РИМДІ РОМА ДЕП ЖАЗУ КЕРЕК

1132
0
Бөлісу:

Астанада «Мемлекеттік тілді латын әліпбиіне көшірудің келешегі мен артықшылығы» деген тақырыпта дөңгелек үстел отырысы өтті. Ш.Шаяхметов атындағы Тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығының директоры Ербол Тілешев елордалық журналистерге мән-жайды түсіндіріп берді.

Бас редакторлар клубының президенті Ерлан Бекхожинның айтуынша, латын әліпбиіне көшу еліміз үшін аса маңызды мәселе болып саналады. Сондықтан да ол елордалық белді журналис­тер­дің басын қосып, латын әліпбиіне көшудің жай-жапсарын талқы­лауды қажет деп тапқан.

– Латын әліпбиімен айналысып жүрген білікті мамандарды ша­қырып, өзімізді толғандырып жүрген сауалдарға жауап алсақ деп отырмыз. Өйткені бұл мәселе – еліміз үшін аса маңызды қадам. Жалпы латын әліпбине өту дамыған елдердің қатарына қосылуға мүм­кіндік береді. Әлемдегі дамыған мем­лекеттер дәл осы латын әліп­биінің арқасында зор табыстарға жетіп отыр. 2006 жылы Елбасы «Дамыған 50 елдің қатырына қосылу туралы тапсырма берген болатын. Өздеріңіз білесіздер біз бұл межені сәтті бағындырып, зор жетістікке жеттік. Енді алдымызда 30 елдің қатырына қосылып, әлемнің алдыңғы қатарлы мемлекеттерінің бірі болу мақсаты тұр. Бұған әрине экономикалық тұрғыдан ғана емес, сонымен қатар рухани жағынан да басымдық берген жөн. Мұның ең бір алғышарттарының бірі латын әліп­биіне көшу деп есептеймін, – деді ол.
Ербол Тілешов латын әліпбиіне қатысты соңғы жаңалықтармен бөлісіп, алда атқарылатын шаруалар туралы баяндады. Оның айтуынша, 7 желтоқсан күні премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалы­ғымен Ұлттық комиссияның екінші отырысы өтеді.
– Латын әлібиін талқылау жұмыстарына бізге қарсы сыни пікір айтып жүрген азаматтарды шақырып отырмыз. Өйткені олардың айтып отырған сөзі негізді талап-тілек болса, оған құлақ түріп, ескеруіміз керек. Мәселен, Арман Байқадам сынды жобамызға оппо­зициялық көзқарас білдіріп жүрген азаматтар жұмыс тобына қатыса алады. Мүмкін олар біздің ескермей отырған мәселемізді біліп, өзінің ұсы­ныс­тарын айтатын шығар. Қазіргі таңда комиссияның ішінен әдістемелік, сараптамалық, техни­калық-са­раптамалық және тер­ми­нологиялық топ құрылды. Меніңше, жұмыс тобының негізгі қызметі шамамен 5-6 айға созылады. Яғни, 1 шілдеге қарай түпкілікті әліпбиге қол жеткіземіз. Себебі, бұдан былай дайын әліпби ұсынылмайды. Нақтырақ айтсам, жан-жақты сараптамадан өткен әліпби көпшілікке жария етіледі. Осы ретте терминологиялық топ туралы тереңірек айтып өтсем деп отырмын. Бір қарағанда бұл топтың әліпбиге тікелей қатысы жоқ сияқты. Алайда терминологиялық топ бізге өте қажет. Елімізге ай сайын, жыл сайын әртүрлі термин сөздер келіп жатыр. Бұрын біз термин сөздерді орыс тілінен дайын күйінде алып келдік. Мысалы, Рома деген қаланы орыстар Рим деп жазса бізде солай таңбалап жаздық. Енді біз мұны қойып, түпнұсқа түрінде жазуымыз керек, – деді ол.
Жиында белгілі саясаттанушы Кенжеболат Жолдыбай сөз алып, латын әліпбиіне қатысты көзқарасын білдірді. Оның айтуынша, латын әліпбиіне көшу заман талабы.
– Латын әліпбиін таңдау ба­рысында көрші елдердің қателігін қайталамауымыз керек. Сондықтан болса керек қазір әлеуметтік желідегі ел-жұрт латын әліпбиіне баса назар аударып отыр. Өйткені жастардың әлемдік деңгейде тұлға болуы үшін сауатты болуы қажет. Бүгін ұсы­нылған латын әліпбиі біздің бұл талап-тілегімізді қанағаттандыра ала ма? Бұл әрине, ойланатын мәселе. Неге біз бұған дейін қабылданған әліпбиге аздап түзетулер енгізіп, соны пайдаланбаймыз. Себебі, ол кезде қабылданған әліпби қазіргімен салыстырғанда тәуірлеу болатын. Жалпы бұл мәселеде асығыстық танытпай, сақтықпен шешім қабыл­даған дұрыс секілді, – деді Кенже­болат Жолдыбай.
Дөңгелек үстелге жиналған журналистер латын әліпбиіне қатыс­ты сұрақтарына жауап алды. Сөз соңында Ербол Тілешов журналистер халыққа дұрыс түсіндіру жұмыстарын жүргізсе деген тілегін жеткізді.

Серік ЖОЛДАСБАЙ 

Бөлісу:

Пікір жазу


*