Экспорт төңірегіндегі мың сауал

1143
0
Бөлісу:

Бір күн бұрын елдің инвестиция мен экономика саласына жауапты қос министрі үкімет отырысында кеңінен көсіліп, елдегі экспорттың ахуалы туралы баяндама жасаған. Сөздерінен ұққанымыз – сыртқа тауар сату былай, жақсы дамып келе жатыр, бірақ «Па, шіркін!» дегізетіндей деңгейде емес. Бірі миллиардтаған долларға келісім жасастық десе, бірі экспорт саясаты әлі ақсап тұр деп айтып қалды. Қай-қайсының да сөзінің жаны бар, тек тарқатып айту ғана қалып тұр. Айтпақшы, «жаңалықтың жақсысынан бастайын ба, әлде жаманынан ба?» деген сөз бар еді ғой… Дегеніңіз болсын, жағымдысы жайлы айтайық алдымен.

52-орын. Иә, экспорттау көрсеткіші бойын­ша осы сатыда қонақтап отырмыз қазір. Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбектің сөзін тыңдасақ, пәленінші орын дегеніңнің өзі маңызды емес пе деп қаласың. Айтуынша, шетелде біздің отандық тамақтану өнімдеріне сұраныс көп екен. Бұл категория бойынша экспорт 2 млрд долларды құрайды. Сал­маққа салсақ 145 млн тонна өнім сыртқа жөнелтілген. Ет пен құс шаруашылығы өнімдерін тиеген әуе кемелері де Ауғанстан, БАӘ, Иран елдеріне қарай самғап үлгеріпті.

Қазір еліміз өңдеуші сектордағы 800-ден астам тауар түрін әлемнің 113 еліне экспорттайды. Түртіп қалсақ болды уран, титан, ферроқорытпа, сары фосфор эле­менттерінің ытқып шығуының арқасында, экспортымыз тепе-теңдігін жоғалтпай келеді. Соңғы 5 жылдағы алыс-берісті сара­ласақ, экспортқа жіберілген өнімдердің үштен бірі экономиканың шикізаттық емес саласына тиесілі болып шыққан. Бұл елдегі экспорт саясаты сапасының көтерілгенінен деп санайды министр. Ведомство басшы­сының айтуындағы «жып-жылы» нәти­желер мұнымен түгесілмейді. 2017 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша өңдел­ген тауар экспорты 22 пайызға артып, 11,1 млрд долларды құраған. Мұнай, пропан, бутан, цинк өнімдеріне де сұраныс өсе түскен. Өңделген тауар экспорттың жалпы көлемінің 32 пайызын еншілепті. Сонымен қатар Қазақстан алғаш рет Түркіменстан, Тәжікстан, Әзірбайжан, Қырғызстан елдеріне электровоз бен тепловоздар, Қы­тай, Өзбекстан, Қырғызстанға автокөліктер аттандыра бастады. Отандық өндірістен шыққан трансформаторларды да сыртқа сату 60 пайызға ұлғайған. Қызығы сол, енді біз жасаған дәрі-дәрмекті Моңғолия мен Вьетнамның бас ауырып, балтыры сызда­ған тұрғындары да қолдана бастамақ. Дәрі нарығындағы экспорт 34 пайыздық меже­ден асып түсіпті.
– Ресей, Орталық Азия және Қытай елі­міз­дің отандық өнімдерін өткізетін бас­ты нарық болып қала береді. Жыл басынан бері Ресейде тек қазақстандық өнімдерді саудалайтын 20-ға жуық дүкен ашылып, 10 млн доллардың келісімі жасалды, – деді Инвестициялар және даму министрі.
Қазіргі кезде Қытаймен 2,5 млрд дол­лар­дың өнімін экспорттау туралы келісім жүр­­гі­зілген. Оның 123 миллионы дайын өнім­­дерге тиесілі. Әңгіменің басында айтқан «жақ­сы» жаңалыққа осы жерден нүкте қойсақ.
6 айда қазақ тілін үйренемін деген уәде­сін ұмытып қалса да, Тимур Сүлейменов ел экономикасына келгенде талапшыл екен. Ұлттық экономика министрі кәсіпкер­лердің қателігін бетке айтып, KazakhExport компаниясын да сынап салды. Министрдің сөзінше, бизнесмендеріміз экспорт нары­ғына етене араласа алмай, KazakhExport бірыңғай экспорттық терезе аясында лайық­ты жұмыс атқара алмай отыр екен.
– Бізде ішкі бәсеке тым төмен. Мысалы, талдау жасай отыра Беларусь Республи­касына 47 экспорттық позиция бойынша ұсыныс білдірдік. Бірақ қазақстандық кәсіпорындар тарапынан 39 экспорттық позиция бойынша ешқандай ұсыныс болған жоқ. Мүлде! Тек 8-і ғана құлықты болды экспорттауға. Сол себепті, бірінші ке­зекте қазақстандық кәсіпорындар ара­сында ішкі бәсеке мен сапаны көтеру керек, – деді министр.
Сүлейменовтің сөзінен түсінгеніміз елімізде ЖІӨ-нің 0,2-0,3 пайызы ғана экспортты қолдауға жұмсалады. Кей ел­дерде бұл көрсеткіш 4-5 пайыз. Ішкі қор­дың, тауар мен өнім көлемінің жеткіліксіз болуы экспорттық әлеуеттің әлсізденуіне соқтырып отыр.
– 52-орын айтарлықтай мақтанарлық нә­тиже емес. Дегенмен біздің экспорттық әлеуетіміз тікелей шикізат пен көмірсутекке тәуелді екенін ескерсек, бұл қалыпты құ­былыс шығар, бәлкім. Мейлінше, шикі­заттық емес өнімдерді көбейтуге күш са­луға тиіспіз. Министр Тимур Сүлейменов­тің пікі­рі­мен келісемін, бізде орта бизнес сегменті өнімдерін қайда апаруды білмейді, ақпарат жоқтың қасы. Бұл үшін арнайы ақпа­раттық платформа құрып, ол жерде өзге елдердің нарығы және сауда саласын­дағы нормативтік базасы туралы ақпараттар шы­ғып отыруы керек. Қазір кім ақпаратты көп біледі, соның бәсекеге қабілеттілігі жоғары. Кәсіпкерлер ештеңеден бейхабар болса, нарық көшіне де ілесе алмайды, – деді пікір білдірген экономист Арман Бай­ғанов.
Елімізде KazakhExport компаниясы биыл жұмыс бастады. Жеңіс Қасымбек мекемені құрып, «сен экспортты дамытып, экспорттық келісімдерді сақтандырып, ел-жұртты ақпараттандыруға тиіссің» деп қыста айтқаны есімізде. Министр Тимур Сүлейменовтің жоғарыдағы «дұрыс жұ­мыс істемеді…» деп сынға алып отырғаны да осы мекеме. Бірақ кім өзін «иә, мен жа­ман едім» десін. KazakhExport та ми­нистрдің сөзіне жауап қатты.
– Өз мақсатын жүзеге асыру үшін ком­пания 2014-2023 жылдарға арналған страте­гиялық бағыт негізінде жұмыс ат­қарып жатыр. Біз бірінші кезекте қазақ­стандық экспорттаушыларға қаржылық-сақтандыру қолдауын көрсетеміз. Одан кейін қаржылық емес қолдаулар да қарас­тырылған. Үшіншісі – қайта сақтандыру. Сонымен қатар Digital Baiterek цифрлық платформасы аясында «Ортақ терезе» құру жоспарланып отыр. Осының арқасында бүкіл мемлекеттік қолдауды біріктіре оты­рып, біз отандық экспорттаушыларға кең көлемді қолдау көрсете алар едік. Әзірге барлық кәсіпкерлерді «Даму» қоры және Ұлттық кәсіпкерлер палатасы арқылы ақпа­рат­тандырып жатырмыз, – делінген компанияның бізге берген ресми хабар­ламасында.
Компанияның келер шақта сөйлегеніне қарап-ақ «бірыңғай ортақ экспорттық терезені» әлі құрмағанын аңдаймыз. Сонда бұл компания қыстан бері не бітірген дегің де келіп кетеді. Министрдің де күйіп-пісе­тіні осы болса керек.

Абай АЙМАҒАМБЕТ

Бөлісу:

Пікір жазу


*