ҚЫЗ БАҚҚАННАН…

731
0
Бөлісу:

Тұңғышымыз да қыз, кенжеміз де қыз болып, бір Алла бізге осы екеуін бұйыртыпты. Қыз балаға шешесі ие.

«Қыз баққаннан қысырақ баққан оңай» деген мәтелдің бар екені тұң­ғы­шы­мыз мектептің соңғы сыныбында оқып жүргенде есімізге оралды.
«Анау керек, мынау керектен» бас­тап, шешесінің зарлауы бойынша, қы­­зымыздың киім-кешегін соңғы сы­ныбында ай сайын жаңартып тұрып­пыз. Жүріп-тұруы, қыдыруы, ырду-дырдуы, басқа бар – мұнысына екеу­міз­дің айлығымыз әрең-пәрең жетіп тұрып­ты.
Сондағы шешесінің көл болған көз­ жасын көрсең… Қайтесің, көнесің, «бас­қа салса, басбақшыл» деген.
Сол қызымыз мектебінен «түлеп» ұшып, үлкен қаладағы оқуға барып түс­­кендегі шешесінің қуанғанын көр­сең…
Алғашқы айында-ақ тұңғышымыз «анау керек, мынау керек» дегенінде бая­ғы байғұс шешесінің зар-мұңын естіп, мен де пұшайман болғаным бар.
Не керек, бала бауыр етің, көнеді екен­сің.
Оқыған екі жылында арша етіміз бор­ша болып, барымыз таусылып, жү­деп-жадай бастаған шағымызда, ше­шесінің көз жасын көрді ме, бір-ақ күн­де қызымыз күйеуге шығып көз жа­нарымыз жарқ еткені…
Ойпыр-ай, сондағы тойда ше­шесі­нің қуанғаннан қалқып-шалқығанын айтсаңшы.
…Барған жерден бағы ашылмай, екі-үш рет қайтып келіп, баяғы шеше­сінің самай шашын ағартып…
Не керек, ажырасып тынып, жиен не­мерені тәй-тәй басқан күйі бізге бұйыр­тып, өзі анау үзіліп қалған оқуын жал­ғастыру үшін үлкен қаласына тай­ды да тұрды.
Зымыраған заман-ай, тұңғышпен «тұн­шығып» жүріп байқамаппыз, кенже қызы есейіп, «Құдай қаласа» мі­не-міне мектептің де соңғы сыны­бына барады екен… Ұқсамасаң тума­ғыр, жүріс-тұрысы, киім киісі дейсің бе, өзі де, сөзі де әпкесінің дәл өзі… Ше­шесіне «анау керек, мынау керек» деп алғашқы әңгімесін айтып отыр­ғанын құлағым шалып қалды…

Берік САДЫР,
«Жатыпатардың»
Астанадағы тыңшысы


«Жатыпатар»  жаңылтпаш

Көптен тіресіп жүр,
Сырттай сіресіп жүр,
Сіресіп күресіп жүр,
Тіресіп сіресіп жүр,
Текетіресіп жүр…

* * *
Жеп-жеп тұтығып,
Көп жеп тұтылып,
Тұтығып,
Тұтылып,
Кетті-ау құтылып…

* * *
Тыржалаңаш,
Бір жалаңаш,
Жүр жалаңаш.
Бір жалаңаш,
Жүр жалаңаш,
Тыржалаңаш.

Қазыбек ӘШІРБЕКҰЛЫ,
«Жатыпатардың» Қызықордадағы тыңшысы


 

Айдай-ей…

Сайран да салар кетіп күн,
Сессия, бізге жетіпсің.
Семестр бойы оқымай,
Мен неменеге жетістім.
Дәрістерді тыңдамай,
Дәптерлерді былғамай
Сонда да шеберлікпенен
Семинарлардан өтіппін.
Информатиканы менсінбей,
Жүрегіне апайдың
Өшпенділікті бекіттім.
Қырсыққанда балл қоярда
Дәптерді ұмытып кетіппін.
Солай да солай қарағым,
Нашарлап кетті сабағым.
Отыз балға жетпесем,
«Автомат» қайдан аламын?
«НБ-лерімді» құрта алмай,
Таусылды менің амалым.
Сессияны ойласам,
Жасқа толар жанарым.
Жиырма балға жете алмай
Шерменде болып барамын.
«НБ-ім» де менің көп тегі,
Айналдырғандай тек мені.
Аласапыран айналам,
Заманым аумалы-төкпелі.
«Автоматтарға» қарық боп,
Группаның жүр кейбір дүр
Ханымдары мен бектері.
Бұлай жүрген оқудан
Жақсы екен ауыл мектебі.
Көбі қару алыпты
Майдан болып кеткендей
Алатаудың бөктері.
Қыратын жауды «автомат»
Бізге қарай жетпеді.
Мұнымыз енді арманға
Қол созғандай ғой көктегі.
Құрығанда бізге бере тұратын
Басқаша қарулар жоқ па еді?
Айдай-ей, Айдай-ей, Айдай-ей…


 

Амалым қанша…
Жіберер үйге сен бе едің жүйрік шырағым,
Өзіңді талай мұғалімдерден сұрадым.
Ала алмай сені шерменде болып сабақта,
Амалым қанша еңіреп талай жыладым.
Ессіз де менің етегім келмей қымтауға,
Түк сабақ айтпай, ұқсап барамын мылқауға,
Бес балл жетпеген қарусыздығым болмаса
Елу балға да, елу балға да мың тәубе.
Амалым қанша, елу балға да мың тәубе!
Боларсың апай әнімді менің естіген,
Таба алмай жауап алдыңда сенің өштім мен.
Жоғалтып дәптер, ұрысыңды естіп сабақта
Амалым қанша жалқаудың күнін кештім мен.
Жалқаудың күнін кештім мен.
Есіркей көрші, мүсіркей көрші өтінем,
«Автомат» қойсаң жетім қозыдай жетілем.
Ведомостқа қойған бағаңыз апай сол болса,
Несіне налып, несіне налып өтінем.
Амалым қанша, несіне налып өкінем.
Ертерек бітіп, ауылға қарай шығар ем,
Әттең-ай, әттең, дүние неткен шұбар ең.
Бермей тұр маза, келмей тұр маған қырсығып,
«Автомат» деген, «Автомат» деген бір бәлең!


 

Жұлынған жыр

Көп емес істейміз деп аз күнәні,
Пенделер өзін алдап мәз қылады.
Шайтаннан гөрі кейде мына бізді,
Азғырған адамдар азғырады.

Жандарбек Бұлғақов

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*