Бағдарламалар өңірлерде қарқын алды

1050
0
Бөлісу:

«Нұр Отан» партиясының Мәжілістегі фракциясы жанындағы «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық инфрақұрылымын, сумен және жылумен жабдықтау желілерін жаңғырту, тұрғын үй инфрақұрылымын нығайту» бағыты бойынша комиссияның отырысы өтті.

Отырысқа депутат Б.Оспанов жетекшілік етіп, инфрақұрылымды дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы мен «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылыс бағдарламасын іске асыруға Ұлттық қордан және бюджеттен бөлінетін қара­жаттардың мақсатты мен тиімді жұм­салуына бақылау жүргізу туралы айтты. Комиссияның негізгі міндеті – мемлекеттік қаражаттың мақсатты және тиімді жұмсалуына партиялық бақылау жасау, оны игеруге талдау жүргізу, сондай-ақ проблемалық мәсе­лелерді зерделеуді және «Нұрлы жол», «Нұрлы жер» бағдарламаларын жүзеге асыруға бағытталатын қаражатты тиім­ді пайдалануды жетілдіру жөнінде ұсы­ныстар әзірлеуді қамтамасыз ету.
Іс-шараға Мәжіліс және облыстық мәслихат депутаттары, «Нұр Отан» партиясы Орталық аппаратының, сондай-ақ Инвестициялар және даму министрлігінің, Шығыс Қазақстан және Қызылорда облыстары әкімдіктерінің, ұлттық компания өкілдері қатысты.
Биылғы қараша айында «Нұр Отанның» Мәжілістегі фракциясы жанындағы аталған комиссия, партия­ның аймақтық филиалдарымен және облыстық мәслихаттардағы «Нұр Отан­ның» депутаттық фракциялары жанын­дағы ұқсас комиссиялармен бірлесіп, «Нұрлы жол» және «Нұрлы жер» бағ­дар­ламаларының Шығыс Қазақстан және Қызылорда облыстарында жүзеге асырылуына тексерістер ұйымдастырған болатын.
Инвестициялар және даму минис­тр­лігінің Құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері жөніндегі комитетінің мәліметтері бойынша 2017 жылы «Нұрлы жол» бағдарламасы шеңберінде жүзеге асырылып жатқан инвестициялық 103 жобаға 48 млрд теңге бөлінген. Бұл қаражаттың 11,56 млрд теңгесі және 47 жобасы екі облыстың еншісінде. Атап айтқанда, Қызылорда облысына – 5,787 млрд теңге және 36 жоба, ал Шығыс Қазақстан облысына 5,777 млрд теңге және 11 жоба тиесілі.
«Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 2017 жылы – 99 мың тұрғын үй, соның ішінде мемлекеттік қаржы есебінен 22,4 мыңнан аса пәтер салу жоспарланып отыр. Жедел деректер бойынша өткен 10 айда тұрғын үй құрылысына 744,8 млрд теңге инвестиция құйылған, бұл ретте оның 120 млрд теңгесін мемлекеттік инвестиция құрайды.
Жалпы алғанда 8,7 миллион шаршы метр немесе 76,7 мың баспана ел игілігіне тапсырылған. Соның ішінде бағдарлама бойынша мемлекеттік қаражат есебінен 12,9 мың пәтер берілген, яғни өткен жылмен салыстырғанда, тұрғын үй салу деңгейі 10 пайызға өсіп отыр.
2017 жылғы 1 қарашадағы жағ­дай бойынша Қызылорда облысында – 512,4 мың шаршы метр немесе 4 мың 462 тұрғын үй, ал Шығыс Қазақстан облысында 244,3 мың шаршы метр немесе 2 мың 56 тұрғын үй іске қосылған.
Комиссия отырысында Инвестиция­лар және даму министрлігінің Құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері жөніндегі комитеті төрағасының орынбасары Б.Шахановтың, сондай-ақ «Нұрлы жол» мен «Нұрлы жер» бағдарламаларының өз өңірлерінде жүзеге асырылу барысы туралы Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары С.Ақтановтың, Қызылорда облысы әкімінің орынбасары С.Сүлейменовтің баяндамалары тыңдалды.
Комиссия отырысының қорытындысы бойынша ұсынымдар қабылданды.
Отырыстан кейін «Нұр Отан» пар­тия­сының парламенттік фракция­сы жанындағы комиссия жетекшісі Б.Оспанов Қарағанды, Шығыс Қазақ­стан және Қызылорда облыстық мәс­ли­хаттарындағы «Нұр Отан» фрак­циясы жанындағы «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық инфрақұрылымын, су және жылумен жабдықтау желілерін жаңғырту, тұрғын үй инфрақұрылымын нығайту» бағыты бойынша Ұлттық қордан және бюджеттен бөлінетін қаражаттың мақсатты және тиімді жұмсалуына бақылау жүргізу жөніндегі комиссия басшыларымен жеке кеңес өткізді. Онда мемлекеттік бағдарламаларға бақылау және мониторинг жүргізу барысында және мемлекеттік органдардан сапалы ақпараттар жинау кезінде кездесетін мәселелер ашық талқыланды.

Айхан ШӘРІП

Бөлісу:

Пікір жазу


*