологиялар заманы. Сондықтан робототехникаға деген қызығушылық жыл сайын артып келеді. Расында, бүлдіршіндерді робототехникаға баулу, жастайынан бұл ілімнің негіздерін үйрету жағы әлі де кемшін түсіп келе жатқаны жасырын емес. Осы жайтты ескерген жас өрен Дастан Рахатов BOZBALA атауымен робототехниканы оқытуға арналған оқу құралы мен құрал-жабдықтары біріктірілген арнайы жинағын дайындады. Жаңа жоба Алматыда «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткен Zhastar Innovation – 2017 стартап жобалар байқауында үздік атанған болатын. Бүлдіршіндер үшін берері мол дүниемен танысып, өнертапқышпен тілдескен едік.
– Робототехникаға үйрету жинағы қандай бөлшектерден тұрады? Идея қайдан келді?
– Расында, бүгінгі заманда робот жасап, бұл саланың қыр-сырын білгісі келетін бүлдіршіндеріміз аз емес. Оған қатысты арнайы курстардың басым көпшілігі университет студенттеріне арналған немесе мектеп оқушыларына қолжетімді емес. Сондай-ақ кейбір талапты жастар интернет арқылы өз бетінше үйреніп жүргенін байқадық. Дегенмен интернеттегі бейнежазбалар арқылы бұл саланы толық әрі жан-жақты үйрене алмайды. Осының бәрін ескеріп, баланың өз бетінше оқып, робот жасап үйрететін теориялық ілімі мен тәжірибесі жүйеленген әдістемеліктің аса қажет екенін ұғындым. Университетте сабақ берген ұстазым Бейбіт Әмірғалиев деген кісі бұл бастамамды қолдап, жұмысты өткен жылы бірге бастап кеттік.
Біздің жинақ әдістемелік оқу құралынан және 100-ден астам сенсорлардан, радиоэлектронды бөлшектерден тұрады. Оқу құралы 3 бөлімге теория, тәжірибе және жобалар болып жіктелген. Теория бөлімінде оқушылар қарапайым физикалық заңдылықтармен таныс болады. Бұл заңдылықтарды қалай өмірде қолдануға болатыны түсіндірілген. 12 негізгі теориялық тақырыптар қамтылды. Екінші бөлім 12 тәжірибелік жұмысқа арналған. Бала жинаққа кіретін 100-ден астам сенсорлардың әрқайсысының ерекшеліктерін анықтап, таныс болады. Мысалы, жарықдиоды тақырыбы болса, оны өз қолымен ұстап көріп, кітаптан қалай, қай жағдайда пайдалануға болатынын оқып, үйренеді. Үшінші жобалар бөлімінде балалар алған білімдерін нақты іс жүзінде көрсетеді. 17 жоба жасау тапсырмасы беріледі. Ең қарапайым тапсырмалар бірте-бірте күрделене береді. Мәселен, ең алғашқы жобада балалар бағдаршам жасауы керек. Ол үшін үш түсті жарықдиодтар таңдалып, олардың кезек-кезек жануын жасауы қажет. Бұдан кейін пианино жасау тапсырмасы бар. Мұнда бала 7 түрлі бастырма таңдап алып, динамикті алады. Сол динамик арқылы әртүрлі ноталардың дыбысын шығаруға болады. Пианиноға ұқсату үшін әр бастырмаға әр нотаны код арқылы байланыстыру керек. Жинақтың ерекшелігі – бала теориялық білімі мен тәжірибені ұштастырады.
– Бұл жинақты мектеп оқушысы үшін лайықты етіп жасау қиындық туғызған жоқ па?
– Жалпы, бұл жинақты 2016 жылдың көктемінен бастап, түрлі сұрыптау, тексеру жұмыстарынан өткіздік. Жасаған дүниеміздің бала үшін қызықты әрі тиімді болғаны маңызды еді. American Corner ұйымында робототехника бойынша тегін курстар өткізіп, сынақ жасадық. Курс барысында кітап тілінің, ақпаратты жеткізу формасының бала үшін қаншалықты күрделі екенін анықтадық. Нәтижесінде, кейбір тақырыптарды оқушыларға түсінікті болу үшін өзгертіп, толықтырдық. Балаларға жасаған дүниеміз қызық екенін ұғынған соң ғана жинақты жарыққа шығардық.
BOZBALA деп атауымыз да бекер емес. Жинақ 12-14 жас аралығындағы балаларға арналған. Дәл осы жаста олар мектепте физика пәнін оқи бастайды. Біздің жинақ арқылы білімін жетілдіріп қана қоймай, радиоэлектроника, бағдарламалау саласындағы білімін жаңа деңгейге көтереді. Бір жинақпен әртүрлі салаларды қамтыдық. Бұған қоса, балаға арнайы логин мен пароль беріледі. Бала сайтымызға кіріп, қосымша бейнежазбалармен таныса алады. Сайтымызда жинақтан бөлек, 50-ден астам теориялық тақырыптар, тәжірибелік тапсырмалар мен 100-ден астам жаңа жобалар ұсынылады.
– Жинақ мектептер мен оқыту орталықтарында пайдаланыла бастады ма?
– Қазір біз екі оқу орталығымен серіктестік орнатып, жұмыс істеудеміз. Робототехника курсы бойынша дәріс оқимыз, жинағымызды қолданамыз. Бұл оқу орталықтары үшін үлкен мүмкіндіктерге жол ашылып отырғаны анық. Жаңа салаға бет бұрып келіп жатқан жастарымыз аз емес. Жуырда О.Жәутіков атындағы Республикалық физика-математика мектебінде робототехника кабинетін жинақтарымызбен қамтыдық. Сонымен қоса, мұнда арнайы курстар да өткіземіз.
Жобамызды бастаған кезде бізге Шеврон компаниясы демеушілік көрсетті. ІТ-университет арнайы кабинет бөліп, қолдады. Жуықта стартап жобалар байқауында Qadam intech қоғамдық қоры грантын ұтып алдық. Бұл – біздің жобамызды жаңа деңгейге көтеруге ықпал ететіні сөзсіз. Ел болашағы білім мен ғылымда десек, біз отандық ғылыми әлеуетті көтеруге өз үлесімізді тигізуді мақсат етеміз.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Ақбота ИСЛӘМБЕК