СУРЕТШІЛЕР ОДАҒЫНА РЕФОРМА КЕРЕК ПЕ?

2112
2
Бөлісу:

84 жылдық тарихы бар Қазақстан Суретшілер одағында съезд өту керек еді. Съезд барысында суретшілер өзіне жаңа төраға сайлауы тиіс болатын. Өкінішке қарай, қылқалам шеберлерінің съезі кейінге қалдырылды да, төрағаны сайлауды да сол уақытқа шегерді. Төрағалыққа үміткерлер де көп. Әр үміткер өз ұсынысын, жобасын даярлап отыр. 

Қазір Қазақстан Суретшілер одағында мыңнан астам суретші тіркелген. Одақтың ел бойынша 12 бөлімшесі бар. Мұнда тіркелген шеберлер қалай күн көріп отыр?
Одақтың жай-күйіне алаңдап, оның ішіндегі келеңсіздіктерді, жарғының көңілден шықпайтынын айтып, наразылық бірдіргендер де болды. Бұған дейін де Қазақстан Суретшілер одағы төрағасының міндетін атқарушы, суретші Өмірбек Жұбаниязов одақтың қоғамдық ұйым болып тіркелгеннен кейін, тікелей қаржыландыру көзі болмайтынын, үкімет­тен, министрліктен қолдау аз болатынын БАҚ беттерінде айтқан еді. Керісінше, жас суретшілер аға буынның бұл пікірімен келіспейді. Жастар болса, «кәсіпті ғаламтор арқылы да өрге домалатуға болады» деген пікірде. Жас суретші Мәулен Көпбаев «Суретпен 15 жасымнан бастап табыс тауып келемін. Шетелге шықпасам да, туындыларым ұйымдастырушылар көмегімен мұхит асып, көрмеден орын алды. Жеке коллекциямды Қытай, Түркия, Ұлыбри­та­ния, Санкт-Петерборға жібердім. Тұң­ғыш Президент қорының ұйымдастыруы­мен өткен екі халықаралық көрмеге қа­тыс­тым» дейді. Демек, еңбек еткенге, кәсі­­бін дөңгелетемін деушілерге мүм­кін­дік бар. Онда неге Суретшілер одағының төбесіне «қара бұлт» үйіріле береді? Сурет­ші қауымы енжар ма, әлде біз біле бермейтін мәселе жетерлік пе?
Одақ ішіндегі дау-дамай неден туын­дап отыр? Төрағалыққа талас неге көбей­ді? Қылқалам шеберлерінің кейбірі төра­ға­лыққа үміткер ретінде тіркелген­дер­ді «қаламайтынын» айтады. Неге? Соны­мен, съезд көктемге қалды. Көктем­де сай­ла­натын жаңа төраға «тұралап» қал­ған одақ­қа жан бітіре ме? Суретшілер өз­де­рін мазалайтын сауалдарға жауап таба ала ма? Үміткер демекші, төрағалыққа «үміт­кер­лер» қатарында белгілі суретші Ал­пыс­бай Қазығұловтың да есімі аталған еді. Алпыс­бай ағаға қоңырау шалғаны­мыз­­да, бұл сауалымызға күле жауап берді.

Алпысбай ҚАЗЫҒҰЛОВ, суретші: Бұл орынтаққа үміткер емеспін

– Суретшілер қауымының бір­сыпырасы хабарласып, «Суретшілер одағының төрағалығына сізді ұсынсақ», «Сіз төрағалық етсеңіз, суретшілердің жағдайы біраз түзелер еді» деген сияқты ұсыныс-пікірлерін айтуда. Алайда өз басым бұл орын­таққа үміткер емеспін, дәмем де жоқ. Дәл қазіргі уақытта шығармашылығым­ның шыңын бағын­дырар биікте тұрмын деп есептеймін. Нағыз жұмыс істеу керек уақытымды одақ орын­тағына ауыстыра алмаймын.
– Одақтың жаңа төра­ғасынан жаңалық күтесіз бе?
– Қазақстан Суретшілер одағының төрағалығына кім келетіні және қандай бағдар­ламаны басшылыққа алатыны бізге беймәлім. Десек те, жаңадан тағайындалатын төраға Суретшілер одағына қандай бір тың жаңалық әкеліп, өзгеріс енгізеді дегенге сенбеймін. Сондық­тан өтетін съезден де, жетек­шілік етуге бекітілетін бас­шыдан да суретшілердің бүгінгі жай-күйін, хал-ахуалын өз­гертіп жі­бертетіндей жаңалық күткен емеспін, күтпеймін де. Айқай-шумен съезд де өтеді, басшы да сайланады. «Баяғы жартас – бір жартас» қал­пында қала бермек. Оның үстіне, әр суретші шығар­машылығының қарқын алып, жан-жақты дамуына тікелей өзі жауапты. Суретшілік кәсібіңде болатын қиындық­тарды еңсеріп, мәселелердің оңтайлы шешілуіне де қарекет қылуың қажет. Съезден кейін айтарлықтай нәтижеге қол жеткізу, яки суретшілердің бүгінгі жайын өзгерту үшін Үкімет тарапынан жеткілікті деңгейде қолдау болуы керек. Кино, театр саласына жыл сайын жұмсалатын қаражат суретші­лердің хал-ахуалын түзетуге де бөлінсе, онда әңгіме – басқа.
– Биылғы съезден күтетін жаңалық болмаса, одақтың суретшілер қауымына тигізер пайдасы болмаса, ол қажет пе?
– Өз басым Қазақстан Суретшілер одағына 21 жыл бойы өте алмай жүрдім. 1980 жылы Әбілхан Қастеев, Сабыр Мәмбеев сынды халық суретшілері қызмет қылған қара шаңыраққа мүше болуға ниет білдіріп, арыз жаздым. Сол арызыма 2001 жылы қол қойылып, мүшелікке қабыл­дандым. Оның үстіне Кеңес Одағы тұсында одақ мүшеле­ріне пәтер, шеберхана, жер берілетін, көлік алуға кезекке тұрғызатын және тағы басқа жан-жақты жеңілдіктер қарас­тырылған еді. Мемлекеттің қаншама тапсырысын орын­дап, сәйкесінше қомақты қа­ламақы алып отыратынбыз. Еңбегіміз еленіп, картина­ларымыз музейге, көрмеге қойылып келді. Ал бүгінгі жағ­дай мүлдем басқа… Билік пен одақтың арасында байланыс жоқ. Бірде марқұм Еркін Мергеновты кездестіріп қалып, кітабымның тұсаукесеріне неге келмегенін сұрадым. Шебер уақытының жоқтығын сылтау етті. Сонда «Кітабым­ның тұсаукесеріне Алматы қаласының әкімі (сол кездегі) Иманғали Тасмағамбетов уақыт тауып келгенде, сіздікі қалай?» деп қойып қалдым. Сонда Еркін Тілекұлы: «Мүм­кін емес. Әкімнің қабылдауына жазылып, кіре алмай жүрге­німе 4 жылдан асты» деген еді. Суретшілер биліктің баспал­дағын аттамақ түгілі, қара­пайым қала әкімінің есігін аша алмай жүр. Жалпы, суретшілер қауымын екі топқа бөліп қарас­тырамын. Бірі – табиғи (органичный) шығарма­шылық иелері. Бұл топ өкілдері өз бе­тінше картина жазып, кәсібін жетіл­діру­дің қамымен жүрген­дер. Екіншісі – та­биғи емес (неорганичный) сурет­шілер. Бұлар билік орынтағына таласып, соның қамымен бір-бірінің үстіне домалақ арыз жазып әлек.

ПІКІР

Нұрболат ИСКАКОВ,
суретші:

Одақ жұмысын жандандыратын басшы қажет

– Елімізде барлық өнер иелерінің басын біріктіретін жеке-жеке ұйымдар бар. Мәселен, Қазақстан Композиторлар одағы, Жазушылар одағы, Суретшілер одағы және тағысын-тағылары. Бұл бірлестіктерге жүктелетін міндет – өнер саласының проблемасын зерттеу және оның шешілуіне жұмыс істеу, көркемөнер иелерін ынталандыратын байқау, көрме сияқты түрлі іс-шаралар ұйымдастыру. Суретшілер одағының бүгінгі жұмыс барысы бәсеңдеп, осы мәселелер кенжелеп қалды. Баяғыша республикалық деңгейде ұйымдас­тырылатын көрмелер саябырсыды, суретшілер еңбегін насихаттайтын іс-шаралар қатары азайды, оларды ынталандыратын байқаулар тіптен көрінбейтін болды. Оның үстіне анда-мұнда бір өтетін көрмелерге одақтың барлық мүшелерінің еңбегі қойыла бермейтін болды. Қандай себептермен екені белгісіз, қолөнері­міз іріктеуден өтпей, талапқа сай кел­мей қалады. Өз басым, ауыл тұрғы­нымын. 350 шақырым жерден артынып-тартынып картинамды көтеріп жетемін. Сол еңбегім зая. Суретім көрмелерге қойылмайды. Мәселен, жақында Өнер үйінде одақтың жылды қорытындылайтын көрмесі өтті. Хабарландыру жарияла­на салысымен, жұмысымды алып жеттім. Қосымша суреттерімнің электрон­ды нұсқасын да жібердім. Сол күйі қолөнерімді көрмеден көре алмадым. Қалай налымайсың? Суретшілерді ала­лаудың ұшқындары көп кездесіп жүр. Бұл – дұрыс емес. Кезінде Байтұрсын Өмірбеков қара шаңыраққа төраға­лық еткенде, Одақтың 80 жылдығына орайласты­рылып кітап басылды. Сонда Әбілхан Қастеев атамыздан бастап бүгінгі жас суретшілердің барлығының еңбегі қамтылды. Суретшілер қауымы бір жасап қалдық. Осындайда одақ жұмысын жан­дандыратын жаңа басшы керек деген ойға қалам.

Алмас МҰСТАФА, қолөнерші:

Көркемөнер қапаста қалып, қайыршының күйін кешпесе екен

– Кеңес үкіметі тұсында, социа­лис­­тік өмір, тұрмыс-тіршілік, сол кез­дегі басшылар саясатының насиха­тын дұрыс жүргізу мақсатында сурет­шілердің еңбегін көп пайдаланған. Сол үшін де, яғни агитациялық орын ретінде бүкіл ТМД бойынша түрлі одақтар құрылған. Соның бірі – Суретшілер одағы. Кейбір азаматтар Еуропа мемлекеттерінде мұндай одақтың жоқ екенін алға тартып, біздегі қара шаңырақтың болмағаны дұрыс екенін жиі айтуда. Кеңес Одағы құлағаннан кейін, суретшілерге мем­лекет тарапынан бұрынғыдай қолдау болмай қалды. Өйткені олардың еңбегі бұрынғыдай насихат жасаудың құралы емес. Қазір суретшілер плакат жазбайды. Cебебі, түрлі техноло­гия­лық тәсілдермен баннерлер жасалуда. Тұрмыс-тіршілігімізге компьютер дейтін машина дендеп еніп, қолда­ныста кең тарала бастағалы бері сурет өнерінің кейбір жанрлары тарих сахнасынан тіпті жойылып барады. Көркем өнердің кей жанрларының жоқтаушысы, мектебін қалыптас­тырушы соңғы тұяқтар қалды бүгінде.
Суретшілер одағына жеті жылдан бері мүшемін. Бізде екі жылға жуық шығармашыл жастардың «Ғаламат» дейтін ұйымы жұмыс істеді. Еліміздің жарғылық құжат­тарына сай кез келген азамат клуб құрып, оның жұмысын жетілдіру үшін материалдық жағдайы жетуі тиіс, я болмаса үнемі қаржылай қолдау көрсетіп отыратын мықты доноры болуы шарт. Сондықтан кейінгі жылдары кәсіпкерлікті қолға алып, қаржы жағдайымды тұрақтан­дыруға кіріскен жайым бар.
Кезінде кей басшылар заңның оңтайлы тұстарын өз ыңғайына келтіріп, Суретшілер одағы балансын­дағы көп ғимараттарды заңсыз сатып жіберген. Бүгінде бұл одақ иелігінде Рысқұлов даңғылы №57 ғимарат, Қожамқұлов бойындағы шеберхана және қазіргі бас кеңсе мен соның маңайындағы бірді-екілі суретшілер орны бар. Олардың не жарығы, не жылуы жоқ. Атқамінер мырзалар сондағы қызмет еткен азаматтарды қуу үшін жарығын қиып, жылуын өшіріп тастап отырған. Рысқұлов даңғылы бойындағы шеберхананың бір бөлігін жалға алып, 7-8 миллион­дай қаржы құйып, күрделі жөндеуден өткіздік. Жарығын тартып, жылуын қосып, сонда жұмыс істеп отырған жайымыз бар. Суретшілерге тегін берілуі тиіс шеберхананы жалдап отырмыз, тіпті коммуналдық шығы­нын одақтан өндіре алмаймыз. Осы қара шаңырақтың мүшесі болған­дықтан пайдамыз тисін, үлесіміз болсын деп құнын төлеп отырмыз. Айта берсек, одақ жұмысының кері кетіп, кемшін тартып тұрған тұстары көп. Өйткені бүгінгі одақтың жарғысы, жалпы мақсат-міндеті, басқару үлгісі социалистік реализмге құрылған. Қазір – нарық заманы, заманына қарай талабы. Мәселен, басқаруымдағы кішігірім компания­лардың өзінде үйлестіруші (координатор) деген маман бар. Ол – барлық нарық талаптарын меңгерген, байланыс орнату, серіктестікке қол жеткізу тетігін білетін нағыз керек адам. Одақ жетекшілеріне осындай маманды жұмысқа қабылдау керегін айтсақ, бұл жарғыда қарастырыл­ма­ғанын алға тартады. Сонымен қатар контент-менеджер деген маман иесі де одаққа ауадай қажет. Өйткені суретшілердің мақсатты аудиториясы бар. Солардың назарын бір арнаға топтастыру міндеті осы одаққа жүк­теліп тұрғаннан кейін, онымен ай­налысатын маман керек десек, ол – контент-менеджер. Тіпті мүдделес аудитория жоқ деген күннің өзінде, сол топтарды қалыптастыруға жұмыс істейтін контент жасай білуіміз тиіс. Қара шаңырақтың сайтын жетілдіру, суретшілер қолеңбегін сататын интернет-дүкен құру, әлеуметтік желілермен жұмыс жүргізу – өз алдына бөлек әңгіме. ІТ-менеджермен байланыса жұмыс істеу керегі айтпаса да түсінікті жайт. Қазір жас суретшілер заманауи мүмкіндіктерді ескере отырып, түрлі форматта көрме ұйымдастырғысы келеді. Кейбірі мүмкіндігі жеткенше ұйымдастырып та жүр. Сондай жастар бір шараны өткізу үшін ІТ-менеджер іздеп, онымен бірде келісіп, бірде келісе алмай итәуреге түседі. Одақ жар­ғысының алғашқы баптарында-ақ жазылған: «Суретшілердің мүддесіне, қызығушылығына жұмыс жасап, қоғамдық-әлеуметтік жағдайын жасауға құрылған ұйым». Демек, шы­ғар­машылық жағдай жасайтын бол­сақ, замана талабын ескеруіміз аса қажет. Суретшілер одағы жетекші­ле­рі­не барып, осы мәселелер туралы сөз қозғай қалсаң, «Меломан» дүкендер желісінен он пайыздық жеңілдік алып беретінін алға тартады. Мұндай жеңіл­діктерді ебін тауып сөйлессе, сурет­шілердің өздері-ақ ала алады. Тіпті Chocolife-ты бақылап отырсаң, 50 пайыздық жеңілдіктер де кездесіп жа­тады. Бұл іс суретшілердің жағ­дайын ойлап, саладағы қордаланған проб­лемаларын шешу үшін жеткілік­сіз.
Бұдан өзге суретшіліктің «жілігін шағып, майын ішкен» нағыз аңыз қарттарымыз бар. Өскелең ұрпақ, жас суретшілерге арнап сондай қария­лармен өнегелік сабақтар, шеберлік сыныптарын ұйымдастырсақ, қандай керемет болар еді. Одаққа мүше болған жеті жылда осындай өнеге беретін іс-шаралар бірде-бір рет өткізілген емес. Тіпті Ә.Қастеев музейі осындай жақсы дүниелер өткізіп, жастар сол жаққа бет алса, бүгінгі басшыларымыз жібермей қоятын кездері де кездескен.
Қара шаңырақ астында жүріп, осы тектес ірілі-ұсақты пробле­малар­ды талай рет көріп жүрміз. Жанымыз ауырады, жан дүниеміз қанжылайды. Ғасырлар бойы дүние­жүзін мойын­датқан көркемөнер қапаста қалып, қайыршының күнін кешпеуі керек. Бүгінгі жас суретшілер осыны түсінсе керек, одақтың төрағалығына өтініш білдіруімді қолқалады. Бір мақсат-мүдде аясында бірігіп, сурет өнерінің жандануына үлес қосуға бекідік. Одақтың кезінде жеке иелікке өтіп кеткен мүлігін қайтарып аламыз демеймін. Бірақ бүгінгі балансындағы дүниені жөндеп, суретшілердің игілігіне қызмет етуі үшін жұмыс істегіміз келеді. Әйтпесе, орынтаққа отыруға қызығып, қо­ғаммен жұмыс істеуге құлшынып тұр­ғаным жоқ. Төраға­лыққа өтініш біл­діріп жатқандардың басым бөлігі – аға буын өкілдері. Яғни, кей жас суретшілердің ұстазы. Үйретушісінен қаймығып соларға дауыс беруге бекінген кей жастардың өзі менімен мүдделес екенін айтып жүр.

Гүлмарал ТӘТТІБАЕВА,
суретші:

Жастарға да мүмкіндік берілсін

– Kadmii Qyzyl арт-тобы – Астана қаласындағы заманауи бағытта жұмыс істейтін суретшілердің басын біріктірген ұйым. Мен – осы топтың бір мүшесімін. Құрамында «Шабыт» колледжінің ұстаздары – Әйгерім Жұмағалиева мен Бейбіт Әсемқұл, Наталья Легай, Жеңіс Молдабеков сынды жас таланттар бар. Олардың барлығы жоғары білімді, жан-жақты ізденген, өз саласын жақсы меңгерген азаматтар. 7 мүшеден тұратын арт-топ 2015 жылы ресми таныстырылғанымен, 2010 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Топтың мүшелері жеке-жеке, бірігіп те түрлі шаралар өткеріп келеді. Осы жаз бойы EXPO – 2017 халықаралық маман­дандырылған көрме аясында әртүрлі шаралар өткіздік. «Арт-фест» фестивалі шеңберінде ұйымдастырыл­ған «Нұрлы жол» саябағындағы заманауи инсталя­циялар да – біздің топтың туындылары. Ұлттық музеймен серіктестікке қол жеткізе отырып, топ­тық шараларымыз­ды да ұйымдас­тырғанбыз. Елімізде, одан қалса шет мемлекеттерде де жеке­лей көрмелеріміз өтіп жүр. Еліміздің Түркиядағы Мәдениет және кино күндері аясында Анкара қаласында Наталья Баженова екеуіміздің жеке көрмеміз ел назарына ұсынылды. Kadmii Qyzyl арт-тобы – сурет өнерінің тағдырына бей-жай қарамайтын жастардың ортасы десем, артық емес.
Whats-up желісінде жас сурет­шілердің арнайы тобы бар. Онда түрлі конкурстар, көрмелер туралы хабар­ландырулар жарияланып отырады. Я болмаса, осы саланың белгілі бір проблемалары талқыланып, жастардың көзқарасы, жеке ұстанымы айқын­далады. Теледидардан Суретшілер одағында болған дау-дамайды көргеннен кейін, осы мәселе сол топта талқыға түскені жасырын емес. Шыны керек, аға буын өкілдерінің бұл әрекеті үшін ұялып кеттік. Жеке басын ойлап, бір-бірінің үстінен домалақ арыз жазуға әуестенген ел ағаларының «Одақты дамытуға күш саламын» дегеніне сену қиынырақ болып тұр. Сондықтан сол топтағы жастар осы саланы дамытуға өзіндік ұстанымы бар, суретшіліктің кешегісін естен шығармай отырып, бүгінгі заманға сай болуын ескере алған азамат – Алмас Серікұлына одақ төрағалығына өтініш жазуға қолқа салдық. Осы қадамымыз арқылы аға буын өкілдері алдындағы жас сурет­ші­лер қызығушылығын, ұстанымын түсіндіргіміз келеді.
Суретшілер одағын жандандыру­дың, оған мемлекеттік бюджеттен қаражат бөлудің қажеттігін сынға алып, жоққа шығарып жатқан азаматтар бар. Менің ойымша, қара шаңырақты сақ­тап қалуымыз керек. Оны жауып таста­ған­нан гөрі, нарық талабын ескере оты­рып, заманға сай бейімдегеніміз дұрыс. Осы тұста, сурет өнерінің өтке­нін жоққа шығармай, бүгінгі заман қал­пына сай етін жандандыра білетін аза­маттарды қолдауымыз аса маңызды. Әйт­песе, бүгінгі жас суретшілер өз қара­жатына көрме ұйымдастырып, кон­курсқа қаты­сып әлек. Олар шығар­ма­­­шы­лықпен айналыса ма, әлде демеу­ші іздеп дегбірі кете ме? Мемлекеттен қолдау мүлдем жоқ. EXPO – 2017 халық­аралық көрмесі аясында ұйым­дас­тырылған Kadmii Qyzyl тобының іс-шараларына жергілікті билік немесе мемлекеттік органдардың тарапынан тіптен демеу, яки қолдау болмады. Бар­лық шараларды өзіміз ұйым­дас­тырдық. Көрмеге келуші карти­наларды қарап қана қоймай, оның мән-мағынасымен танысқаны абзал десек, жаңағыдай шараларды таныстырушы таба алмай әбігерге түсеміз. Өзіміз суретші, үйлестіруші әрі түсіндіреміз. Бұл – дұрыс саясат емес.
Сурет өнері – кез келген көркемөнер туындысы сияқты кәсібилікті талап ететін үлкен сала. Тіпті еліміздің шығармашылық айнасы десек те, артық айтқанымыз емес. Сондықтан бұл сала қарқынды дамуы тиіс, заманға бейім­деле білуі шарт. Алмас Серікұлының сурет өнерінің қара шаңырағы аталып кеткен Суретшілер одағын жандан­дыруға деген өзіндік тың идеялары бар және сол жоспарлары жас суретшілер тарапынан қызығушылық тудыруда. «Қолдан келсе, қонышынан бас» дейді қазақ. Ендеше, суретшілікке шын жаны ашитын, оның үстіне сол көркемөнерді заманауи жағдайға икемдеуге ниетті азаматты қалай қолдамасқа, неге оның жұмыс жасауына мүмкіндік бермеске? Бұл – аға буын өкілдері сайлауға түспей, сыртта қалсын деген сөз емес. Тек жастарға да мүмкіндік берілсін.
Осы айда өткізілуі тиіс съезд көктем айларының біріне шегерілді. Бұл – Алмастың өзін-өзі және жеке идеясы мен жоспарларын суретшілер қауымына таныстыруына берілген азғантай уақыт пен зор мүмкіндік. Осы мақсатта Алмасты Kadmii Qyzyl арт-тобының мүшелері түгелдей қолдап отыр. Жер-жерді аралап, аймақтағы суретшілермен кездесу ұйымдастырып, Алмас бастаған жас суретшілердің ұстанымын таныстыру да ойда бар.

Біздің байлам:

Шығармашылық одақтарының жай-күйі туралы бұған дейін де талай сөз еткенбіз. Кез келген одақ қоғамдық ұйым болған соң, өз күнін өзі көруге тура келеді. Суретшілер одағының да жан айқайын түсінуге болар. Дегенмен көркемөнерге қолдау болмаса, өнердің де, өнер адамының да күні қараң. Суретшілер одағына реформа қажет-ақ. Ол реформаны кім жасайды? Кез келген картинаның өзіндік құны болады. 2012 жылы Поль Сезанның «Карта ойнаушылар» картинасы 250 млн долларға сатылған екен. Пәленбай мың долларға сатылған қазақ суретшісінің туындысын білесіз бе? Қазақ қылқалам өнері көштен қалмауы тиіс. Ол үшін одаққа креатив басшы керек сияқты.

Дайындаған Гүлзина БЕКТАС, Айдана НҰРМҰХАН

Бөлісу:

2 пікір жазылған

  1. Кәрім Байқұт 20 Желтоқсан, 2017 at 17:56 Жауап

    Біздің суретшілерге реформа емес, ең бірінші өнердің не екенін түсініп алу керек, дәл содан кейін ғана басқа мәселелерді қарастыру қажет сияқты.

  2. Кенес Жандос 18 Қаңтар, 2018 at 00:54 Жауап

    Берстенов Жанарбек деген кісі бар. Одаққа төраға болып келсе, сол жасар еді реформаны. Өзі сондай ұлт өнерінің жанашыры

Пікір жазу


*