Біз іздеген «Болашақ» қайда?

2443
0
Бөлісу:

Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қаулысымен 1993 жылы енгізілген «Болашақ» стипендиясы талай жастың шетелде білім алып, білікті кадрларға айналуына мүмкіндік жасап келеді. 24 жылдың ішінде «Болашақ» 12 500 түлек даярлаған. Жыл сайын оқуын тәмамдап, шетел ассам дейтін ұл-қыздардың саны артты. Сапа да санға лайық болуы тиіс. Келген соң білімін кәдеге жарата алды ма, жұмыс тапты ма? Әлде, «Болашақтың» қызық дәурені сыбағасы мол стипендиямен тәмам болды ма? Түлектер қалай тіршілік кешіп жүр?
Өткен шақ
Өзге елге кімнің қандай ниетпен кетіп жатқанын бағамдау қиын. Алдына шы­найы мақсат қойды ма, әлде жұрттан қал­майын деп көшке ілесті ме, белгісіз. Бір анығы – «оқуға аттандым» деп құр қыды­рып қайтқан адамның өзі білім алып қайтады. Өйткені шет мемлекет – жаңа түсінік, жаңа таным. Айтулы универси­тетте білім алып, елге келіп бос жүрген де, мықты мамандық меңгеріп тіпті келмей қалғандар да баршылық. Осы уақытқа дейін 47 стипендиат елге оралмапты. «Жат ел жаққан-дағы». Белгілі блогер, медиатор, ағылшын тілінен дәріс беруші Асхат Еркімбайдың айтуынша, өз елінде өгейдің күйін кешіп жүргендерді көрген көзі ашық жастар болашағын шетелмен байланыстырады. Рас, «елін сатып кетіпті» дегенге қарағанда, «ілім іздеп кетіп, сол жақта жұмыс бабымен қалып қойыпты» деген әлдеқайда «тілге жеңіл, жүрекке жылы тиеді» емес пе?!


– Америкада оқып жүргенде сондай оймен келген жастарды кездестірдім. Бірақ бұл – өз күшіңмен болашағыңды жоспарлай аласың дегенді ұқтыра алмаған қоғамның кінәсі. Бастапқыда шетелде білім алу сәнге айналды. Себебі, шетелде оқу екінің біріне бұйыра бермеді. Кімнің не оқып келгенін түсіне бермедік. Соңғы он жылдың ішінде елді де, мамандықты да мақсатты түрде таңдап баратындар көбейді. Мәселен, Болашақтың есебін қарасақ, ағылшын тілінде білім беретін елдерді көбірек таңдап жатыр. Елге келген соң бірден жұмысқа араласқысы немесе әлемдік деңгейдегі компанияларда жұмыс істегісі келеді. Осы ретте біз алған білімін жүзеге асыра алатындай мүмкіндік жасап отырмыз ба, жоқ па дегенге көбірек алаңдау керек. Сол кезде шетелге кетпес бұрын студенттер «келген соң немен ай­на­лысамын» деген сауалға нақты жауабын тауып, шетелде мақсатына сәйкес, білім алады. Ал келген соң елде немесе кәсіби саласында не өзгеріс болатынын білмесе, алған білімін қандай мақсатта қолда­натынын түсінбей қайтып оралады, я біліктілігіне сұраныс тудырған қоғамда қалып қояды, – дейді оқытушы.

Пердьюден – «Інжуге»
Диас пен Айжан – АҚШ-та қалу мүмкін бола тұра, елге оралған ерлі-зайыптылар. Айжан Кәрібаева магистра­турада оқып жүріп, Колумбия универси­тетінде іс-тәжірибеден өткен. Жолдасы екеуінің неліктен Астана мен Алматыда қызмет етпегендерін түсіндірді. Маңыз­дысы – ұсыныс Тараздан түскен. Бірақ одан да маңызды себептер бар…


– Алматы мен Астанада «Бола­шақпен» оқып келіп, жұмыс істеп жатқан жастар көп. Олардың ат­қа­рып жатқан ша­руаларының пай­далы екеніне де еш күмән жоқ. Бірақ ол жас­тардың екі ірі мегаполисте жүріп атқарғандағы жұмы­сының еңбек коэффициенті аз болса, Тараз сияқты өңірлерге барғанда ол коэф­фициент еселене түседі. Себебі, аймақ­тарда ондай адамдар аз. Мәселенің тағы бір қыры «Болашақпен» бітіріп келген студент ірі компаниядағы қызметін ең төменгі баспалдақтан бастайды. Бас­тапқыда қатардағы менеджер болуы мүмкін. Ол қызметін, лауазымын көтере­мін дегенше 6-7 жыл қажет болады. Сөйтіп жүріп, баяғы жастық жігері, «тау қопарамын» деген амбициялары өліп қалуы мүмкін. Ал керісінше, өңірлерге, кішігірім қалаларға барсаң, ол жерде жылдам дамисың. Өз мүмкіндігіңді ашып көрсетіп, барынша пайдаланып, білім тұрғысынан да, қызмет тұрғысынан да өсуге мүмкіндік бар, – дейді Айжан.
Диас Индиана штатындағы Пердью университетін бітірген. О бастан, сандар­ға қызығып, актуарлық ғылым мен қол­данбалы статистикаға құмартыпты. АҚШ пен Түркияда қызмет етіп, темірқазық туған жеріне оралған. Қазір Тараз қала­сындағы 2013 жылы Мемлекет басшысы ашқан көпсалалы «Інжу» білім кешенін басқарып отыр. Балабақшасында – 280, ал мектепте 220 бала тәрбиеленеді. Ке­шен­нің жаңа әрі жас басшылары меке­менің менеджментін толықтай демок­ратияландырып, қағазбастылықты жо­йып, жаңа әрі ерекше білім жүйесін енгізуге күш салып жатыр.


– Шет елде жү­ріп байқаған көп айыр­машы­лық­тардың ішінен ең оңтайлы­ларын бірте-бірте жер­гілікті түсінікке бейімдеп енгізіп жатырмыз. Олар – өзін-өзі ұстау, қарым-қатынас мәдениеті, көш­басшылық мінез, білімдегі сапалы бәсе­келестік, халықаралық азамат түсінігі се­кілді сатылар. АҚШ-та оқып жүріп, үй­рен­ген нәрсе­лерімнің ішіндегі ең үздігі – бұл өзіңді-өзің көш­басшылыққа тәр­бие­леу. Америка мен Қазақстанның білім жүйесіндегі айырмашылыққа келер бол­сақ, ол елде әу бастан, кез келген сала адам­ның таңдау құқықтарын шектемеуге ба­ғытталған. Мысал ретінде алсақ, мек­теп оқушылары кішкентайынан өзінің таңдаған пәндерін оқу арқылы келешек мамандықтарын таңдайды. Мектеп бітіру үшін әрбір оқушы міндеттелген пәндер мен таңдау пәндерінен белгілі бір кредит ұпайларын жинауы керек. Сол кезде ғана мектеп бітіргені туралы құжатын ала алады. Мектеп қабырғасында бір сынып оқушысы деген түсінік жоқ. Әркім өзіне жауап береді. Бір пәнді 9,10,11 сынып оқушылары бір мезетте таңдаған болса, сабақта да бірге отыра береді. Осы секілді ерекшеліктер өте көп. Алайда біздің елдегі білімге қойылатын талаптар да еш кем түспейді. Ең бастысы – білім сала­ларын салыстыра отырып, оңтайлы шешімдерді өзіміздің жүйеге бейімдесек болғаны, – дейді Диас Жорабеков.
Олар «Інжуді» Тараздың білім сала­сын­дағы жаңаша бетпердесі деп санайды. Келгелі бері оқу орнында ағылшын тілін тереңдетуге күш салып, еркін сөйлейтін сапалы мамандарды жұмысқа алған. Кешенде қазір ағылшын тілі кафедрасы белсенді жұмыс атқарып жатыр. Дұрыс позицияға орнықпаған кадрларды да бірсыпыра ретке келтірген.


– Ата-ана­лар­дың да, ұжым­ның да басты мақ­саты – келе­шекте бала­лар­дың сапа­лы бі­лім алуы. Сол се­беп­ті, қандай да бір жаңалық енгіз­бес бұрын түсін­діру жұмыстарын жүргіземіз. Мұн­дағы мақсат – диалог. Сұрақтарға дер кезінде сапалы жауап беріп, күдік орнына үміт сыйлау. Бүкіл ойды жақсы келешекке бағыттау. Осылайша, жаңалықтарымызды жоғары деңгейде енгіземіз, – деп ойын білдірді жас директор.
Диас пен Айжан бастаған бастаманың бірі – балаларға ағылшын тілін 3 жастан бастап меңгерту. Қиын теория, күрделі тапсырмамен емес, ойын түрінде. Бала­ның санасына жеңіл әрі жедел сіңетіндей етіп. Бұдан өзге, «Интеллек­тум» страте­гиялық ойыны да енгізілген. Ол арқылы баланың IQ деңгейін арттыруға болады. Осылайша, олар сапалы білімді тек Алматы мен Астанада ғана алуға болады деген стеоротипті бұзбақшы.

Осы шақ
Айдие Айдарбеков New York Film Academy университетінде Filmmaking мамандығы бойынша білім алады. Ертеңгі күні кино сала­сында атымызды айдай әлемге бір та­нытса, осы Ай­дие танытар. Кішкен­тайынан «Болашақ» бағдар­лама­сымен «ауы­рыпты». Еліктеген, үлгі тұтқан адам­дарының бәрі дерлік, «Болашақ» түлектері екен. Оқу тәмам болған соң, туған еліне келіп қызмет етпек.
– Келгеннен кейін жұмыс таба­тыныма күмәндан­баймын. Қазақстан­да ки­ноин­­дустрия жақ­сы дамып келе­ді. Әлі де көп нәрселер істелуі керек. Соған тікелей өз үлесімді қоссам деймін. Біздің кино тура­лы бүкіл әлемнің әңгіме еткенін қалай­мын. Қазір екінші оқу жылын бастадым және көп құнды білім алғанымды сезініп жатырмын. Теориялық қана емес, тәжірибелік біліктілігім де еселеп артты. Бастапқыда оқу қиын болатын шығар деп уайымдағаным рас, бірақ келгелі бері алған бағам – кілең бестік. Үй тапсыр­маларын да бұлжытпай орындап, ұстаз­дарымның көңілінен шығуға тырысамын. Ағылшын тілін меңгеру тұрғысынан америкалықтарға аздап жол беретінім рас, бірақ ешқашан өзімді бөтен сезінген жоқпын. Мұндағы оқытушылардың бәрі кәсіби мамандар. Көбісі кинодан келген жандар. «Жұлдызды жол», «Өкіл әке», «Гладиатор» сынды фильмдерде жұмыс істеген білікті мамандар дәріс береді. Демек, бұл жерден бірдеңе үйренуге болады, – дейді Айдие.
Нұржан Ұлыбританияда Суррей университетін туризм мамандығы бо­йынша бітіріп шыққан. Қазір «оқып келген соң 5 жыл сабақ беруі керек» деген шарт бойынша Нархозда сабақ беріп жүр.
– Өте дұрыс мамандықты таңдадым. Англияда жақсы зерттеу жүргізуге үйре­теді. Одан бөлек, ағылшын тілін жетік сөйлеуді, жүйелі түрде жұмыс істеуді, шетелдік түпнұсқа материалдарды қол­дануды, бай тілмен ғылыми мақала жаза білуді үйрендім. Мысалы, біздің елде журналистика факультетін бітірмесеңіз, басқа салада оқып шыққан студенттер сауатты әрі бай етіп жаза білмейтіні рас қой. Ұлыбритания бұл жағынан біршама алда. Сапалы білімімді Алматыдағы Экономика және бизнес университетінің туризм кафедрасындағы студенттерге барынша сіңіруге тырысып жатқан жайым бар. Бірақ бұл жерде жалақы өте аз. Тіпті көңіл көншітпейді. Жас болған соң, қағазбен атқарылатын шаруаларды да жастардың мойнына іліп қояды. Одан кейін шығармашылықпен айналысуға уақыт қалмайды.
Өзіне салса, National tourism office орта­лығында жұмыс істегісі келеді. Алматының туризмін дамытуға арналған орталықта қызмет атқаруға да ұсыныс түскен. Бірақ 5 жылдық шартнамадан аттап шыға алмайды.

Келер шақ
Тілек шетелде оқығысы келеді. «Бола­шақпен». Арманы асқақ. Білімнің әде­биет­ке тигізер ықпалын сараптай келе, шекара асудың маңыздылығын түсін­діреді.


– Бізде қазақ тіліне аударылмаған шет­елдік авторлар өте көп. Джеймс Джойс, Марсель Пруст, Франс Кафка, Сэмюэл Беккет, Борхес, Борхет… тізбелеп кете беруге болады, тым ұзақ. Әдебиетке аяқ басқан жастар теология, мифология, экспрессионизм, модернизмді меңгерсе, әдебиетіміз едәуір алға жылжиды. Елбасы айтқандай, рухани жаңғыруымыз үшін потенциалы биік сауатты қазақ интел­лигенциясын қалыптастыру қажет деп түсінемін. Осы тұрғыдан алып қарағанда, тек ғылым саласынан емес, гуманитарлық саладан да шетелде білім жетілдірер азаматтар керек. Сол себепті, шетелде білім алып, бірнеше тілдерді еркін меңгеріп, аударма саласына өз үлесімді қосқым келеді, – деді ҚазҰУ студенті Тілек Ырысбек.

P.S.

Ақын Төлеген Айбергеновтің өлеңі бар:
«Сағынбай барсаң таулар да сенің алдыңнан шықпас асқақтап,
Ойлауы мүмкін дүниені мынау кеткен екен деп тас қаптап.
Үмітке толы, арманға толы, әр жерде бір түп қарағай,
Сағынбай жүрсе қалуы мүмкін жамырасуға жарамай…».
Айбергенов айтқан «сағыныштан» – аттанбас бұрын арманың, мақсатың, келгеннен кейінгі көрер нәтижең айқын болсын, көкейдегі мақсат-мүддең адырнадай тартылып, пісіп-жетіліп тұрсын деген ойды да аңғарар едік. Дәл сол қисынды «Болашаққа» да қатысты айтқымыз келеді… Сағынбай шықпа, сапарға!

Абай АЙМАҒАМБЕТ

Бөлісу:

Пікір жазу


*