Медианарықтың жаңа белесі

707
0
Бөлісу:

Алматыда еліміздің БАҚ нарығын дамыту мәселелеріне арналған Х конференция өтті. Биылғы медиақұрылтайдың тақырыбы – «Медианарық: жүйелі өзгерістер және жаңа көзқарастар белестері». Шараны Баспасөз клубының президенті Әсел Қарауылова ашты.
Жиынның басты панельдік мәжілісі «Медианарықтағы жүйелі өзгерістер» деп аталды. Мұнда медиа саласының еліміздегі жалпы экономикалық және саяси жүйесіне ықпалы талқыланды. Internews өкілдігінің директоры Ержан Сүлейменов жетекшілік еткен бұл алаңда «Медиа альянс» басқарма төрағасы Арманжан Байтасов, «Талап» қолданбалы зерттеу орталығының дирек­торы Рахым Ошақбаев, «Нархоз» университетінің ректоры Кшиштоф Ры­биньски мен саясаттанушы Айдос Сарым спикер қатарында сөз сөйледі.
Ақпарат және коммуникациялар ми­нистрі Дәурен Абаев шараға арнайы келіп, журналист қауымның көкейінде жүрген бірқатар сауалдарға жауап берді.
Панельдік мәжіліс медианарық дамуын­дағы басты трендтер тақырыбына арналды. Informburo ақпараттық порталының бас редакторы Михаил Дорофеев жүргізген бұл мәжілісте де еліміздің беделді басылымдары мен жетекші зерттеу институттарының өкілдері сөз сөйледі.
Сонымен қатар құрылтай аясында отан­дық бұқаралық ақпарат құралдары мәрте­бесін көтеру мүмкіндіктері, инвестор тарту­дың жаңа тәсілдері, медиаиндустрия­дағы білім беру элементі мен журналистік кадр­лардың білім сапасын көтеру жолдарына арналған сессиялар өтті. Мұнда Vlast.kz интернет-журналының бас редакторы Вячеслав Абрамов пен «Капитал» баспа үйінің директоры Мира Халина қызмет ба­бындағы, басылымға жетекшілік ету бары­сындағы тәжірибесімен бөліссе, «Қазақстан қор биржасы» акционерлік қоғамының бас­қарма мүшесі, бизнесті дамыту жөніндегі басқарушы директоры Қайрат Тұрмағам­бетов БАҚ өнімдерін бизнес көзіне айнал­дырамын дегендер үшін қаржы тартудың тәсілдерін баяндап берді.
Медиаиндустриядағы білім беру деңгейінің түйткілді мәселелері жайында ЮНЕСКО-ның Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан бойынша Алматыдағы кластерлік бюросының ақпарат және коммуникация мәселелері жөніндегі маманы Сергей Карпов, «Қазмедиа орта­лығы» журналистика мектебінің директоры Махаббат Есен, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры Ғалия Ибраева сөз сөйлеп, ойларын талқыға салды. Forbes Kazakhstan журналының бас редакторы Асқар Әукенов пен Ratel.kz жетекшісі Марат Әсіпов бұл проблеманың тәжірибелік тұстарын тақырыпқа тұздық етті.
Медиақұрылтай шетелден келген журналист-меймандардың шеберлік сағаттарына ұласты. NBS National news, CBS National news репортері Барбара Рейлтцтің БАҚ-тағы жаңалық тарату стратегияларына тоқталса, Солфорд университетінің өкілі Марек Бекерман «Жалған жаңалықтар дәуі­ріндегі журналистік стандарттар» мәселесі турасында сабақ өткізді. Сондай-ақ MEDUZA ақпараттық сайты бас редак­торының орынбасары Александр Поливанов түсіндірмелі журналистика ұғымы жайында сөз қозғап, заманауи медиадағы жаңа жанр­дың басты тәсілдері мен әдістері арқылы ақша табу жолдарын айтып берді.

 

Айдана НҰРМҰХАН

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*