Әлеуметтік кәсіпкердің еңбегі елене ме?

«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасынан бастау алған «Туған жер» жобасы әу бастан-ақ үш мақсатты алға қойған еді. Мемлекет басшысының пайымынша, біріншіден, білім беру саласында ауқымды өлкетану жұмыстарын жүргізуді, экологияны жақсартуға және елдімекендерді абаттандыруға баса мән беруді, жергілікті деңгейдегі тарихи ескерткіштер мен мәдени нысандарды қалпына келтіруді көздесе, екіншіден, басқа аймақтарға көшіп кетсе де, туған жерлерін ұмытпай, оған қамқорлық жасағысы келген кәсіпкерлерді, шенеуніктерді, зиялы қауым өкілдері мен жастарды ұйымдастырып, қолдау жасау. Үшіншіден, жергілікті биліктің «Туған жер» бағдарламасын жинақылықпен және жүйелілікпен қолға алуын қамтамасыз ету, халық арасында дұрыс түсіндіру жұмыстарын жүргізу әрі туған жеріне көмек жасаған жандарды қолдап, құрметтеудің түрлі жолдарын табу.
Бүгінде бағдарлама аясында еліміздің түкпір-түкпірінде игі шаралар ойдағыдай іске асырылып келеді. «Рухани жаңғыру» порталында жарияланған ақпараттарға арқа сүйесек, еліміздің әр өңірінде тарихи ескерткіштер ашылып, зиялы қауым өкілдерінің мерейтойлық кештері өткізіліп, ең бастысы, туған жерлерінен түлеп ұшқан кәсіпкерлер мен меценаттардың арқасында тиісті деңгейде демеушілік жасалып, ауыл-аудандардың жағдайы біршама түзеліп жатыр. Әлеуметтік жобалардың сан саланы қамтып отырғаны қуантады. Бір жағынан, мүмкіндігі шектеулі жандарға, балалар үйінің тәрбиеленушілері мен қарттар үйінің тұрғындарына әлеуметтік қолдау көрсетілсе, екінші жағынан, спорттық-патриоттық, экологиялық шаралардың саналуандығы жобаның бір жүйеге келіп жатқанын аңғартып тұрғандай.
«Туған жер» сияқты бағдарламалардың маңызына ерекше тоқталған Алматы менеджмент университетінің «АлмаU» әлеуметтік кәсіпкерлік зертханасының меңгерушісі, физика-математика ғылымдарының кандидаты, профессор Нұржан Әлжанова осы тектес жобаларға әлеуметтік кәсіпкерлер мен жастарды да көбірек тарту қажеттігін баса айтады. Нұржан Шәріпқызы Елбасының бастамаларын қолдай отырып, қоғамдық сананы өзгерту қажеттігін жеткізеді.
– Біздің қоғам кедейлікпен, есірткімен, ауыр сырқат түрлерімен күресуге қаншама қаражат бөледі? Түрмелерді ұстауға қаншама ақша кетеді? Бұл арада әлеуметтік кәсіпкерліктің қоғамға тигізер пайдасы орасан. Оның есебінен жеке азаматтарды қолдауға бағытталған қоғамдық ресурстарды тиімді пайдалануға болады, мемлекеттік қызметтерге деген сұраныс та түсуі мүмкін, жалпы қоғамның табысы артады. Ол үшін әлемде жаңа трендке баланып отырған әлеуметтік кәсіпкерлікті барынша қолдау қажет, – дейді профессор.
Оның айтуынша, әлеуметтік кәсіпкерлер әсіресе, жастар арасынан көптеп шығып жатыр. Олар қоғамның әлеуметтік-экономикалық дамуына әрбір адамның сүбелі үлес қосарына кәміл сенеді. Әлемді, қоршаған ортаны жақсартқысы келеді, қоғамда қатып қалған, ой-санада қалыптасып кеткен пайымдарды бұзғысы келеді. Ең бастысы, олар қоғам өзгереді деп күтпейді. Керісінше, өздері өзгеріс жасау арқылы әлемді жақсарта аларына сенеді.
Тәуелсіздік жылдардан бері елімізде дамып келе жатқан кәсіпкерлік түрлерін зерттеумен айналысатын маман Нұржан Әлжанова бұл саладағы әлемдік трендтерден қалмау қажеттігін айта отырып, әлеуметтік кәсіпкерліктің белді мүшелерінің мысалдарын жастарға үлгі етеді.
– Мәселен, Олеся Нугаева деген әлеуметтік кәсіпкер бар.
Ол – «Это-Двор» әлеуметтік-экологиялық жобасының жетекшісі. Ол балалармен бірге аулаларда арнайы ойын алаңқайларын, шығармашылық өнімдерін жасайды. Жоба мақсаты – балалардың қоршаған ортаға деген қарым-қатынасын өзгерту, қалдықтардан жаңа өнім жасауды үйрету. «Ашық әлем» қоғамдық қорының құрылтайшысы әрі президенті Әлия Архарова – әлеуметтік кәсіпкер, үлкен байқаудың жеңімпазы. Аутизмге шалдыққан баланың анасы ретінде ол Қазақстанда осындай балаларға көмек көрсететін тиімді жүйені қалыптастырумен шұғылданып келеді. Бұл қоғамдық қордың қаржыландыру жағына Тұңғыш Президент қоры қолғабыс етіп келеді, – дейді Нұржан Әлжанова.
Бүгінде Еуропаның алдыңғы қатарлы дамыған елдерінде мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің арқасында жергілікті елдімекендердің әлеуметтік-экономикалық түйткілдері оңтайлы шешіліп отыр. Мұның еліміздегі бір мысалы ретінде Нұржан Шәріпқызы «Алматы» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» ҰК-ны келтіреді. Оның айтуынша, айтулы корпорация жергілікті атқарушы органдардың көмегімен Алматы қаласының студенттері мен жалпы жастары үшін жатақханалар құрылысын бастайды. Әлеуметтік уақытша баспана «2017-2020 жылдарды қамтитын жастарды қолдауға арналған Жол картасы» мен «Жас отау» мемлекеттік бағдарламасының аясында студенттерге, жастарға және 35 жасқа толмаған отбасыларына берілуі керек. Оған сәйкес, «Алматы» ӘКК» ҰК-ның әріптестері ретінде меншігінде бос жатқан жерлері мен жоба құнының 51 пайызынан кем түспейтін жеке қаржысы бар жоғары оқу орындары, құрылыс және коммуналдық ұйымдар өз ұсыныстарымен шыға алады екен. «Алматы» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының басты мақсаты – мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде, Алматы қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпал ету. Шынында да, бұл бастама жылда ұзын-сонар жатақхана кезегінде тұратын студенттер мен жас отбасыларының баспана мәселесін айтарлықтай шешер еді.
«Адам капиталын» дамыту бағытында АҚШ-та жүздеген жыл бойы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде, көптеген игі жобалар сәтті жүзеге асып отыр. Америкада мұндай әріптестіктің тамыры тереңде жатыр.
Ресми дерек көздеріне сенсек, ынтымақтастықтың кеңінен тараған салаларына көлік жүйесін дамыту, инфрақұрылымдарды жаңарту, су ресурстарын үнемдеп пайдалану, тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу, т.б. жатады. Яғни, қоғам, белсенді кәсіпкерлер бар жауапкершілікті билікке жүктеп, түйткілді мәселелердің шешілуін телміріп күтіп отырмайды. Өздері әрекет етіп, қоғамдық мәселелерді жұмыла шешуге тырысады.
Сол себептен, профессор Нұржан Әлжанова әлеуметтік кәсіпкерліктің ел ішінде барынша насихатталып, мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің тиімділігін арттыру мақсатында ақпараттық жұмыстардың жоғары деңгейде жүргізілуін, белсенді жастарға қолдау көрсетілуін жақтайды. Көп мәселе сананы жаңғыртуға барып тіреледі. Қалыптасқан ой-пайымдарға, жүйеге жаңа көзқараспен, әлемдік трендтердің шеңберімен қарасақ, әрбір азамат туған жерінің гүлденуіне, дамуына үлес қоса алады. Ол үшін жоғарыда мысалға келтірілген әлеуметтік кәсіпкерлер сияқты аулалардың ластануына, экологияның бұзылуына, науқас балалардың жай-күйіне бей-жай қарамай, аз да болса да жағдайдың түзелуіне үлес қосып, қоғам дамуына атсалысқан абзал.
Кәмшат ТАСБОЛАТ