АЙТАРЫ БАР АЙТАХАНОВ

669
0
Бөлісу:

Күшті адамның күркірі күндік жерден естіледі. Бүгінде елімізге танымал тұлға Қуаныш Айтахановтың аты-жөніне бұдан бұрынырақта Қызылорда облысында қызмет атқарып жүрген кезімнен жақсы қанық едім. Сол кездері Оңтүстік Қазақстан облысының бірнеше ауданында әкім болып қызмет атқарған, кейін облыс әкімінің орынбасары дәрежесіне дейін жеткен айтулы азаматтың елдің игілігі жолында атқарып жүрген алуан түрлі ізгі жұмыстары жөнінде жылы хабарлар келіп жататын. Тумысынан жасампаздыққа жаны жақын азаматтың ешбір тапсырмасыз-ақ өзінің еркімен Арыс қаласынан Монтайтасқа жол салу, Ақсукенттегі орталық алаңды қайта жаңғырту секілді міндеттерді атқарып тастағанынан, бұдан қалды, бірнеше мемлекет және қоғам қайраткерінің атын ұлықтап, мерейтойын өткізгенінен құлағдар болғанбыз. 

Соңғы 12 жылын Парламент Се­на­ты­ның депутаты болып өткізген Қуаныш Ай­таханұлымен Астана төрінде танысып, та­бысып едік. Көрген бойда оның елде жүр­генде сырттай қаныққан атақ-даң­қы­нан бір де төмен адам емес екеніне кө­зі­міз жетті. Қай кезде де өзіне бей­нет тауып алып жүретін, елдің қамы үшін тыным тап­пай шапқылайтын мұн­дай адамды си­рек кездестірдім. Алғаш ара­ласа бас­таған күннен-ақ әріптес ағам­ның ақыл-парасатына, білім-білігіне қай­ран қал­дым. Бір ғажабы, Астана тө­рін­де жүрсе де, сонау алыста қалған елі­мен бірге ты­ныстайды. Жатса да, тұрса да ел-жұрттың жағдайын ойлаумен жү­ре­ді. Парламент мінберінен қаншама өзек­ті мәселені көтерді. Ол осы жылдарда де­путат ретінде билік органдарына 180 мәр­те депутаттық сауал жолдапты. Со­ның бәрінде елдің жағ­дайын жіті жет­кі­зіп­ті. Айтқанда тура кесіп айтады. Ке­сіп айтқаны сол, қан­дай маңызды мә­селелерді көтерсе де, оның шешілу жол­дарын өзі қоса ұсынады. Ел өмірінің тол­ғақты да түйінді мәсе­ле­ле­рін тиісті дәйек­тер мен деректер арқы­лы жеткізеді.
Сенат депутаты кезінде Қуаныш Айтаханов ТМД парламентаралық ас­сам­блея кеңе­сінің Экономика, аграрлық мәсе­ле­лер жөніндегі комиссиясының мүшесі бол­ды. Халықаралық беделді ұйым­ның биік мінберінен сөз сөйлеп, Қа­зақстан мүд­десін қорғап отырды. Елдің ішінде әлеу­меттік-экономикалық даму, мем­ле­кет­тік тіл, мәдениет пен де­мог­рафия, ауыл мен ауыл шаруашылығы­ның өр­кен­деуі, республикалық бюд­жет­тің атқа­ры­луы секілді мәселелер бойын­­­ша ешқашан ойын іркіп қалған емес. Не нәрсе айтса да, жеріне жеткізе біл­ді. Мәселені қоз­ға­са, оның артында хал­­қының қамы, жұр­ты­ның мұң-мұқ­тажы тұрды. Парламент де­путаты ретінде еліміздің әлеуметтік-эко­номикалық да­муы барысында орын алып отырған кемшіліктерді сынап, проб­лемалардан шығудың тетіктерін қарастырған талай мақала жазды. Осы уа­қыттары рес­пуб­ли­калық баспасөз бет­терінде, ғылыми жур­налдарда депутат-ға­лымның 200-дей ма­қаласы, 65 ғылыми ең­бегі жарияланды. Ол республикалық те­ледидар мен радио арқылы қоғамның өзек­ті мәселелері жө­нін­де үнемі ой қоз­ғап, пікір білдіріп тұр­ды.
Белсенді сенатор өткен жылы жер ре­фор­масына байланысты мәселе көте­ріл­ген кезде бұл пікірталастан шеткері қал­май, өзін салиқалы ойдың адамы еке­нін көр­сетті. Мәселен, оның жерді ше­кара­лас мемлекеттерге жалға бермеу ке­ректігі жө­ніндегі пікірі көпшіліктің көңі­лінен шық­ты. Бірақ бұл шекара маңын­дағы жер­лер игерілмесін деген сөз емес. Кері­сінше, республика азаматтары бұл жер­лер­ге көптеп қоныстанып, жерді пайда­лануы керек. Себебі, шекара ау­ма­ғын иесіз бос қалдыруға әсте болмайды. Бұл мә­селе Сенатта қаралған кезде де Айта­ха­нов айтарын айтып қалды.
«Күн тәртібінде «Қазақстан Рес­пуб­ли­к­асы шекарасы маңынан берілетін ауыл шаруашылығы жерлерін беруге шек­теу туралы» деп жазылыпты, – деді се­натор сонда сөйлеген сөзінде. – Шек­теу­ді кімге беру керек? Шетелдіктерге ме, жоқ қазақстандықтарға ма? Мына жерде қа­зақстандықтарға деп жазылыпты. Егер отандастарымызға болса, онда оған шек­теу қоюға мүлдем болмайды. Қайта, олар шекаралық жерлерді барып көбірек игер­сін. Неге біз қазақстандықтарға шектеу қоя­мыз? Егер Қазақстан азаматтары ше­кара маңынан жер алып, шаруашылығын жақсылап жүргізсе, ол шекара нығая бе­­­­реді. Сол себепті, бұл шектеуді қазақ­стан­дық­тар үшін мүлдем алып тастауымыз қа­жет» деді ол.
Осыдан-ақ депутат Айтахановтың аза­маттық позициясын айқын аңғаруға бо­лады. Мұндай принцип пен табан­ды­лық­ты ол осыдан бір жыл бұрын қымыз бен шұбат туралы заң қабылдануы керек­ті­гі жөнінде көтерген ұсынысында да ай­қын білдірді. Озық ойлы азамат ұлттық брен­діміз бола алатын дәстүрлі сусын­да­ры­мызды ұлықтауға келгенде алдына жан сал­мады. Бұған негіз бар еді. Бірін­ші­ден, халқымызбен ғасырлар бойы жаса­сып келе жатқан бұл екі сусын да адам ден­саулығына өте жақсы әсер етеді, им­мундық жүйені нығайтады. Ішкі құры­лыстағы көптеген ауруға ем. Сондықтан қы­мыз бен шұбатты қазір әлемнің көп­теген халықтары кеңінен қолдануды қол­­ға алды. Бірақ біз сол құндылықтары­мыз­ды тиісті дәрежесінде пайдалана алмай отырмыз. Осындай ойды тарқатқан депутат бұл сусындардың ортақ стандарты мен химиялық құрамы болуы керектігін де алға тартты. Осыған байланысты ғы­лы­ми-зерттеу институтының жұмысына өзіндік серпін берді.
Депутат Айтахановтың Үкіметтің же­ке тұрғын үй құрылысын қолдау кере­гі жөнінде мәселе көтергені де есте. Ол мұ­ны арнайы заң қабылдау дәрежесіне дейін жеткізу бағытында қозғады. Осы­лайша, елімізде баспана мәселесiн ше­шу­дiң ең тиiмдi жолы – жекеменшiк тұрғын үй құрылысын өркендетуге ынталық та­нытты. Жер кодексiнде қарастырылған азаматтарға тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскесін алуға құқық беретін норма орындалмай келеді. Бұған инфрақұрылым тартылмай, жер учаскелері берiлмейдi деген заң нормасы кедергі. «Осыған бай­ла­нысты бүгiнгi таңда жеке үй салу үшiн жер телiмiн алу кезегiнде қазiр 1,4 млн адам кезекте тұрған сияқты. Ол кезектi, әр­и­не, тексеру керек. Бiрақ соңғы он жыл­да олардың саны 14 есеге өсiптi. Бұл тұр­ғындар арасында наразылық тудыруда. Өйткені Жер реформасы жөніндегі ко­миссияға келіп түскен сұрақтардың 80 пайыз­дан астамы осы он сотық жерге қа­тысты болып отыр» деген едi сол жолы де­путат. Оның айтуынша, бүгінгі күні мем­лекеттің барлық азаматтарға үй салып бе­руге мүмкіндігі жоқ. Сол себепті, жеке аза­маттардың қаржысын, әлеуетін пай­даланып, жеке тұрғын үй салуға барынша қол­дау көрсетілуі керек. Сонда халық өз қар­жысы есебінен үй салып алуға бейім­деліп алады.
Міне, мұның бәрі Сенатта өте бел­сен­ді жұмыс жасаған депутат Қуаныш Айта­ха­нов еңбегінің бір парасы ғана. Мұндай жұ­мыс­тар оның 12 жылдық депутаттық ке­зеңінде өте көп болды. Біз мұның бір­қа­тарын Қуаныш ағаның 2006-2015 жыл­дары Сенат депутаты қызметіндегі ең­бектерін жинақтап шығарған «Ел ме­рейі жолында», «Сөз сұраймын», «Елге қыз-мет – басты міндет» атты кітаптары ар­қылы да біле аламыз. Оларда Айта­ханов­тың Пар­­ла­мент отырыстарындағы сөй­леген сөз­дері мен депутаттық сауал­дары, әр­түрлі ба­сылымдарда жарияланған мақала-сұқ­баттары топтастырылған. Сол сияқты ауыл шаруашылығы саласындағы өзекті мә­се­лелерді қозғайтын «Этапы ста­нов­ле­ния государственного регули­рова­ния сельс­кого хозяйства Республики Казах­стан», «Ауыл проблемалары» деген кітап­­тары, «Государственное регули­рова­ние раз­вития сельского хозяйства» атты оқу-әдістемелік кітабы қазіргі күндері жо­ғары оқу орындарында қосымша құрал ретінде пайдаланылып жүр.
Халқымызда «Мата жинама, бата жи» деген қанатты сөз бар. Біз білетін Қуаныш Ай­тахановтың мемлекет пен халықтан ал­ған марапаттарының саны бір басына же­те­ді. Ол елге сіңірген еңбегі үшін «Па­ра­сат», «Құрмет», «Құрмет белгісі» ор­­­ден­дері­мен, «Тың және тыңайған жерлерді игер­гені үшін», «Еңбек ардагері», «Қа­зақ­стан Республикасының Тәуелсіздігінің 10 жылдығы», «Қазақстан Республика­сы­ның Тәуелсіздігінің 20 жылдығы», «Қа­зақ­стан Республикасының Тәуелсіздігінің 25 жылдығы, «Қазақстан Республика­сы­ның Конституциясына 10 жыл», «Қа­зақ­стан Республикасының Конституциясына 20 жыл», «Қазақстан Республикасының Пар­ламентінің 10 жылдығы», «Астана», «Аста­наға 10 жыл», «Тың игеруге 50 жыл», «Тың игеруге 60 жыл», «Тәуелсіз Мемле­кетт­ер Достастығының парламентаралық ассамблеясы кеңесінің» және «Парла­мен­таралық ынтымақтастықты нығайту үшін» медальдарымен марапатталған. Бұған қоса, Қазақстан Республикасы Пре­зидентінің алғысхаты мен арнайы бел­гісін, Парламент Сенатының және Тәуел­сіз Мемлекеттер Достастығы елде­рінің парламентаралық ассамблеясы Кеңе­сінің Құрмет грамоталарын алған. Бұ­ған қоса, КСРО азаматтық қорғаны­сы­ның үздігі, Қазақстан Республикасы­ның білім беру ісінің үздігі, Ауыл шаруа­шылығы саласы үздігі белгілерін, Со­­­­­­­циа­листік жарыстың жеңімпазы, КСРО-ның халық шаруашылығын да­мытудағы 1981-1983 жылдардағы алтын жә­не күміс медальдарын, Оңтүстік Қа­зақ­стан облысының еңбегі сіңген медалін омырауына таққан. Оңтүстік Қазақстан облыстық кеңесі мен атқару комитетінің, об­лыс әкімшілігінің, облыстық мәсли­хат­тың бірнеше марапатына ие болған.
Қазір Қ.Айтахановтың өмір жолдары­на үңілсек, оның осы жетпіс жылға толып отырған ғұмыр сапарында білімі мен бі­лі­гін ұдайы жетілдіріп отырғанын бай­қар едік. Ол – көзін тырнап ашқаннан еңбек жа­лына жармасып өскен ұрпақтың көр­некті өкілі. 1947 жылы 14 қарашада Оң­түс­тік Қазақстан облысы Отырар (бұрын­ғы Қызылқұм) ауданы Отырар ауыл әкім­­шілігі аумағында қарапайым ұжым­шар мүшесінің отбасында дүниеге келген. Осында 1962 жылы «Кеңес» 7 жылдық мектеп бітіргеннен кейін Жамбыл зоотех­ни­калық-малдәрігерлік техникумына тү­сіп, 1965 жылы ауданға ветери­нар­лық техник болып оралады. Алғашқы ең­бек жолын аудандық мал дәрігерлік стан­са­сында мал дәрігері-фельдшері бо­лып бас­таған ол – көп ұзамай Мәс­кеуде­гі Скрябин атындағы Еңбек Қызыл Ту ор­денді ветеринария академиясына түсіп, оны 1970 жылы қызыл дипломмен біті­ре­ді. Академияда комсомол комитетіндегі белсенді қызметтері үшін Мәскеу қаласы комсомол комитетінің грамотасымен ма­­ра­патталды. Жоғары оқу орнын үздік бітірген Қуаныш Айтаханов академия бас­шылығы аспирантураға қалдыруға, академияда жұмыс істеуге ұсыныс жаса­ды. Талайлардың Мәскеуге қолы жетпей тұрған кезде Қуаныш ағамыз туған жер­дің туын тіктеуді мақсат тұтты. Сөйтіп, ту­­ған жеріне келіп, Алғабас ауданы ХХІІ партсъезд атындағы кеңшардың бас мал дәрігері болып іске кіріседі.
Қазір кез келген лауазымды жұмысқа жас­тар «осы менің дайындығым қалай?» деп бір сәт ойланбастан, қызмет алуға ұмты­­лады. Ондай ұсыныстан өз еркімен бас тартқан жанды естіп пе едіңіз? 1971 жы­лы Қуаныш Айтаханов аудандық ком­­сомол комитетінің бірінші хат­шы­лығы қызметіне шақырылғанда, «өз ма­ман­дығым бойынша әлі де болса тәжірибе жинақтайын» деп ұсыныстан бас тартқан. Бұл нені аңғартады? Азаматтың ел алдын­дағы жауапкершілік жүгін терең сезінуі десем, қателеспеген болар едім.1983 жы­лы Алматы жоғары партия мектебін по­ли­толог мамандығы бойынша үздік бітір­ді. 1975-1988 жылдар аралығында Оң­түс­тік Қазақстан облысы Қазығұрт (бұрынғы Ле­нин) аудандық партия комитетінің хат­шысы, Шардара, Қазығұрт аудандық кеңесі атқару комитетінің төрағасы қыз­меттерін абыроймен атқарды. Шардара ауданында қызмет істеген кезінде Қы­зыл­құм суландыру массивін игеруге қа­ты­сып, тек жусан мен сексеуіл өсетін далада 5 совхоз құрды. Жүздеген ша­қырым каналдар мен қашыртқылар, тас жолдар мен электр желілерін, мың­даған гектар суармалы жерлер мен түрғын үйлер, мектептер, ауруханалар тағы бас­қа әлеуметтік нысандар салуға қатысты. Қа­зығұрт ауданында Газелкент каналы мен сол каналдан су ішетін 15 мың гектар суармалы жерді игеру жұмыстарын тіке­лей басқарды. Айтуға оңай болғанымен, осы шаруаларды жүйелі түрде іске асыру жеңіл тірлік емес еді. Бұл күнде ел-жұрт сол суармалы алқаптардың игілігін көріп отыр.
1988 жылы күзде Арыс қаласы мен Ор­дабасы (бұрынғы Бөген) ауданы бірік­тірілген кезде Қ.Айтаханов екі партия комитетін біріктірген ауылдық зонасы бар Арыс қалалық партия комитетінің бі­рінші хатшысы болып сайланды. Тәуелсіздікті алған тұста алғашқы аудан әкімдерінің иығына орасан жүк артылды. Ол кезде не қаражат жоқ, не тиісті заңна­малар әлі қалыптаспаған, бірін тартса біріне жетпейтін қиын уақыт. Халықтың өмірлік мәселесін жедел шешу қажет. 1991 жылы Коммунистік партия тараған ке­зде Арыс қалалық кеңесінің төрағасы, Арыс қаласының бірінші әкімі болып бекіді. Қуаныш Айтаханов Н.Хрущевтің солақай саясаты салдарынан 1962 жылы тарап кеткен Арыс ауданын 26 жыл өт­кен­нен кейін 1988 жылы қайта құрып, оның әлеуметтік, экономикалық, мә­дени-тұрмыстық жағдайын көтеруге тіке­лей атсалысты. Осы тұста Арыс – Байыр­құм, Арыс – Монтайтас тас жол­дары салынды, күрделі жөнделді. Ел бас­қару ісінде облыста тұңғыш рет билер кеңе­сі, әйелдер, жастар, қажылар кеңес­тері ашылып, жұмыс істей бастады. 1993 жылы облыс әкімінің орынбасары болып тағайындалып, сол жылы Ордабасында өт­кен қазақтың ұлы үш биі – Төле, Қа­зыбек, Әйтеке билерге арналған респуб­ли­калық көлемде өткен үлкен мерекелік іс-шара­ның ұйымдастырылуына мұрын­дық болды.
Бұдан кейін Қуаныш Айтаханов 1990 жылы 12 рет шақырылған Қазақстан Кеңес Социалистік Республикасы Жо­ғар­ғы Кеңесіне Арыс аудандық сайлау окру­гінен депутат болып сайланды. Жо­ғарғы Кеңес сессиясында белсене жұмыс жасап, елімізде президенттік институт енгізу, Тәуелсіздік туралы Конститу­ция­лық заң, Қазақстан Республикасының Конс­титуциясын қабылдау, Ту, Елтаңба, Гимн, меншік, шекара туралы, нарық­тық қатынастарға өтуге байланысты эко­номикалық реформаларды жүзеге асы­ратын заңдарды қабылдауға қатысты.
Бізде қатарынан бірнеше ауданды бас­қарған басшы сирек. Қуаныш ағаның маңдайына кеңес кезеңінде Шардара, Қазығұрт пен Арыста басшылық жасаға­нын қоспаған күннің өзінде, кейін Сай­рам, Отырар, Созақ аудандарын әкім ре­­­тінде басқару жазылған екен. Соның бәрінде оның артында қалған із бар, өнеге бар, тірлік бар. Мәселен, 1994 жы­лы Созақ ауданына әкім болып тағайын­далды. Ауданға келе сала, Созақтың жер асты байлығын игеру жөнінде мәселе көтеріп, өңірді өнеркәсібі дамыған, аг­рарлық өндіріс аймақ ету бағытында көп тер төкті. Жергілікті халықты егіншілікке бұрып, өздерін өздері азық-түлікпен қам­тамасыз ете алатын дәрежеге жеткізді. Теріс­кейде картоп егісі бұрын-соңды бол­маған деңгейде жолға қойылды. Уран өнді­рісінен түсетін салықтың бір бөлігін жер­г­ілікті жерге түсуін қамтамасыз етті. Со­ның арқасында Созақ ауданы қазір Оң­түстік Қазақстан облысындағы дота­ция­сыз өмір сүретін бірден-бір таза та­быс­ты ауданға айналып отыр. Аудандағы та­рихи орындарды жаңғыртуға көңіл бөл­ді. Баба түкті Шашты Әзиз кесенесі қай­та жаңғыртылды. Қарабура әулие, Саң­ғыл би кесенелері салынып, респуб­лика көлемінде ас берілді. Мемлекет және қоғам қайраткері С.Қожановтың 100 жылдығы жоғары дәрежеде өткізілді. Аудан тарихына байланысты «Тарихи тұ­ғыр», «Теріскейліктер жауынгерлік сап­та», «Шоғырдағы жарық жұлдыз» кітабы шық­ты.
Қуаныш Айтаханов 1999-2003 жыл­дары Сайрам ауданының әкімі болып қыз­мет атқарған кезінде осы белсен­ділі­гінен айрылмады. Ол шағын және ор­та бизнестің дамуына барынша жол ашып, аудан экономикасының қарыштап дамуына үлкен үлес қосты. Мұнда да не­гізінен, табысы көп шөп-шалам егуге бейім жергілікті жұртты халыққа азық бо­ла­тын картоп бағытына бұрғызды. Ау­дан орталығында Мәртөбе алаңы, Абы­лайхан ескерткіші, Батырлар, Ардагерлер, Құр­метті азаматтар, Халықтар достығы саяжолдары ашылды. Мәртөбе тарихи-та­нымдық кешені іске қосылып, туристер баратын орынға айналды. Аудан басшысы жетекшілігімен «Сайрамдықтар жауын­гер­лік сапта», «Шежірелі Сайрам», «Сай­рам­да бар сансыз баб», «Сайрамдық ба­тыр аналар», «Мәртөбелі Сайрам» сияқты тарихи-танымдық кітаптар шығарылды.
2003 жылы Қуаныш Айтаханов өзі­нің туып-өскен жері – Отырар ауданының әкімі болып келді. «Отырар ауданының экономикалық-әлеуметтік дамуының 2004-2007 жылдарға арналған кешенді бағдарламасын» облыс әкімдігі мен об­лыстық мәслихаттың шешімімен бекітіп, ауданға қаржы көзін тартты. Қуаныш Айтаханов бастаған бір топ Жоғарғы Кеңес депутатының бастамасымен, ті­келей араласуымен Оңтүстік Қазақстан облысының Шардара, Арыс, Отырар, Түркістан, Созақ аудандары Арал теңізі­нің тартылуынан туған экологиялық апат­ты аймаққа енгізіліп, бұл аудан тұр­ғындарының еңбекақы мен зей­нет­а­қысына 20 пайыздық үстеме қосылды, олар­дың зейнеткерлікке шығу жасы 5 жыл­ға қысқартылды. Міне, туған жер үшін талмай қызмет етудің бір үлгісі осындай-ақ болар-ау! Мұның сыртында, Қуа­ныш ағаның тікелей мұрындық болуымен «Отырар энциклопедиясы», «Оты­рарлықтар жауынгерлік сапта», «Тәушен», «Шежірелі Отырар», «Отырар жәдігерлері» тарихи танымдық кітаптары шы­ғарылды. Айтахановтың бастама­сы­мен Отырарды халықаралық туризм ор­талығына айналдыру мақсатында рес­публика Үкіметі «Көне Отырардың қайта өрлеуі» атты 2004-2009 жылдарға арнал­ған арнайы қаулы қабылдады. Бұл құжат­қа сай Арыстан баб кесенесі ретке кел­тіріл­ді, Отырартөбеде археологиялық жұ­мыстар жанданды, «Отырар» мем­ле­кеттік археологиялық музейі толық қай­та жөндеуден өтті. Мұнда 2005 жылы Пар­ламент Сенатының депутаты болып сайланғанға дейін атқарған жұмыстарын­да ол тағы осындай орасан зор мәні бар ір­гелі істер қалдырды.
Қуаныш Айтаханов – жан-жақты адам. Мұның бәрін бір мақаланың төңі­ре­гінде айтып шығу әсте мүмкін емес. Оның тағы бір толымды қыры ғалымды­ғы­нан да көрінеді. Ағамыз 1995 жылы ауыл шаруашылығы ғылымдарының кан­дидаты атанса, 2008 жылы экономика ғылымдарының докторы атағын қорғап шыққан. 2010 жылы Қазақ Ауыл шару­а­шылығы ғылымдары академиясының академигі болып сайланады. Бұдан бөлек, 2008-2010 жылдары С.Сейфуллин атын­да­ғы Қазақ агротехникалық универ­си­те­тінің кандидаттық және докторлық дис­сертация қорғайтын ғылыми кеңесінің мүшесі болды. Бұл күнде М.Әуезов атын­дағы Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік уни­верситетінің құрметті профессоры. Қо­ғамдық қызметті әрдайым өзінің не­гізгі жұмыстарымен ұштастыра жүргізіп отыратын ол көптен бері «Нұр Отан» ХДП жанындағы Жемқорлықпен күрес жө­ніндегі республикалық қоғамдық кеңес­тің мүшесі де болып келеді.
Заманымыздың заңғар ақыны Мұқа­ғали Мақатаевтың «Айтып өткен ақында арман бар ма, жүрегінің түбіне кір жасыр­май» дейтіні бар ғой. Біздің Қуаныш аға­­мыз да тап сондай жүрегінің түбіне кір жа­сырмайтын, нені айтса да, тіке бетке айтатын, қашанда әңгімеге ашық ардақты адам. Себебі, оның жұрттан жасыратын еш­теңесі жоқ. Ол қайда қызметте болса да, адал тірлігінің арқасында өзінің өр­нек­ті мектебін қалыптастырып жүретін басшы болды. Қазір Оңтүстік өңірінде «Біз Айтахановтың академия­сы­нан шықтық» деп мақтаныш ететін білік­ті кадрлар аз емес. Бүгінде отбасында ар­қа сүйер отағасы, әке, ата, қоғамдық өмір­дегі толымды тұлға болып отырған, қа­шанда айтар сөзі бар ағамызға амандық пен абырой тілей отырып, осылайша, өзім­нің інілік ізетімді білдіргенді жөн көр­дім.
Мұрат БАҚТИЯРҰЛЫ,
сенатор

Бөлісу:

Пікір жазу


*