Қос майданда қайрат көрсеткен

1910
0
Бөлісу:

Ғасыр басындағы қазақ әдебиетінің әркелкілігін, ағымдардың пайда болып, өркендеуін, қаламгерлердің әдеби мұра қорына қосқан үлестерін анықтауда, әдебиеттің дамуына ерінбей еңбек еткен ғалымдарымыздың бірі майдангер ақын – Сағынғали Сейітов. Ол Кеңес дәуірі кезеңіндегі қазақ әдебиетінің түрлі мәселелерін өз еңбектеріне арқау етіп, ғылыми-зерттеушілік ізденісінде екі бағытты игерді: біріншісі – өз ақын-жазушыларымыздың поэзия, проза жанрларында жазылған шығармаларын халыққа танытуда әдеби-сын тұрғысынан талдау жасаса, екіншіден – басқа халықтар әдебиетінің қазақ әдебиетімен байланысын жан-жақты зерттеп, құнды ғылыми монографиялар, мақалалар жазды. Биыл туғанына 100 жыл толып отырған майдангер ақын, әдебиеттанушы-ғалымның туысқан халықтар әдебиетімен байланысы жайлы кейінгі буынның зерттеу еңбегі мен естелігін жариялап отырмыз. 

САҒЫНДЫРҒАН САҒЫНҒАЛИ АТА

Қазақстан Жазушылар одағы жанынан шығатын «Әдебиет айдыны» газетінде қызмет етіп жүргенде әр алуан авторлар мен одаққа мүше қаламгерлердің бірталайымен байланыста болдық. 2005 жылы жарық көрген газет бес жылдай үздіксіз шығып тұрды. Сол кезде ардагер ақсақалдарымыз Қасым Қайсенов, Сағынғали Сейітов, Әзілхан Нұр­шайықов, Қалмұқан Исабаев, Исабай Есқараев, Мұзафар Әлімбаев, Сапабек Әсіпұлы, Үсенбай Тастанбеков секілді Отан соғысы дәуіріндегі отты жылдарда жаңбырша жауған оқтың арасынан аман қалып, елге оралған ардагерлеріміздің қолын алып, лебізін естудің мүмкіндігіне ие болдық. Ардақты аталарымыздың дастарқан­дары­нан дәм татып, сырласып-сұхбаттасудың әлденеше мәрте орайына қол жеткізгенімізді өмірлік сабақ ретінде санамызға сақтадық. Ол кісі­лердің өз қолдарымен әкеліп берген материал­дарын қуана-қуана қабылдап, газет бетіне шығарғанымыз, отбасына барып, диктофонды алдына қойып, сұхбаттарын жазып алғанымыз күні бүгінгідей есімізде. Сол жылдар­дағы нөмірлерді парақтап қарағанымда, олардың іздері тасқа басылып сайрап жатыр. Сол асыл аға, ардақты әкелеріміздің бірі, өзі ғалым, өзі ақын, үлкен лауазымды қызметтер атқарған абыз ақсақалымыз Сағынғали Сейітов мен араласқан, шүйіркелесіп әңгіме­лескен жоғарыда аттарын атаған жақындарымның бірі дер едім. Бала кезімнен үлкендердің алдында тізесіне сүйеніп, әңгімелерін тыңдап өскен әдетіміздің бойдағы үйірсектігі бойын­ша, бұрын атын ғана естіп, атағына құмар болған абыздарымызды көрген­де иіліп сәлем беріп, қызметінде болып қалайық деп жүгіргеніміз шын еді.
Сағынғали Сейітов атаны бөліп алып айтып отырғаным – биыл ардагер атаның туғанына 100 жыл толыпты. Осыдан он жыл бұрынғы өмір бүгінде тарих қойнауына жылыстап шежіреге айналыпты.
Ажал апанының аузында алды бес жыл, арты екі жылдан сұрапыл соғыстың, сүркейлі күндердің азабын артқа тастап еліне, туған жеріне аман келген жоғарыдағы жауынгерлердің қаза болмай, қази болып жетуінің сыры Құдайға ғана белгілі хикмет. Олардың тірі жетіп, тік тұрып еңбек еткені, қаламын алып қалың-қалың кітаптар жазып, ұрпаққа ғибратты өсиет қалдырғаны, көркем шығармалар бергені бағасы биік тарту болғаны анық. Сол қатарда Сағынғали Сейітов атамыз да алпыс жыл бойы қолынан қаламын түсірмей ақ қағаз бен қара сияны серік еткені жалпыға белгілі. «Қырық жыл қырғын болса да ажалды өледі» деген рас екен, соғыстан соң 62 жыл өмір сүрді. Тұп-тура 90 жастың кезеңіне шыққан жылы дәм-тұзы таусылып, арамыздан мәңгілік сапарға аттанып еді, одан бері де шапқан аттай, атқан оқтай он жыл зу ете қалыпты.
Сағынғали атамызбен алғашқы танысуымыз кәдімгі телефоннан басталған. Редакцияға қоңырау шалып, керек адамын іздеген бір орайлы сәтте менімен сөйлесті. Өзінің кім екенін айтты, әрине, «мен сізді өте жақсы білемін» дедім сенімді түрде. «Онда өзің кімсің?» дейді арғы жақтағы қарт адам, жөнімді айттым. Одақтың қырық-елу жылдық мүшесі болған­дықтан бұйым­тайын айтып, шығар­масын ұсынатынын айтты. «Балам, менің көзім көрмей қалды, редакция­ларыңа бара алмаймын. Өлеңімді айтып отырамын, қызым қағазға түсіріп жазады. Сол жаңа шығармала­рымды қызым арқылы саған жіберіп тұрамын. «Айдынға» шығар!» деді, бұйымтайын тікесінен қайырып. «Жарайды, сіздікін бермегенде кімдікін береміз, жіберіңіз! деп телефон тұтқасын қойдым. Осылай басталған таныстық ары қарай жалғаса берді… Бір жылда ұзаса үш рет, болмаса екі рет өлеңін шығарып отырдық. Апталық газет болғандықтан көлемге шек­телетініміз де белгілі. Бірақ ақсақал былайынша, айына, кейде аптасына бір мәрте теле­фонмен сөйлесіп отыруды тоқтатпады. Одақтың айналасындағы жаңалық­тарды, қоғамдағы өзгерістерді, газеттің шы­ғарылымы жөнінде қызыға сұрап, құнттап тыңдайтын. Барынша өзімсін­ген атамыз екеуміз осылайша, «теле­фон туысқа» айналып кеттік. Бірде «біздің Оралда…» деп сырын айтып, ұзағынан қайырды, оралдық болсам несі бар, мұндай кісілердің інісіне, тіпті баласына айналу басымызға бір келетін бақыт шығар дейтінмін. Қашан тілден қалып, дүниеден өткенше осылай сөйлесіп отырдық.
Сондай күндердің бірінде «Сүйе де, сүйдіре де біледі олар…» деген топтама өлеңдерін жіберіпті. Мариям Мұқановаға, София Баймақановаға және асыл жары Ғайниға арнаған үш өлеңін бірден газетке шығардық. Құдай қосқан қосағы өзінен бұрын дүниеден өткенде езіліп, егіліп жоқтап жазған жырында мынадай шумақтар бар:

«Қатар қаққан қанатын,
Сыңарымнан айырылдым.
Жанымда маздап жанатын,
Шырағымнан айырылдым.

Назды, нәзік ақ ерке,
Әнімнен де айырылдым.
Секілденген жаз ерке,
Сәнімнен де айырылдым».

9-мамыр – Жеңіс күніне арналған санымызға пікірін жолдап, ойын ортаға салып, «Бүгінгі жас ұрпағымыз­дың санасында өшпестей із қалдыра алсақ, одан асқан жақсылықты іс-шара болмас еді. Болашағымыз немере-шөберелеріміз бейбіт өмір сүрсін! Аспандары ашық болсын!» деп тұ­жырыпты сөз соңын. Сол 2005 жылдың келесі сандарының біріне Беларусь Республикасының Прези­денті Александр Лукашенконың ата­мызға арнайы жолдаған құттықтауын берген екенбіз, онда: «Өз өмірін өлімге байлап, Отанымызды жаудан қорғаған жандар­ды біз ешқашан ұмытпаймыз. Олар мәңгі есімізде» делініпті. Осы арнайы бетке
С.Сейітовтің «Екінші Беларусь майданы» және «Ер есімі мәңгілік» деген екі толғауын қоса жариялаппыз. Келесі жылғы санына атаның 90-ға аман-есен жеткенімен құттықтап, мерейтойына арналған үлкен екі беттік «Ақын мен ардың ардагері» атты мақаланы салған екенбіз. Авторы – филология ғылым­дарының кандидаты, доцент Асылжан Бәзілжан. Шілдедегі нөмірімізге «Жанды қозғап, ойды ояту борышым» деген атпен топтамасын толық бетке жария етіппіз.

«Атадан қалған мол мұра,
Әр үйде бір-бір домбыра.
Босамасын ішегі,
Құлағын күйге оң бұра.
Тыңдасын оны ой мен қыр,
Тыңдасын оны дөң-жыра.
Тартшы қалқам бір күйді,
Көкейіне қондыра.
Сөйле-сөйле шешіле,
Шежіре, шешен домбыра!

***
Жанды қозғап, ойды ояту борышым,
Дүниеге келгендеймін сол үшін.
Сырлы сөзге құлақ түріп, әлеумет,
Тапсын деймін, көңіліңнің өрісін!» – деп жырлаған, тоқсанның өлеңін өмірге әкелгенінің куәсі болдық.
«Әдебиет айдыны» газетінің «100-саны» жарық көргенде ақ тілеулі жүрек сөзін арнапты. Онда: «Газет әр алуан тақырыпты көрсетіп, авторлар тобы­ның дүниелерімен ғана шектелмей, редакциядағы жігіттердің журналистік ізденістерін айқын қолтаңбасымен үзбей жариялап келеді. Ұлттық рухты көтеру жағынан айтылған пікірлер өткірде өтімді» деп түйіпті. Бір қызығы, дәл осы бетте Ә.Нұршайықов, М.Әлімбаев,
Ү.Тастан­беков төртеуі қатар тұр. Содан көп ұзамай 2007 жылдың ақпан айында атамыз Сағынғали ақсақал да қайтпас сапарға аттаныпты. Қазанаманың қатарында қимас жандардың те­біреніске толы жоқтауларын, көңіл айтуларын беріп, майдангер ақын досы, Қазақстанның халық жазушысы Қалижан Бекхожиннің 1944 жылы майданда жазылған «Капитан Сейітов» жырымен нүктесін қойған екенбіз. Ол жырда:

«Бозбала еді сызылған,
Үлкейген ол кісідей.
Аздап түсі суыған,
Бетіне дақ түсірмей.

Айырылыстық екеуміз,
Құшақтастық сүйістік.
Қоштасқандай жігіт-қыз,
Әрең зорға қиыстық» – депті. Сағындырған жылдар Сағынғали атамызды біртіндеп алыстатып барады екен… Апта құрғатпай телефонда сөйлесе-сөйлесе ата мен баладай болып кеткен біздер бір-бірімізді «алло» деген алғашқы дыбыстан тани кететін едік. Дауысы сондай жұмсақ, мақпал майда. Құлаққа жағымды, іші-бауырыңды жылытып, елжіретіп жібе­ретін сүйіспеншілікке толы болатын. Зәуде тұтқаны басқа қызметкерлер ала қалса, «Дәу аға, атаңыз звондап тұр» деп мені шақыра қоятын. Иә, менің сондай аталарым бар еді. Қазір де Мұзафар ата, Үсенбай аталармен барыс-келіс жасап тұрамыз. «Бірі мініп келместің кемесіне, Бірі күтіп, әнеки, жағада тұр» деп Мұқағали айтқандай өтпелі өмір өзекті пендеге бір өлімнің бар екенін ескертуден жаңылған емес. Сардар ұл, сарабдал ақсақалдың туғанына 100 жыл толыпты. «Ғалымның хаты, жақсының аты қалады» дегендей жайсаң жандар ғасырдан ғасырға осылайша, көше бермек.

Дәулетбек БАЙТҰРСЫНҰЛЫ,
ақын

КЕҢЕС ДӘУІРІНДЕ «ПАЙҒАМБАРДАН» БАСТАП СӨЗ ЕТКЕН

Бүгінгі күні Елбасы Н.Назарбаев ұлттық рухани мұрамызды әлемге танытуға айрықша мән беріп отыр. Мұның өзі «Мәңгілік ел» идеясы аясында да өз еліңнің ұлттық мұра­ларын басқа халықтарға танытумен сабақтас. Міне, ел дамуындағы үш дәуірдің куәсі болған ғалым Сағынғали Сейітов осы мәселені өткен ғасырдың басында-ақ, әдебиет майданына ара­ласқан күннен бастап, қолға алғаны және сол жолда көз майы таусылғанша өмірінің соңына дейін тынбай еңбек еткені – ұрпаққа айтылуы тиіс өнегелі өмір. Бар ғұмырын ақ қағазға үңілумен өткізген ғалым-ақын ұлттық әдебие­тімізді зерттеуде адал іс атқарған. Өз ісіне жоғары талаппен, аса ыждаһат­тылықпен қара­ғаны байқалады. Ғалымның жеке мұрағатында сақтал­ған мақалалар таза, ұқып­тылықпен жиналған, хронология­лық тәртіппен реттелгенін көрдік.Тіпті соғыстың отты, өртті даласынан да аман алып келіп, қастерлеп ұстаған құнды жәдігерлер – майдан газеттерін де таптық. Қаламын қолынан тастамаған абыз ақын терең біліммен, орасан еңбекпен, адал жүрекпен туған әдебиетіне мол мұра қалдырды. Мұны біз әр еңбегінен байқадық.
Ғалым Сағынғали Сейітовтің халықтар достығы мен еларалық шығармашылық байланыстар туралы жазылған жеке монографиялары, мақалалары көп дедік. Қарымды қаламгердің артына қалдырған мұрасы саны жағынан да, сапа тұрғысынан да құнды дүниелерге толы. Солардың бірі – «Пушкин лирикасын қазақ тіліне аудару дәстүрі» атты зерттеу еңбегі. Бұл еңбек 1985 жылы «Ғылым» баспасынан жарық көрді. Көлемі – 163 бет. Мұнда А.Пуш­киннің лирикалық шығармала­рын ана тілімізге аударудың бір ғасырдай уақыт ішінде қалып­тасқан, дамыған дәстүрлері ғылыми тұрғыдан қарас­тырылады. Көркем аударманың көр­кемдік деңгейіне, теориялық мәсе­лелеріне талдау жасайды. «Әлемдік әдебиет өкілі А.Пушкин мұрасын қазақ ақындарының әр кезде қалай игергені, жұртшылық кәдесіне жаратуға қандай күш жұмсағаны, жеткен межелері, ала алмаған асулары туралы ауқымды әңгіме қозғауды қажет деп таптық. Осының өзінде біз ақынның поэзиялық шығармаларын тұтас алмай, тек лирикасына тоқталуды мақұл көр­дік,–дейді ол. Ғалым А.Пушкин­нің лири­калық шығар­маларының таңдаулы­ларын ғана іріктеп алып, жан-жақты сараптайды. Пушкин шығармашылы­ғына тоқталмай өткен қазақ қалам­герлері сирек. С.Сейітов солардың бірсыпы­расына шолу жүргізеді. Оның үстіне, бір өлеңнің әр жылдардағы бірнеше аудармасын жіті қарастырып, өзара салыстыру, алдыңғы аудармаға қарағанда соң­ғысында түпнұсқаның қандай дәрежеде игерілгенін анықтау – айтуға ғана оңай шаруа. «Инемен құдық қазғандай» көздің майын тауыса, тер төккен ғалым шын мәніндегі мағыналы, әрі бағалы еңбек жазғанын мойындау лазым.
Зерттеуші Пушкинге неге тоқталды? Оның бірнеше себептері бар. Солардың ішінде бастысы – Пушкиннің қазақ топырағына жақындығы. С.Сейітов мына мәселелерді атап өтеді: біріншіден, Пушкиннің қазақ жерінде болуы, қазақ халқының тұрмыс-тіршілігімен танысуы, оның мәдениетіне ыстық ықылас білдіруі болса, екінші – 1823-24 жылдары Одессада айдауда жүрген кезінде әйгілі шығыстанушы
А. Левшинмен достасып, қазақ елінің тұрмыс қалпы, әдет-ғұрпы жайында ұғым-түсінігін тереңдетіп, алған әсерін молайта түседі. 1933 жылы Пушкин атышулы Пугачев қозғалысы болған жер­лерді өз көзімен көру, болашақ кітабына материалдар жинау мақсаты­мен Орынбор өлкесіне, одан Батыс Қазақстанға, Орал қаласына келеді. Сол жылдың 21-23 қыркүйегінде Оралда болып, Жайық жағасындағы қаланы аралайды. Осы сапарында А.Пушкин «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырын естіп, қатты қызыққан. Жолсеріктеріне жырдың желісін жаздырып алған. Сонымен қатар ұлы орыс ақынын мәдениетіміз бен әдебиетіміздің шыңы Абайдың өзі де аударып, ұлтымыздың рухани баюына зор ықпал еткені мәлім. Ғалым: «Пушкин поэзиясының ана тілімізге аударылуы әдебиетіміздің қорын байытып қана қойған жоқ, сонымен бірге, ақындарымыз үшін үлкен шеберлік мектебіне айналды. Оның лирикалары мен поэмаларын аудару поэзиямыздың тынысын кеңейтті, көркемдік дүниесін байытты, өз топырағымызда бұрын-соңды кездесіп көрмеген жаңа суреттеу құралдарын табуымызға көмектесті» деп А.Пушкин шығармаларының қазақ тіліне ғана емес, басқа да туысқан халықтар тілінде аударылғанын сана­малай емес, салыстыра сипаттайды. Мысалы, украин тіліне «Құзғынға құзғын кездесті» («Ворон к ворону летит»), өлеңі 1830 жылы, «Полтава» поэмасы 1836 жылы ақынның тірі кезінде аударылғаны, ал «Евгений Онегин» романының бірінші тарауын П.Грабовский 1831жылы Иркутск түр­месінде отырған кезінде аударғанын айтады. «Пайғамбар», «Бұлбұл», «Бұлт» өлеңдері армян тілінде 1843 жылы жарық көрсе, грузиннің әйгілі ақыны Илья Чавчавадзе «Пайғам­барды» 1857 жылы аударғанын атап көрсетеді. Әзір­байжанда Пушкиннің шығармалары алғаш 1880-81 жылдардан бастап аударыла бастайды. Татарстан жұртшылығы 1899 жылы «Бақшасарай фонтаны», 1901 жылы «Балықшы мен балық туралы ертегіні» тәржімалады. Қазақ әдебиеті тарихында Пушкинді аудару ұлы Абайдан (1887-1889) басталады. Ол дүниежүзілік әдебиеттің асыл ескерткіші «Евгений Онегинді» қазақша сөйлетті. Осы шығармалардың аударылуы туысқан халықтар әдебиетінің ортақ рухани байланысын таныта отырып, әлемдік әдебиеттің көшіне бет бұрғандығын байқатады. Қазақ әдебиетінде аударма саласы ұлы Абайдан бастау алатыны сөзсіз. Осы еңбекте де С.Сейітов Абай аударма­сының көркемдік сипаты мен нәрлі сөз айшықтарының оқырманды баурап алатын сиқырлы әсерін терең, әрі дәйекті дәлелдейді. Автор Абай аудармаларының тағылым аларлық өнегесі мен еркін аудармада да поэзия қасиетін берік сақтағанын көрсетеді. Абай оқымаған, сауаты кенде қауым­ның ыңғайына бейімделмей, әсіресе, жастарды өресі биік, өрісі кең, мәде­ниетті поэзия үлгісіне қарай жетелейді. Зерттеуші Абайдың жас өрендерді тәрбиелеп,ойын өсіріп, әлемдік әдебиеттің ірі туындыларын түсіну дәрежесіне жеткізудегі мақсатын танытуға тырысады. Абайдан кейін Б.Өтетілеуовтің «Жиған-терген» жинағында А.Пушкиннің «Көктемнің келуі», «Жүрсем де қай ортада, қайсы жақта» деген екі өлеңі аударылды. Мұнда ол Б.Өтетілеуовтің түпнұсқадан пәлендей ауытқымай, ақындық ойды сол күйінде жеткізуге тырысқандығын айта келе, Абайдан кейінгі Пушкин шығар­маларын аударған қаламгер­лердің шығармаларын салыстыра сипаттайды. Мысалы, 1915 жылы «Айқап» журналының 4-санында «Пайғамбар» өлеңінің қазақша аудар­масы жарық көреді. Оны тәржімалаған сол кездегі 19 жасар жас ақын – Қошке Кемеңгерұлы. Зерт­теуші: «Қ.Кемең­геров «Пайғам­бардың» желісін бұзбай, лұғатын, көр­кемдік суреттеу құралдарын қалпынан айнытпай түсіруге тырысқан. Түпнұсқаның рухын ұғынып, көп­шілікке түсінікті, оқуға жеңіл болар деген ниетпен ол кәдімгі 11 буынды,
4 жолды өлең формасын таңдап алған. Тәржіманың тілі жатық, сөз кестесі әжептәуір», – дей келе, тәржіманың осал тұстарын да дөп басып көрсетеді. «Ақынның «Глаголом жги сердца людей» деп келетін ең мықты, ең негізгі түйінін жеріне жеткізе айта алмаған. Әсіресе, «күйдір» сөзі күшті де, дәл де емес. Ол «жандыр» мағына­сында алынса, әлдеқайда мағыналы болатын еді. Тәржіманың елеулі міні: кейбір тармақтардың түпнұсқадан алыстап кетуінде. Мәселен, төртінші шумақтың алғашқы екі тармағы орысшадағы: «И дальней лозы прозябане» сөзінен басқашалау – «Сай-сайды өрлеп біткен бала қайың, Толықсып гүлденгенін күн-күн сайын» болып шыққан. Осындай ауытқулары­на қарамастан Пушкиннің ең бір күрделі де көрікті шығармасы «Пай­ғамбар» тұңғыш рет ана тілімізге тәржімаланып, орыс поэзиясын насихаттау, оның жанды мұрасын игеру бағытындағы ортақ іске азды-көпті себін тигізді» дейді.
Әдеби байланыстар рухани саланың әлемдік деңгейін танытатыны ақиқат. «Әлем әдебиеті» деген ұғымды алғаш Гете енгізгенде 1827 жылы 15 қаңтарда ұлы ақын күнделігіне «Француз және әлем әдебиеті туралы айтып жаздырдым» деген қолтаңба қалдырады. Жер бетін мекендеген жүздеген, мыңдаған халықтардың рухани қазынасымен танысып, оның игілігін өз халқыңа көрсетуге жарасаң, ғалым үшін одан асқан бақыт болар ма? Қазақ әдебиетінде осы бағытта талмай еңбек еткен, шығармашылық еңбегінің ауқымды бөлігін арнаған, жан-жақты зерттеген ғалым – Сағынғали Сейітов болды. Әдебиет пен мәдениет достығында шекара жоқ. Рухани дүниені танытатын кез келген көркем туынды қай елдікі болса да биік талғам мен терең сезім, талмас еңбектің нәтижесінде жарық көреді. Ғалым оны түсінуге ұмтылып қана қоймайды, талдап түсіндіреді, өз ұлтының келешегі үшін үлгі тұтып, жұрттың жақсысынан үйренуге жол ашады. Мерейлі 100 жылдық тойында атамыздың әдебиетке қосқан мол мұрасын халық игілігіне жаратуға тырыстық. С.Сейітов зерттеулеріндегі халықтар әдебиетінің байланысы барша халықтың ортақ құндылықтары арқылы жүректерді жылытатын, қуантатын қасиетті мұраларымыз екенін ұрпағы­мызға айтқымыз келеді. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі шығармалары, сондай-ақ Алаш көсемдерінің тәржімалары туралы құнды мақалалары өз алдына жеке зерттеулерді қажет етеді. Әдебиетке қызығатын жастарға Сағынғали әлемі ашылмаған тың деректерге толы, майдангер-ақын, ғалым атамыздың ұрпағына қалдырған мұралары ескерусіз қалмай, насихатталса дейміз.
Жанна ӘДІЛХАНОВА,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың аға оқытушысы,
С.Сейітов мұрасын зерттеуші

 

Бетті дайындаған Төреғали ТӘШЕН

Бөлісу:

Пікір жазу


*