Жаңа банкнот шықты

988
0
Бөлісу:

Ұлттық банк 22 қарашадан бастап номиналдық құны 500 теңгелік жаңа банкнотты қолданысқа енгізді. Дизайны айналыстағы «Қазақ елі» сериясының бірыңғай стилімен орындалған банкноттың өлшемі еш өзгермеген. Ақшаның басым түсі – баяғыша көк және көгілдір. Бетінде «Қазақ елі» монументі мен ұшып бара жатқан көгершіндердің бейнесі тігінен түскен, ал келесі жағында Каспий теңізі мен Қазақстан картасының көлденең бейнесі бар. 

Баспасөз конференциясы аясын­да журналистердің сұра­ғына жауап берген Бас банктің төрағасы Данияр Ақышев жаңа банкноттағы жазбалар неліктен латын қарпінде таңбаланбағанын түсіндіріп берді.

– Бұл банкнотты шығару жұ­мыстары, яғни дизайнын нақ­тылау мен өндіріс процесі 2015 жылда басталған еді. Осыған байланысты жаңа купюрадағы мемлекеттік тілде жазылған жаз­балар кириллицамен таңбалан­ған. Жалпы, банкноттарды шы­ғару – өте ұзақ процесс. Сон­дық­тан процесс барысында өзгерістер енгізу мүмкін емес, – дейді ол.
Ескі үлгідегі 500 теңге де – заңды төлем жасау құралы. Сол себепті, бұл банкнот та 2020 жылдың 10 маусымына дейін барлық аударымдар мен төлем қабылдау кезінде міндетті түрде қабылдануы тиіс. Бірақ Ұлттық банк төрағасы ескі дизайндағы банкноттардың белгіленген уақытқа дейін өзі-ақ табиғи жол­мен қолданыстан шығып қала­тынын жеткізді. Әзірге олардың жаппай қолданысқа енуіне бір­шама уақыт қажет. Себебі, банк­тер банкоматтар мен касса аппа­рат­­тарын қалыпқа келтіреді. Данияр Ақышевтың мәлімдеме­сінен кейін жаңа купюралар ресми күшіне енгендіктен БАҚ өкілдері жаңа 500 теңгені алғаш рет пайдаланып көруге мүмкіндік алды.
Ұлттық банк төрағасы жаңа банкноттарды таныстырмас бұ­рын қаржы нарығындағы ахуалға тоқталып өткен еді. Оның ай­туын­ша, жылдық инфляция 6-8 пайыздық нысаналы дәліз ше­гінде қалып, 7,7 пайыз деңгейінде тұрақтаған.
Еліміздегі бас банктің ха­лықара­лық резервтері болса 31,8 млрд теңгеге жеткен. Ұлттық қор­дың шетел валютасындағы актив­терін қосқанда қазан айының соңында елдің жалпы халықара­лық резервтері 88,1 млрд АҚШ долларына теңескен. Бұл – ІЖӨ-нің 58 пайызы.
Валюта нарығына қатысты Данияр Ақышев теңгенің соңғы бір айда 1,9 нығайғанын айтты.
– Қазір апта сайын ресми сай­тымызда дамушы елдердегі валю­та курсын жариялап отыр­мыз. Өйткені қоғам валюта айырбастау курсы тек Қазақстанда немесе бізге көршілес мемлекеттерде ғана емес, сонымен бірге, ашық экономика принципін ұстанатын басқа да шикізатқа тәуелді дамушы нарықтарда да өзгеріп отыратынын білуі тиіс. Мұндай ауытқулар дамушы нарық үшін қалыпты жағдай, – деді ол.
Жақында биржа нарығынан тыс жасалған көлемі ауқымды валюталық келісімдер туралы сөз болды. Биыл қаңтар – қазан ай­ла­рында биржадан тыс операция­лар арқылы сатып алынған дол­лар көлемі 97,4 миллиардқа жет­кен. Бұл – биржадағы саудадан 3,5 есеге жоғары. Тіпті осы мә­селе­ге қатысты мәжілісмен А.Жамалов та депутаттық сауал жолдаған еді. Ұлттық банктің басшысы мұны да назарынан тыс қалдырған жоқ.
– Биржадан тыс жасалатын сау­даның 82 пайызы, яғни 80 млрд доллар көлеміндегі қаражат бір ғана операцияға тиесілі. Өйт­кені күн сайын кешке еліміздегі шетелдік банктің еншілесі Қазақ­стан аумағынан тыс орналасқан бас банкі арқылы жеке капиталын валюталық тәуекелден сақтау мақсатында, шетелдік валютаны сату және сатып алу операция­ларын (валюталық тәуекелді хеджирлеу) жүргізеді. Бұл бір ғана банктің ішкі операциясы болып есептелгенімен, әдіснамаға сәй­кес биржадан тыс жасалатын сауда статистикасында көрсетілуі тиіс. Сондықтан бұл жерде валю­талық реттеуге қатысты ешқандай астыртын әрекет жоқ, – деді ол.
Мүмкіндікті қалт жібермейтін БАҚ өкілдері бас банкирден не­лік­тен мұнай бағасының қым­бат­тағаны ұлттық валюта құнының артуына әсер етпейтінін білмек болды. «Қазақстанға келіп жатқан экспорттық түсім көбейсе, теңге­нің де құны артады. Мұнай баға­сының өзгеруі әр секунд сайын экспорттық түсімге әсер ете ал­майды. Мысалы, егер фьючерске сәйкес мұнай белгілі бір бағамен саудаланып жатса, оның пайдасы үш ай немесе одан көп уақыттан кейін ғана түседі. Көпшілігі мұнай бағасының қымбаттағаны ұлттық валютаға да бірден әсер етуі керек деп ой­лай­ды» дейді Да­нияр Ақышев. Оның айтуынша, кейбіреулер, тіпті мұнай мен теңгені бай­ла­ныс­тыратын мате­матикалық формулаға сүйенетін көрінеді. ҰБ төрағасы «Өкінішке қарай, валю­та айырбастау курсы ешқандай математикалық фор­мулаға сай қалыптаспайды. Егер кез келген сарапшыдан «еуро, доллар немесе британ фунты­ның курсы қандай бо­лады?» деп сұрасаңыз, дамыған елдердің эко­номикалық қарым-қатынас­тары тұрақты екендігіне қара­мастан, солардың ешбірі де 100 пайыздық нақты болжам айта алмайды» деп сендірді.

Кәмила ДҮЙСЕН

Бөлісу:

Пікір жазу


*