Дертке дауа «тәтті алтын»

1003
0
Бөлісу:

Алмалы қаланың тұрғындарына елімізде өндірілген балдан дәм тататын мүмкіндік тумақ. Өйткені қарашаның 24-26 аралығында «Алтын күз» атты бал фестивалі қала халқына құшақ жаяды. Елімізде алтыншы рет өткелі отырған фестиваль-жәрмеңке дәстүрлі шараға айналып үлгерді. Оның өтуіне ұйытқы болып отырғандар – әдеттегідей, Алматы қаласы Әуезов ауданы әкімшілігі мен «Бал-Ара» Қазақстан омарташыларының ұлттық одағы. Жәрмеңкені өткізудегі басты мақсат – Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы мен отандық өндірушіге демеу болу. Шараға Нұр Отан партиясы да қолдау көрсетіп отыр.

Алматы, Оңтүстік пен Солтүстік Қазақ­стан, Шығыс және Батыс Қазақстан, Жамбыл облыстарының омарташылары табиғи таза өнімдерін жұртшылыққа ұсынады. Ара өсіруші ағайындар алыс аймақтардан өз өнімдерін өткізуге ғана емес, қонақтарға балдың пайдасы туралы айтып, тәжірибелерімен бөлісуге келе жатыр. Фестиваль ел аумағындағы өндіру­ші­лерді түгел дерлік қамтитындық­тан, әр­кім өз талғамына сай тауар түрін кезік­ті­ре­ті­ні шүбәсіз. Жыл сайын «тәтті фестиваль» өткізуге бел шешіп кірісе кететін бал ара­сын бағушылардың кәсіби қауымдас­ты­ғы жәрмеңкедегі тауардың сапасына сын келмейтінін айтуда. Біздегі мамандар украин­дық, үндістандық және ресейлік әріп­тестерімен қатар әлемдегі ең үздік омарташылардың арасында 6-8-орын­дарды иемденіп отырады.

«Бал-Ара» одағының вице-президенті Ғ.Нұрәділдің айтуынша, тұтынушылар көп жағдайда алыпсатарлардың әрекетінен сапасыз әрі қымбат балды пайдалануға мәжбүр болады. Сол себепті, жәрмеңке есі­гі бал өнімдерін сатумен айналысатын дел­дал­дар үшін тарс жабық. Фестивальде қарапайым дүкендерде күнделікті кездесе бермейтін қою қарақұмық балын, түссіз келетін мамыргүл балын, түйе бұршақ, рапс және күнбағыс балдарын алуға болады. Одан өзге, омарташылар ұсынатын тозаң, балтозаң, прополис, ара аналығы­ның сүті, балауыз шамдары секілді басқа да өнімдерді кезіктіре аласыз. Ұйымдасты­ру­шы­лардың айтуынша, жәрмеңкеде саты­ла­тын өнімдер бөлшектік сауда алаңындағы бағадан әлдеқайда төмен болмақ.
Жәрмеңкеден бөлек, отандық бал сапа­сы мен басқа да түрлі тақырыптарды қам­ти­тын дөңгелек үстел ұйымдастыры­ла­ды. Оның ішінде нарық заманында бәсекеге қабілетті болудың жолдары да қарас­тырыл­мақ. Өйткені бүгінде тауар өткізу омарта шаруашылығының басты проблемасына айналып отыр. Бал өндіру секторының өміршеңдігі өнімді сатудың амал-тәсілде­рін жетік меңгеруге келіп тіреледі. Соны­мен бірге, ара өсірушілер бал және бал өнім­дерін тұтынуды жаппай насихаттау және омарташыларды дайындау мәсе­ле­ле­рін де талқылайды. Бүгінде мұндай кәсіп­пен айналысуға қандастарымыздың қы­зығу­­шылығы төмендігін жасырмаған Ғ.Нұрәділ Еуропада 60-қа жуық жасты осы ма­ман­дыққа тегін баулып жатқандарын айтып өтті. Олардың алғашқы легі қазір елімізде еңбек етіп те жатыр.
Вице-президенттің айтуынша, ел аза­мат­тарының бал тұтыну мөлшері өте төмен деңгейде.
– Орташа есеппен әрбір қазақстандық жылына 50 грамм бал және бал өнімдерін тұтынады. Бұл көрсеткішті үш есе көбейте алған күннің өзінде, ол өте төмен деп есеп­тел­ген болар еді. Негізі, медициналық нор­ма­ға сәйкес адам күніне 100 грамм бал пай­далануы қажет. Оның пайдасын әрбір қазақстандық білетін шығар. Бал – тек дәмі тіл үйірер тәтті тағам ғана емес, пай­далы әрі адам ағзасына қажетті өнім, – дейді Ғ.Нұрәділ.
«Күнделікті балды тұтынбасам, 90 жас­қа жетпес едім» деген Пифагордың өзін мойындатқан бұл тағам ерекше дәмі мен құндылығынан бөлек, көптеген аурулар­дың алдын алатын профилактика есебінде жү­ре­ді. Медицинаның атасы Авиценна да оның ас қорытуға және жас қалпын ұзақ сақ­тауға көмектесіп, сергектік сыйлай­ты­нын, есте сақтау қабілетін жақсартып, жөтелге ем болатынын айтқан. Одан бөлек, өкпе қабы­ну­ла­рын айтпағанда қан аздық пен шарша­ғыш­тық, іш қату секілді жиі кезде­се­тін ауруларға әселдің әсері ерекше. Ендеше, күнделікті тағам рационыңызды тағы бір қарап, оны пайдалы азық-түлік қорымен толықтырған абзал.

Кәмила Дүйсен

Бөлісу:

Пікір жазу


*