Үнемділікке үндейтін үрдіс

1255
0
Бөлісу:

«Жасыл құрылыс» – ғимараттардың энерготиімділігін арттыруға бағытталған әлемдік тенденция. IFC (Халықаралық қаржы корпорациясы) бұл саланы алдағы ширек ғасырда ең көп инвестиция тартатын алғашқы жетіліктің қатарына енгізді. Ұйымның мәліметтеріне сүйенсек, 2015 жылы оған 388 млрд АҚШ долларына тең инвестиция салынса, 2025 жылы оның көлемі 3,4 трлн долларға жетпек. Күн сайын белең алып келе жатқан урбанизация ауқымын ескерсек, деректердің растығына шек келтірмейміз. Тіпті қазіргі ғимараттар энергетикалық қалдықтарға байланысты парник газдардың 19 пайызын генерациялап, әлемдегі электр энергиясының 40 пайызын тұтынатын көрінеді.

2050 жылға қарай жер бетіндегі адам санының көбеюіне сәйкес құрылыс көлемі екі есеге артады деген болжам бар. Мұның көп бөлігі енді қанат жайып келе жатқан дамушы нарыққа тиесілі екені айтпаса да түсінікті. Құрылыста ресурсты үнемдеуге бағытталған «жасыл» тәсілдерді қолдану ондаған жыл бойы қалдықтарды азайтуға, энергия мен суды үнемдеуге мүмкіндік береді.

2015 жылы саладағы көлемді инвес­тициялар Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше елдерге ағылатын. Қазір бұл нарық Үндістан мен Қытайда да етек жайып келеді. Әрине, біздің ел де эколо­гиялық және экономи­калық маңызы зор үрдістен қалыс қалып жатқан жоқ.
Не нәрсенің болса да қалыптасу кезеңі маңызды. Біздегі «жасыл нарықтың» күйі де дәл осы балауса шақты көзге елестетеді. Себебі, соңғы онжылдықта ғана құрылыс нысандарында экологияға тиімді тәсіл­дерді пайдалану сөз болып, тек 2012 жылы ғана энергияны үнемдеу туралы заң қабылданған. Дегенмен осы уақыт аралығында өзінің ұлттық стандартын енгізіп үлгерген ел үшін бұл да аз жетістік емес. Энерготиімділік және ресурс үнемдеу қоғамдық палатасының басшысы Елдос Абақанов еліміздегі «жасыл құрылыстың» рөлі мен маңызы туралы айтып берді.
– «Жасыл құрылыс» түсінігі 2005 жылдан бері қарай айтылып келе жатыр. Ол өткен ғасырдың 70-жылдарынан бастап салауатты өмірге көшу, ғимарат­тардың қоршаған ортаға келтірер зиянын төмендету мақсатында көптеген елдерді қозғалыс ретінде жүргізіле бастады. Бүгінде халықаралық деңгейде мойын­далған халықаралық стандарттардың бірнеше түрі бар: америкалық Leed және британиялық Breеam т.б. Олардың басты мақсаты – нысанды жобалау процесінен бастап, эксплуатациясына дейінгі кезеңде адамға ыңғайлы жағдай жасау. Ол үшін, біріншіден, микроклимат дұрыс болуы, ауа температурасы стандартқа сай келуі және күн сәулесі дұрыс түсуі керек. Бір сөзбен айтқанда, адамға жайлылық сыйлау қажет, – дейді ол.
Елімізде жоғарыда айтып өткен стандарттарға сәйкес салынып жатқан үлкен жобалар да аз емес екен. Оның ішінде Астанадағы «Жасыл квартал» кешені, одан өзге Ritz-Carlton мен Hilton Garden Inn қонақүйлері бар. Маманның бұл сөзін KazEnergyAudit компаниясының бас директоры Ернар Дүкенбаев мырза да толықтырып өтті.
– Еліміздегі «жасыл құрылыс» енді ғана қарқын алып келеді. Қазір құрылыс нарығындағы ахуал көңіл көншітпейді. Сондықтан «жасыл стандартқа» қарай қадам баса алмай отыр. «Жасыл квартал­дан» өзге нысандар әзірге құрылыстың клас­сикалық тәсілдеріне сүйеніп жұмыс іс­теуде деп ойлаймын, – дейді ол.
Алпауыттармен иық тірестіру үшін елдің өзіндік қолтаңбасын қалыптастыру маңызды. Бұл сектордағы жаңа стан­дарттарға да қатысты. Осыны ескерген «жасыл экономикаға» көшу және G-global-ды дамыту коалициясы ұлттық GreenStandard KZ деген стандартты реттеу жүйесінің презентациясын жа­сапты.
Елдос Нұрболұлы бізге берген сұқ­батында қоғамдық ұйымдар тарапынан да көтеріліп отырған негізгі мәселе – «жасыл құрылыстың» ұлттық стандартын бекіту екенін айтты. Осыған байланысты атқа­рылып жатқан іс-шаралардың бірін жоғарыда айтып өттік.
– Ол арнайы техникалық реттеу коми­тетінде мемлекеттік емес ұйымның стан­дарты ретінде бекітіліп, жұмыс істеуде. Leed, Breеam және Ресейдегі «Жасыл стандарттар жүйесі» сияқты ұйымдардың келісімі арқылы олардың стандарттары елімізге бейімдеу жасалады. Ол жобалау, құрылыс салу, экспулатациялау кезіндегі барлық құрылыс регламенттерін ескереді. Оның ішіне нысанның энерготиімділігі мен қауіпсіздігі және экологиялық параметрлері кіреді. Стандарттаудың бастапқы категориясында арнаулы ком­пания келіп, камералды тексеріс жасайды. Яғни, менеджмент пен инфра­құрылымын қарайды. Одан бөлек, ішкі жүйедегі эко­логия мен комфортын, суды қалай үнем­дейді, энергияны қалай тұтынады соны тексереді, – дейді ол.
Сонымен бірге, сертификаттаудың да түрлері болады екен: қола, күміс, алтын, платина. «Бұл стандарт несімен ерекше­ленеді?» деген сауалымызға бас маман тізбектеп жауап берді: Біріншіден, су, электр энергия­сының шығыны азаяды. Екіншіден, ішкі жүйедегі бүкіл жұмыс оптимизация­ланады. Үшіншіден, ғимаратты кейін жалға берер болса, кейін эксплуатациялық шығындары азайып, түсетін пайда көлемі артады.
Пайда дегенде құлақ елең ететіндіктен, мұндай жобалар инвестицияны қанша жылда ақтайтынын да анықтап көрдік. Ернар Дүкенбаевтың айтуынша, әзірге ел нарығындағы ахуал энерготиімділігі жоғары ғимараттарға деген сұраныстың артуына себеп бола алмай отыр. Маман технологиясы ғасырға жуық уақытқа алға кеткен батыс пен тәуелсіз ел болып на­рыққа енгеніне енді ғана ширек ғасыр болған бізді салыстыру ақылға қонымсыз екенін жасырмады.
– «Жасыл» ғимараттардың шаршы метрі жылтқыштар мен материалдардың және басқа да сарқылмайтын энергия көздерінің әсерінен 30 кейде, тіпті 50 па­йызға қымбат болып шығады. Сондықтан құрылыс нарығы тұрғын үй секторы секілді толығымен «жасыл құрылысқа» өтіп кете алмауда. «Ақылды техноло­гиялар» must have, яғни міндетті дүние­лердің бірі есептелетін Батыс пен отандық нарықтың айырмашылығы жер мен көктей. Сонымен бірге, энергия тарифте­рінің арзандығынан жеке тұлғалар ин­вестицияның қаншалықты ақтала­тынын есептеп жатпайды. Батыста адамдар энерготиімді жылжымайтын мүлікті қымбат бағаға сатып алады. Өйткені мұн­дай үйге кеткен 30-50 пайыздық ар­тық шығын 5-7 жылда өзін-өзі өтей алады. Бізде бұл мерзім 25 жылға дейін созылуы мүмкін, – дейді компания басшысы.
Қоғамдық палата төрағасы Елдос Абақанов та біздегі энергия құнының тө­мендігінен көпшілік адам ғима­раттардың энерготиімділік параметрлеріне қарай бермейтінін айтты.
– Біздің қоғамдағы негізгі талап – үй жылы болуы керек. Мысалы, Финлян­диядағы Хельсинки қаласында арнаулы сайт бар. Онда энергияны аз тұтынатын үйлер жасыл түспен, керісінше, энерго­тиімсіз ғимараттар қызыл түспен боялған. Нысанды сатып алушы осындай пара­метр­лерге қарайды, себебі ол жақтағы коммуналдық шығын көлемі 300-400 еуроға дейін жетеді. Бізде ол жақпен салыстырғанда, арзанға түседі. Яғни, айына орташа есеппен 10-15 мың теңге. Бір сөзбен айтқанда, адамдардың қалта­сына онша ауыр соқпайды. Меніңше, біздегі энерготиімді ғимараттардың аздығы да сол себептен, – дейді ол.
«Технологияның қымбаттылығына байланысты, еліміздегі кейбір жобалар өздерін 5-6 жылда ақтаса, енді бір жобалар 10-15 жылда табыс әкеліп жатады. Мыса­лы, жай ғана электр шамдарын свето­диодтық шамдарға алмастырса, ол өзін небәрі 2-3 жылда ақтайды. Үйдің сыртын термомодернизациялау біршама ұзақ мерзімде ақталуы мүмкін. Мұнда жағдай индивидуалды». Осындай пікір білдірген палата төрағасы біз тұтынып жүрген энер­гияны қанша пайызға дейін үнем­деуге болатынына да тоқталып өтті. Оның айтуынша, еліміздегі барлық ғимарат­тардың орташа энергия тұтыну көлемі – жылына 1 шаршы метрге 250 кВт. Үнемдеу потенциалына келсек, электр және жылу энергиясын 30-40 пайызға дейін үнем­деуге болады.
– Демек, мұндағы маңызды мәселе – аудит жүргізу, зерттеу арқылы энергияны тиімсіз пайдаланып отырған жерлерін анықтау. Нәтижесінде, жасалған қоры­тынды арқылы үндемділікке қол жеткізуге болады. Мысалы, архитектуралық-жобалау кезінде терезені күн сәулесі түсетін жаққа орналастырып, қатты жел соғатын жағын түгелдей қабырғамен жауып тастау қажет. Осылайша, жылу шығынын үнемдеуге болады. Одан бөлек, «толық термос» деген түсінік бар. Онда ғимарат арнаулы жылу оқшаулағыш материалдармен қапталады. Біздегі ғимараттардың көпшілігі автоматтан­дырылмаған, – дейді ол.
Ғимараттың жылу мен жарықты қаншалықты тиімді пайдаланатынын білу үшін энергоаудиттік компаниялардың қызметіне жүгінуге болатын көрінеді. Олар 2012 жылы қабылданған Энерго­тиімділікті арттыру және энергоүнемдеу туралы заңға сәйкес аккредитацияланып, соның негізінде жұмыс істейді. «Жасыл құрылыс» стан­дарттарында энергоаудит оның бір құрылымы ретінде қарасты­рылады.
Жасыл стандартты қабылдадық дегенмен, оған қол жеткізуге кәсіпкерлер қаншалықты ынталы деген сұрақ туын­дайды. Оған Елдос Нұрболұлы соңғы кездері туристік сала субъектілерімен бірігіп жұмыс істеп жатқандарын алға тартты.
– Маусымдық бизнес болғандықтан, қыста туристік аймақтарға адамдар аз келеді. Сәйкесінше, онда коммуналдық шығындар да көп. Бүгінде жасыл тех­нологиялар реестрін жасадық. Одан бө­лек, ақпараттандыру жағын да қолға алып, кәсіпкерлерді құлағдар етіп жа­тыр­мыз. Қазір бізде 4 ғимарат «жасыл стан­дарт» сертификатын алды, – дейді ол.
Дегенмен «еліміз үшін энергияны үнемдейтін құрылыс түрлерін тәжірибеге енгізу қиынға түспек. Ол үшін «лас» энер­гияның құнын біршама қымбаттатуға тура келеді. Сол кезде барып «үнемдеге­нің – пайда тапқаның» принципін ұста­нудың арқасында үнемшіл үйлер бірін­ші орынға шығады». Бұл пікір сала­ның қиындығын «ішкі асханасынан» танып жүрген Ернар Дүкенбаевқа тиесілі. Бірақ ол «тарифтің күрт өзгеруі ел азаматтарын есеңгіретіп, бизнеске де кері әсер етуі мүм­кін екенін ескеру қажет» деп есеп­тейді.
– Сондықтан болжамымша, алдағы 15-20 жылда елімізде энерготиімді құры­лыстың нәтижесін көруіміз мүмкін. Оған дейін энергетикалық тарифтер жеткілікті деңгейге дейін өсіп, жергілікті энерго­тиімді материалдардың үлесі де артады. Қазір біз тек қана энергияны үнемдей алатын қоғам құруға талпыныс жасау­дамыз, ол үшін құқықтық-нормативтік актілерді, бизнес пен халықты дайындауға біраз уақыт қажет, – дейді ол.
Иә, нәтижені уақыт көрсетеді. Оның көңілге қонымды болары саланың негізін қалап жатқан қазіргі шараларға тікелей тәуелді. Десек те, Орта Азияда жаңа тех­нологияны алғаш енгізіп, оны тиімді игеріп жүрген Қазақстан үшін бұл да бір сәтті болашаққа бастайтын қадам болмақ.

Кәмила ДҮЙСЕН

Бөлісу:

Пікір жазу


*