Қарыз қайтарымымен көркем

1087
0
Бөлісу:

Жалпы отырысты жүргізу үшін Мәжіліс залына енген палата төрағасы Нұрлан Нығматулинді депутаттар мен жиынға қатысушылар ерекше қарсы алды. Нұрлан Нығматуллин елордадағы Республикалық кардиологиялық орталықта жүрегіне ота жасатып, емделуден оралған болатын. Халыққа және әріптестеріне қолдау көрсеткендері үшін алғысы мен ықылыс-ілтипатын білдірген спикер денсаулығының қазір жақсы екенін де хабарлады. 

Мәжіліс осы отырысында маңызды бірнеше заң жобаларын қарады. Атап айтқанда, қалаулылар «Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы» кодексінің жобасын екінші оқылымда ілеспе түзетулерімен бірге қарап, мақұлдады. Бұл құжаттың бір жаңалығы сол, енді сыртқы экономи­калық қызметке қатысушылар­ға тауарларды кедендік деклара­циялау кезінде есептелетін кедендік баждарды бірден төлемей, кейінге қалдыруға немесе бөліп төлеуге мүмкіндік беріледі. Осылайша, отандық ком­паниялар күрделі кезеңде қолдау көруде: егер салық төлеуге қаржысы болмаса, мемлекет оларға тауарын елге әкеліп, өткізуге және содан түс­кен табысынан есептесуге рұқсат етеді. Осы орайда Мәжіліс басшысы Кеден кодексі жобасымен жұмыс жасау барысында депутаттардың «кедендік рәсімдерді оңтай­ландыру» бойынша Елбасы қойған міндеттерді басшы­лық­қа алғандарын жеткізді.
– Елбасының Ұлт жоспарындағы тапсыр­масына сәйкес, кедендік реттеу жұмыстары жаңа талапқа сай әзірленді. Соның нәтижесінде, экспорттық және импорттық кеден рәсімдерін реттеу үшін барлық жағдай жасалынды. Бұл әрине, еліміздің экономикасын көтеруге, оның ішінде, біздің кәсіп­орын­­дарға да тиімді жұмыс істеуге жол ашатын болады, – деді Н.Нығматуллин.
Сонымен қатар осы отырыста бұқаралық ақпарат құралдары, теле­радио хабарларын тарату, ақпараттан­дыру және байланыс, ақпараттық қауіпсіздік саласында қоғамдық қаты­нас­тардың құқықтық реттелуін қамта­масыз етуге бағытталған «ақпарат және коммуни­кациялар мәселелеріне қатыс­ты» жаңа заңның жобасы екінші оқылымда мақұлданды. Жоба бойынша 6 кодекске және 16 заңға түзетулер енгізіледі.
Депутаттар сонымен бірге, «Кейбір консти­­туция­лық заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» конс­титуциялық заң жобасын құптады. Әділет министрі М.Бекетаев­тың түсіндіруінше, бұл жобада біріншіден, сот жүйесі жұмысының тиімділігін арттыру үшін бірқатар түзетулер ұсыны­лады, нақтырақ айтқанда, енді «облыс­тық соттың судьясы лауазымына канди­дат үшін кепілгерлікке облыстық соттың судьясы қол қояды», «сот аппаратында жұмыс жасаған уақыт та судьялық жұмыс өтіліне қосылады» және тағы басқалар.
Екіншіден, заң жобасы «Астана» халық­аралық қаржы орталығы туралы» консти­туциялық заңға өзгерістер енгізуді көздейді. «Конституцияға сәйкестендіру мақсатында Астана қаласының шегіндегі аумақта ғана қолданылатын ерекше құқықтық режим (ағылшын құқығы) тек қаржы саласын­да әрекет ететіні нақтыланады. Орта­лық­қа бөлінген бюджет қаражатын пайдалануды бақылауды Қаржы министр­лігі мен орталықтың басқа­рушысы бірлесіп жүзеге асыратын болады», – деді Әділет министрі. Бұл ретте депутаттар АХҚО-ға республи­ка­лық бюджеттен бөлінетін қаржылардың бақылануына қатысты алаңдау­шылық білдірді.
– Ешкім де, әсіресе, АХҚО орта­лы­ғының басшылығы осы қаржы орта­лы­ғы­ның дербес­тігін – «мемлекет қар­жы­сын жұмсау үшін жауапкершілік бол­­­майды» деп түсінбеулері тиіс. Орта­лық­қа бөлінген қаржының мақсат­ты пайдаланылуы үнемі Есеп комите­тінің бақы­лауында тұрады. Бақылаусыз қар­жы болмауға тиіс. Сіздер мұны ұмыт­пау­ларыңыз керек, – деп нықтады Нұрлан Нығмату­ллин.
Сондай-ақ отырыста Мәжіліс депутаттары Қазақстан мен Халық­аралық қайта құру және даму банкi арасындағы батыс Еуропа – Батыс Қытай халықаралық транзит дәлізінің «Оңтүстік-батыс» автомобиль жол­дарын дамыту жобасы үшін бұрын бекітілген «№ 7681-KZ Қарыз туралы келiсiмге» №2-ші түзетулерге қатысты жаңа келісімхатты ратификациялау бойынша заң жобасына келісімдерін беріп, оны Сенатқа жолдады.
Енгізілетін жаңа түзетулер жоғары­дағы жобаға 85 шақырымдық «Күрті – Бурылбайтал» және 96 шақырымдық «Ұзынағаш – Отар» жолының қосымша учаскелерін қосуды көздей­ді. Бұл екі учаскені қарыз қаржыға реконструк­циялау – көлік жүйесінің тиімді автожол инфрақұрылымын құруды қамтамасыз етеді және елдің транзиттік әлеуетін арттыруға ықпал жасайды екен.
Бұдан бөлек, қалаулылар Қазақстан Үкіметінің Грузия үкіметіне берген мемлекеттік кредиттерін қайта құрылымдауға қатысты ратификация­лық заң жобасын да мақұлдады. Қаржы министрі Бақыт Сұлтановтың айтуынша, Грузия үкiметiнiң Қазақстан Үкіметінің алдындағы борышы 27 миллион 774 мың дол­лар­ды құрайды. Ол 1992-1993 жылдары екі елдің ұлттық банктері арасында өзара есеп айырысу нәтижесінде пайда болды және мемлекеттік кредит ретінде қайта рәсімделді.
– Қайтадан «қайта құрылымдау» туралы келісімге сәйкес, енді Грузин тарапы Қазақстан алдындағы берешегін мынадай шарттарда өтейді: Біріншіден, Грузияның негізгі борышы 2,3 миллион долларлық Қазақстанның баламалы берешегін қысқарту арқылы азайтылады. Екіншіден, қалған борыш бойынша пайыздық мөлшерлеме – жылдық 4 пайыз мөлшерінде сақталады. Үшіншіден, берешекті өтеу кестесі мерзімін өткізгені үшін жиналған өсімпұлды есепке алмайды және Париж клубы ұсыныс­тарына сәйкес ұзартылады. Осылайша, 2017 жылғы келісімге сәйкес 2017-2025 жылдардағы кезеңге Грузия тарапының бізге беретін төлемдерінің жалпы сомасы 37 миллион 997 мың 815 долларды құрайды, – деді министр.
Осы тұста Мәжіліс төрағасы Қаржы министрі­не басқа елдердің Қазақстанға қайтаруға тиіс берешек­терін уақытында реттеу керектігіне назар аудартты.
– Грузиндік әріптестермен қарыз мәселесінің реттелгені жақсы. Деген­мен бұл арқаны кеңге салуға себеп болмауы керек. Өйткені бірқатар елдер­мен қарыздар бойынша әлі реттелмеген даулар бар, – деген Нұрлан Нығматулин уәкілет­ті органдарға Қазақстанға қарызы бар басқа мемле­кеттермен де келіссөздер жүргізуге кеңес берді. Ол сондай-ақ қайтарылған қаржылар бюджетті толтыруға тиістігін атап көрсетті: «Қарызды бере алған екенсіздер, оларды уақы­тын­да қайтара білулеріңіз де керек. Осы қағидат бойынша жұмыс істеулеріңіз қажет», – деп ескертті Мәжіліс төрағасы.
Жалпы отырыс соңында бірқатар халық қалаулылары мемлекеттік органдар басшылары­на депутаттық сауалдар жолдады.

Айхан ШӘРІП

Бөлісу:

Пікір жазу


*