ЖАҢА БАҒДАР – ТЫҢ НАРЫҚ
Жуырда «Қазақстан теміржолы» ҰК» АҚ «Баку – Тбилиси – Карс» бағдарын жалғайтын қазақстандық пойыз Мерсинге жетті деген қуанышты хабар айтқан болатын. Бұл теміржол желісі Орталық Азия арқылы Қытай мен Еуропа арасында, сонымен қатар Иран, Парсы шығанағы елдеріне, Пәкістанға және Үндістанға тұрақты тауар тасымалдауға мүмкіндік береді.
Аталған жобаның Қызылорда облысы үшін орасан зор пайдасы болмақ. Өйткені Сыр өңірінің өнімдері жоғарыда аталған елдерге экспортталуда. Қазір ауыл шаруашылығы өнімдерін сату нарығын кеңейту бойынша жұмыстар атқарылуда. Тарқатып айтар болсақ, Қытайға жылына 5 мың тонна, Түркияға жылына 1 мың тонна және Иранға жылына 8 мың тонна күріш жіберу бойынша келіссөздер жүргізілген. Көп жылдардан бері қордаланып келген бақшалық дақылдар экспорты да қолға алынды.
Үкіметтің қолдауымен облыстың буферлік аймақтан шығуы малды экспорттауға мүмкіндік берді. Бүгінде тоқты-торымның алғашқы партиясы Иранға жөнелтілді. Жыл аяғына дейін аталған елге 10 мың бас қой экспортталады деп күтілуде. Болашақта экспортқа ет және ет өнімдерін шығару көзделіп отыр.
Аймақтың ауыл шаруашылығы саласының экспорттық әлеуетіне «Баку – Тбилиси – Карс» бағдары тың серпін берері сөзсіз. Мамандар бұл – бағдардың жылдық әлеуеті 10 миллион тонна жүк тасымалдауға жетеді деп болжап отыр. Олай болса, жаңа жоба аймақ әлеуетін арттыра түсуге септігін тигізері анық.
Нұрәли САҒАТ,
Қызылорда облысы