Ауыл шаруашылығы ғылымға сүйенуі керек

1086
0
Бөлісу:

Жамбыл өңіріне іссапармен келген Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев алдымен бірқатар әлеуметтік нысандарды аралап, М.Дулати атындағы ТарМУ Тұңғыш Президент залында Алматы, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, Жамбыл облысы ауыл шаруашылығы саласының мамандарының қатысуымен өткен «Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту» кеңесіне қатысты. Үкімет басшысы алқалы жиында алдымен ауылшаруашылық өнеркәсіпті дамытуда сапаға назар аудару қажетін алға тартты.

– Біз мұның алдында ғана Солтүстік облыс өкілдерімен осындай жиын өткіздік. Дегенмен оңтүстік өңірлердің өзіндік ба­­ғыты бар. Ауыл шаруашылығын
дамыту – ұлттық қауіпсіздікті назарға алу. Оның үстіне Қазақстан өте тиімді территорияда орналасқан. Алыс-жақын шет елдерге өнімді экспорттау өте ыңғайлы. Алдымен бәсекелестікті арттыру керек. Сапа болса өнімге де сұраныс болады. Сондықтан бүгінде Қазақстан өніміне сұраныс та артып отыр. Ауылшаруашылық кәсіпорындар экспортқа өнім шығаратын болса, барынша көмекті соларға беруіміз керек. Оның үстіне ғылымсыз ешқайда бармайтынымыз тағы анық. Жетістіктерге қол жеткізу үшін ғылымға сүйену, табыс табудың көзі болады. Жалпы, ауылшаруашылық кәсіпорын өкілдері ғылыми ортаға сұранысты өздері ұсынған ұтымды болмақ. Болмаған жағдайда ғылымдардың ұсынысы шаруаларға керексіз болып жатады. Осы мәселеге де назар аударған жөн, – деді Бақытжан Әбдірұлы.
Жиында аймақ басшысы Кәрім Көкірек­баев «Жамбыл облысы агроөнеркәсіп кешенінің бүгінгі жай-күйі және дамыту перс­пективалары» тақырыбында баяндама жасады.
– Өңірдің ауыл шаруашылығы сала­сы жылдан жылға даму үстінде. Бұған Агро­өнеркәсіп кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдар­ла­масының іске асырылуы оң септігін тигізуде. Бағдарлама аясында биылғы жылы саланы дамытуға 16 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Мемлекеттік қолдау нәтижесінде, бүгінгі күні 220 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, 3,6 пайызға артты. Келер жылға облыстың ауыл шаруашылығын дамы­туға жергілікті бюджеттен 10,5 млрд те­ң­ге қарастыру жоспарлануда. Өңір­дегі «Казфосфат» кәсіп­орны минералды ты­ңайтқыштармен респуб­ликаның ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін қамта­ма­сыз етіп отыр. Елба­сы тапсырма­сына сәйкес облыста «Химпарк «Тараз» арнайы экономикалық аймағын құру жұмыстары жүргізілуде. Жалпы инвестиция көлемі – 274 млрд теңге. Бүгінгі күнге «Химплюс» компаниясы Қытай әріптестірімен бірлесіп, глифосфат және фосфор өндіретін кешеннің құрылыс жұмыстарын бастап, 2018 жылы аяқталуы тиіс, – деді Кәрім Нәсбекұлы. Алқалы жиында ауылшаруашылық саласы және ғылыми институт өкілдерінің пікірлері де тыңдалды.

 

Ерман ӘБДИЕВ
Жамбыл облысы

Бөлісу:

Пікір жазу


*