Елбасы ұсынған жоба мақұлданды

1338
0
Бөлісу:

Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар Құқық қорғау органдары қызметін түбегейлі жаңғыртуды қарастыратын Президенттің түзетулерін қолдады. Елбасының заң шығару бастамасы негізінде, ұсынылған құжат еліміздің Қылмыстық-процестік кодексіне, «Жедел-іздестіру қызметі туралы» және «Прокуратура туралы» заңдарға қылмыстық сот ісін және жалпы құқық қорғау қызметін жаңғыртуға бағытталған өзгерістер енгізуді көздейді.

«Кейбір заңнамалық актілерге құқық қорғау қызметінің процестік негіздерін жаңғырту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңының жобасын депутаттар бірінші оқылымда қарап, мақұлдады.
Бас прокурор Жақып Асанов бұл жобаны өзінің заң шығару бастамашылығы құқығын пайдалана отырып, Парламентке Мемлекет басшысы енгізгенін еске салды. Ол тәуелсіздік жылдарындағы мемлекет тарапынан жасалған еліміздегі қылмыстық хал-ахуалды жақсарту бойынша шараларға қысқаша тоқталды. Атап айтқанда, қылмысты есепке алу күшейтілді, әсіресе, экономикалық қылмыстар бойынша жазалар мақұлданды, түрмедегілердің саны азайтылып, сонымен қатар жекелеген қылмыстардың санаттары бойынша жауаптылық қатайтылды.
– Жалпы алғанда заңдарды жетілдіру – тұрақты, тоқтамайтын процесс. Оны терең ойластырып, таразылап, кезең-кезеңімен жасаған дұрыс. Бұл ретте адам құқығы, қылмыспен күрес арасындағы теңгерім бұзылмауға тиіс, – деді бас про­курор. Оның айтуынша, заң жобасының жаңалықтарын екі бөлікке бөлуге болады. Оның біріншісі – адам құқығын қорғауды күшейтсе, екіншісі – процесті үнемдеуге бағытталған.
Адам құқығын күшейтудегі жаңа­лықтар – «соттың санкциясынсыз азамат­тарды қамауда ұстау мерзімін қазіргі 72 сағаттан 48 сағатқа, кәмелетке толма­ғандар үшін 24 сағатқа дейін қысқартуды», «экономикалық қылмыстар бойынша күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы қабылданатын негіздер санын азайтуды», «азаматтарға өздеріне қатысты жасырын тергеу әрекеттері жүргізілгені туралы кейін міндетті түрде хабарлауды», «адвокаттар­дың өтінішхат ұсыну мен дәлелдемелерді жинау бойынша құзыреттілігін кеңейтуді» көздейді.
Сонымен қатар Ж.Асанов тағы бір өзгерісті атап өтті. Оған сәйкес, бұдан бы­лай «іс қандай фактімен тіркелсе, тергеу­шілер тергеуді тек соның шеңберінде ғана жүргізуге» міндеттеледі.
Қылмыстық процесті үнемдеуге бағытталған өзгерістер қатарына Бұйрық өндірісі институтын енгізуді және істерді электрондық форматқа ауыстыруды атауға болады. Бұйрық өндірісі бойынша қыл­мыстық іс айқын, күрделі емес істерде, күдік­тінің кінәлілігіне ешқандай күмән болмаған жағдайда, жеткілікті түрде дәлел­демелер табылғанда және жәбірлену­ші қарсы болмағанда жүргізіледі. Осындай істер тіркелгеннен бастап соттың айыптау үкімінің шығуына дейін кететін мерзім орташа есеппен 10 күнді құрамақ.
Қылмыстық процесті цифрландыру «бюрократиядан құтылуға», «қажет анық­тамалар мен келісімдерді жұмыс орнынан шықпай, электронды түрде алуға» мүм­кіндік береді, құқық қорғау органдарының «іс материалдарын жоғалтуы мен бұр­малауы фактілерін» болдырмайды.
«Ең бастысы – цифрландыру адам құқығын қорғауды күшейтеді. Бүкіл процесс алақандағыдай айқын болады. Прокурорлық бақылау артады. Сыбайлас жемқорлық азаяды. ІТ жүйе тергеушінің, прокурор мен судьяның жұмысын анағұр­лым жеңілдетеді» деді Жақып Қажманұлы.
Қазір пилоттық режимде еліміздің 6 облысында 400-ден астам іс электрондық форматта тергелуде екен. Сонымен қатар 200-ге жуық санкция алыныпты. Бас прокуратура дайындаған ІТ жүйе – бюд­жеттен қосымша қаражатты талап етпей­тіні ай­тылды. Қылмыстық істерді толықтай цифр­лық форматқа көшіруді 2018 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.
Депутаттар президенттік заң жобасы­ның мазмұнын жоғары бағалады. Олардың айтуынша, жалпы, бұл заңнамалық түзету­лер азаматтардың қылмыстық процесте қорғалу деңгейін арттыруды және процес­тің қуғын-сүргіндік сипатын төмендетуді көздейді.
Осы отырыста, палата Әкімшілік құ­қық бұзушылық туралы кодекске түзетулер енгізетін жаңа заң жобасын екінші оқы­лымда мақұлдап, Сенатқа жолдады. Екінші оқылымға даярлау барысында депутаттар тарапынан айтылған «келтірілген зияны аз әкімшілік құқық бұзушылықтар инсти­тутын» қайтаруға қатысты норма қабыл­даныпты. Сондай-ақ «әкім­шілік жазаның бір түрі ретінде ескер­ту жасау», «айыппұл төлеу қажеттігі туралы нұсқау­дың адам­дарға дұрыс жеткізілуі», «биз­неске әкім­шілік қысымды азайту» бойынша ұсы­ныс­тар енгізілді. Сонымен қатар депу­тат­тар азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін нашарлатуға әкеп соғады деп тапқан нормаларды заң жобасынан алып тастады.
Жалпы, отырыс соңында халық қалау­лылары депутаттық сауалдар жолдады.

Елдос СЕНБАЙ

Бөлісу:

Пікір жазу


*