Қазақстан өнімдері Ресейде сатыла бастады

1276
0
Бөлісу:

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлт жоспары – бес институттық реформаны жүзеге асыру бойынша 100 нақты қадам» жобасы қоғамның әр саласында қолдау тауып, ерекше қарқынмен жүзеге асып жатыр. Сөзімізге дәлел ретінде мына ақпаратпен қуана бөліскіміз келеді. Kazakh Invest ұлттық компаниясы отандық өндірістің тауарларын Ресей Федерациясының сауда желілеріне жеткізумен айналыса бастаған. Қазіргі кезде 10 қазақстандық өндірушінің өнімі Ресей дүкендері сөрелерінен орын алған. 

Алғаш рет Kazakh Invest компаниясының бұл жобасы 2016 жылы іске қосылып, сол кезде қазақстандық компаниялар Ресейдің «Мария-Ра», «Кировс­кий» өңірлік сауда желілеріне өнім жібере бастаған. «Ресейдегі қазақстандық тауарлардың апта­лығы» акциясы Новосібір, Санкт-Петербор, Барнаул, Кемерево, Томск, Новокузнецк қалаларында өткізіліп, бұл отандық өнімдердің 900 сауда нүктесінде сатылуына жол ашты. Былтыр Qazaq Organic Food, KazMeat, Halal Kazakhstan брендтерінің құрылуы шет жердегі қазақ саудасының тынысын кеңейте түскен. Іргелі істер биыл да жалғасын тапты. Отандық өнімдердің Ресей нарығындағы бәсін арттыру мақсатында Kazakh Invest бірнеше сауда желісін ашты. Мәселен, Томскіде «Лама» компа­ниялар тобы аясында – Interspar, Spar, ФудCity, «Абрикос», Архан­гельск, Северодвинскіде «Перовс­кий», «Петромост» дүкендері білек сыбана іске кірісті. Осылайша, белгілі қазақстандық брендтер Ресейдің 1000-нан астам гипермар­кеті мен дүкенінде самсап тұр.
«Қазақстандық тауарлардың Ресейдегі апталығы» деп аталатын кең көлемді акция осымен екінші жыл қатарынан мемлекеттің қолдауы­­мен жүзеге асып отыр. Бұл тура­лы федералдық, өңірлік телеар­­налардан жарнамалар беріліп, қалаларда билбордтар ілініп, сауда үйлерінің ішінде түрлі шақыртулар жапсырылған.
– Ең бастысы, осы жобаның арқасында ресейлік тұтынушылар қазақстандық тауарларды бағалай бас­тады. Акция өткізілгеннен кейін жеткізіп беру туралы келісім­дердің көбісі ұзартылып, қа­зақстан­­дық тауарлар ресейлік на­рықты жаулады, – деді Kazakh Invest ұлттық компаниясының бас­­қа­­ру­шы директоры Жалил Болатов.
Ресей сауда желілеріне негізі­нен, шырындар, сусындар, ли­монад, ұн, макарон өнімдері, шай, конфет, шоколад, майонез, кетчуп тағы да басқа тауарлар ұсынылып отыр.
– Қазақстандық тауарларды Ресей нарығына жеткізу ресейлік серіктестермен әріптестік ор­натуға үлкен мүмкіндік сый­лады. Осы арқылы біз көрші елдің нарығына шығып, өз өнім­деріміздің қабілеті мен пайдалану аясын кеңейтеміз. Қазір біз аз көлемде жеткізіп жа­тырмыз, бірақ алдағы уақытта экспорт көлемі қазіргіден 3 есеге дейін артады деп үміттенеміз. Мұндай жобалар бизнесті дамытуға ерекше ықпал етеді, – деді «Жаңа-Әлжан диірмен комбинаты» ЖШС бас дирек­торы Қанат Тапаев.
«Алып мемлекеттің тұтыну­шы­­ла­ры үшін қазақстан­дық тауарлар аздық етпей ме немесе толық­қанды қамтамасыз ете алмай қаламыз ба?» деп алаңдауға еш негіз жоқ. Мәселен, экспорт көлемін 3 есеге дейін арттырамыз деп отырған «Жаңа-Әлжан диірмен ком­бинаты» күніне 550 тонна ұн шығарады. Одан өзге, компания құрамында жылына 12 мың тонна макарон өнімдерін өндіруге қауқарлы фабрика да бар. Жоғары өнім­ді­лікке ие зауытта ұн италиялық Ocrim және швей­цариялық Buhler компа­нияларының жабдығы ар­қылы бидайдың қатты сорттарынан өндіріліп шығарылады.
Расында, мұндай мемлеке­та­ралық экономикалық жобалар қазақстандық тауарлардың таны­мал­дылығын арттырып қана қой­май­ды, өңірлік брендтердің де дамуына әсерін тигізбек. Біздің тауарлар Ресейде өз тұтынушы­ларын тауып үлгергеніне қарап, отандық өнімдердің бәсекеге қабілеттілігін байқаймыз. Алдағы уақытта да «Қазақстанда жасалған» деген белгісі бар түрлі тауарлар Ресей дүкендерінің сөрелеріне түсе береді.

Абай АЙМАҒАМБЕТ

Бөлісу:

Пікір жазу


*