Үшжылдық бюджетті өзгертті

1224
0
Бөлісу:

Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен жалпы отырыстарында сенаторлар алдағы үш жылға арналған республикалық бюджетке түзету енгізді.
Қазақстанның үшжылдық әлеуметтік-экономикалық даму болжамы мен Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт алуға қатысты заң жобасын таныстырған Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовтің айтуынша, алдағы жоспарлар «мұнай бар­релінің бағасы 45 доллар болады» деген болжамға негізделуде.
«Жалпы ішкі өнімнің нақты өсімі – 2018 жылы 3,1 пайыз деңгейінде, кейіндері – 2022 жылға дейін 4,2 пайызға өседі деп бол­жанады. ЖІӨ 2018 жылы 55 триллион 906,2 миллиард теңгеден 2022 жылға дейін 75 трлн 875,4 миллиард теңгеге дейін өседі. Жан басына шаққандағы ЖІӨ 2018 жылы 9 мың доллардан 2022 жылы 11,7 мың дол­ларға ұлғаяды» деді бас экономист. Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт түрінде 2018 жылы 2,6 триллион теңге, 2019 жы­лы 2,3 триллион теңге, 2020 жылы 2 трил­лион теңге алынады.
Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев депутаттарды ақша-несие саясаты туралы хабардар етті. Ол Ұлттық банктің негізгі ба­сымдылығы бағалардың тұрақтылығын қамта­масыз ету екенін, 2018 жылы инфля­цияның нысаналы дәлізі 5-7 пайыз шегінде бел­гі­леніп, 2020 жылға дейін бірте-бірте 4 па­йызға дейін төмендету көзделіп отырға­нын айтты. Ақша құнының негізгі көрсет­кіші болып табылатын мөлшерлеме биыл 12 па­йыздан 10,25 пайызға дейін тө­мен­детілген. Ұлттық банк дерегінше, жыл басынан бері теңгенің айырбас бағамы іс жү­зінде өз­герген жоқ, номиналдық сипат­тағы төмен­деу мөлшері 0,1 пайызды құ­рапты.
Сенаторлар «Қазақстан Ұлттық қоры­нан 2018-2020 жылдарға арналған кепілден­дірілген трансферт туралы» заңды қабыл­дап, Елбасының қол қоюына жолдады.
«2018-2020 жылдарға арналған респуб­ликалық бюджет туралы» заң жобасын қорғаған Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов елі­міздің үшжылдық басты қаржылық құ­жатының негізгі көрсеткіштерін мәлім етті. Дә­лірек айтсақ, 2018 жылғы жалпы түсім­­дер – 8 трлн 578,3 миллиард теңгені, 2019 жылы –
9 трлн 190,2 миллиард теңгені, 2020 жылы –
9 трлн 566,2 миллиард теңгені құрайды. Республикалық бюджеттің шы­ғыстары – 2018 жылы 9 трлн 217,9 мил­лиард теңге, 2019 жылы – 9 трлн 798,2 мил­лиард теңге, 2020 жылы 10 трлн 219,7 миллиард теңге болады.
«Бюджет шығыстарының жалпы көлеміндегі әлеуметтік шығыстардың үлесін 44,6 пайыздан 47,6 пайызға дейін ұлғайту жоспарланып отыр. Жалпы, үшжыл­дық кезеңде осы бағыт бойынша шығыстар 13 трлн 434 млрд теңгені құрай­ды» деді Б.Сұлтанов. Оның ішінде әлеу­меттік қам­сыз­­дандыруға және азаматтарға әлеуметтік көмек көрсетуге 8,7 трлн теңге (оның ішінде 2018 жылы 2,6 трлн теңге) жұмсалады.
– Денсаулық сақтау жүйесіне 2018-2020 жылдарға арналған шығыстар 3 трлн 363,1 млрд теңгеге жетеді. Білім мен ғылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасына үш жылдық бюджетте 416,7 млрд теңге, оның ішінде 2018 жылға 206,7 млрд теңге көзделеді. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағ­дарламасы шығыстары үш жылға – 35 млрд теңгені, оның ішінде 2018 жылға 13,5 млрд теңгені құрайды. Нақ­ты сектор шығыстары үш жылдық кезеңде 3,6 трлн теңгені (2018 жылы 1 трлн 362,3 млрд теңгені) құрайды. Мәселен, «Нұрлы жол», «Нұрлы жер» және «Өңірлерді дамы­ту – 2020» сияқты бағдар­ла­маларды іске асыруға үшжылдық кезеңде 903 млрд теңге, оның ішінде 2018 жылы 470 млрд теңге бағытталады, – деді бас қар­жыгер.
Қосымша баяндама жасаған Қаржы және бюджет комитетінің төрайымы О.Перепечина бюджет жобасын талқылау барысында Сенаттың тұрақты комитеттері мен депутаттардан 127,7 млрд теңге сома­сын­дағы өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы 116 ұсыныс түскенін атап өтті. Үш жылдық кезеңге – 85,6 млрд теңге, оның ішінде 2018 жылға 22 млрд теңге сома­сын­дағы ұсыныстар қолдау тапты. 2018 жылы бұл ұсыныстарды қаржыландыру көзі «Үкімет резервін 4,8 млрд теңгеге азайту» және «2017 жылы іске асырылған «Құрық» пор­тының құрылысына көзделген шығыс­тарды 16,9 млрд теңгеге азайту» болды. Олардан босаған қаражат басқа бағыттарға бөлінеді.
Нақты тоқтала кетсек, Ішкі істер ми­нистрлігі мен гидрометеорологиялық қыз­мет бөлімшелерін материалдық-техникалық жабдықтауға – 6,7 млрд теңге, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда және Ақтөбе облыстарындағы экологиялық қолайсыз аудандар тұрғындарына үстеме бойынша қарызды өтеуге – 3,3 млрд теңге арна тартады. Мұның сыртында бірнеше өңірде денсаулық сақтау және спорт ны­сандарының құрылысы мен жаңғыртуға – 2 млрд теңге, сумен жабдықтау нысандары­ның, тұрғын үйлер, оның ішінде тұрғын үй құрылысы жөніндегі «Нұрлы жер» бағдар­ламасы аясындағы үйлер және инженерлік желілердің құрылысы мен жөндеу жұмыс­тарына, газдандыруға – 7,7 млрд теңге, су көлемін ұлғайту және өзен­дердің гидро­логиялық жағдайын жақсартуға 1,6 млрд теңге қосымша бағытталады.
Бір айта кетер жайт, қазақ әліпбиін латын қарпіне көшіруге және басқа да жалпы мемлекеттік шараларды іске асыруға тағы 700 миллион теңге бөлінетін болды. Заң жобасына өз түзетулерін енгіз­ген Сенат оларға қолдауын алу үшін Мәжіліске кері жіберді.
Сенат отырысына қатысқан Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев депутаттарға заң жобасын қолдағандары үшін алғыс айтты. «Бүгін өздеріңіз қабылдаған бюджет жобасы ел экономикасының тұрақтанып, ары қарай дамуына және Елбасы тапсыр­маларын толық орындауға мүмкіндік береді. Үшжылдық бюджетті талқылау кезінде сенаторлар көтерген мәселелердің бәрі Үкіметте шешімін табады» деп сендірді Үкімет басшысы.
Отырыс соңында сенаторлар С.Жақсы­беков «бюджеттік заңнаманы одан әрі же­тілдіру бойынша жұмыс тобын құру қажет­тілігі туралы», Ж.Нұрғалиев «ауыл шаруа­шылығы кешенін субсидиялау жү­йесіндегі түйткілді мәселелер» туралы, Г.Ким жол қауіпсіздігіне қатысты депутат­тық сауалдарын жария етті.

 

Айхан ШӘРІП

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*