Экономикамыз тұрақты дамып келеді

968
0
Бөлісу:

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Премьер-министр Бақытжан Сағынтаевты қабылдады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Мемлекет басшысы кездесу бары­сында Үкіметтің жыл басынан бері ат­қарып жатқан жұмыстарының нәти­желеріне тоқталып, экономиканың түрлі секторындағы мемлекеттік және салалық бағдарламаларды одан әрі сапалы іске асырудың маңыздылығына назар ау­дарды.
– Жыл аяқталып келеді. Осы уақыт ішінде көп жұмыс атқарылды. Біз EХРО көрмесін, Ислам ынтымақтастығы ұйы­мының ғылым және технологиялар жө­ніндегі саммитін өткіздік. Басқа да сала­лардағы жобаларды жүзеге асырып жа­тырмыз. Жалпы, экономикамыз тұрақты дамып келеді, – деді Елбасы.
Бақытжан Сағынтаев Қазақстан Пре­зидентіне биылғы 10 айдағы әлеуметтік-экономикалық дамудың қорытындылары жөнінде баяндап, бірнеше көрсеткіштер мен индикаторлар бойынша оң өзгеріс бар екенін атап өтті.
– Биылғы 10 айдың қорытындысы бойынша ішкі жалпы өнім 4 пайызға өсті. Барлық негізгі салалар бойынша қысқа мерзімді экономикалық индикаторлардың оң өсімі байқалуда. Сондай-ақ жыл соңына дейін еліміздің көлік-транзиттік әлеуетін арттыруға бағытталған жобалар­ды іске асыру арқылы жақсы нәтижеге қол жеткіземіз деген ойдамыз, – деді Премьер-министр.
Бұдан бөлек, Бақытжан Сағынтаев Нұрсұлтан Назарбаевты жалпы капиталға салынған инвестиция көлемі 6,5 пайызға өскені жөнінде хабардар етті. Премьер-министр бұл индикатор бойынша негізгі өсім ел экономикасына тартылған жеке инвестициялар көлемінің артуы есебінен болып отырғанын айтты. Соңында Мем­лекет басшысы бірқатар нақты тапсырма берді.

Бөлісу:

Пікір жазу


*