Латынға көшу өрісімізді кеңейтеді

1080
0
Бөлісу:

Латын әліпбиіне көшу Қазақстан үшін стратегиялық шешім екені анық. Түркі халық­тарымен бірігіп, түркі әлемін, мәдениеті мен өрке­ниетін ұғыну үшін жасалған қадам.

90-жылдардың басында әзірбайжан, өзбек халықтары латын әліпбиіне көшіп кетті. Сондықтан латын әліпбиіне көшу – ұлтымыз үшін аса қажетті дүние.
Латынға көшу өрісімізді кеңейте түседі. Әлемдегі ғылым мен білімнің 97 пайызы – ағылшын тілінде. Сондықтан латын әліпбиі – осы өркениетке шығатын тура жол. Бүгінгі заманның талабы да латынға көшуге келеді. Ресей де бұл бастамамызды жақсы бағалап отыр.
Екінші ұсынылған әліпби негізгі 26 әріпті қамтиды. Интернетте қалыптасқан әріптерді тиімді пайдалану тұрғысынан бұл дұрыс. Елбасы өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында ұлттық код тұрғысында тұшымды ойлар айтты. «Ана тіліміздің өз әліпбиі болуы керек» деді. Сондықтан жаңа әліпбиде көп дүниеге мән беріп, сақтықпен қарау қажет. Себебі, бұл – мәңгі тіл. Біздің тіліміз – түркі тілдеріне, оның ішінде қыпшақ тіліне жататын әмбебап ең бай, әрі әуезді тілдердің бірі. Қазақ тілін сақтап қалудың барлық жолын ойлауымыз қажет. Елбасы латынға көшу жөнінде қаулы қабылдады. Енді ең шешуші әліпбиді ендіру сәті туды. Жаңа әліпбиді дамытып, оны қоғамда насихаттау жолдарын естен шы­ғармаған жөн.
Қоғамда елімізде тұратын өзге ұлттарға бұл әліпбидің қажеті жоқ деген де пікірлер айтылуда. Қазақ тілі – мемлекеттік тіл болғандықтан, Қазақ­станның барша халқы бұл әліпбиді ой-елегінен өткізіп, қабылдауы қажет. Бір айта кетерлігі, түрік халқы латынға көшуде «ә» әрпін жоғалтып алды. Өзбектер мен әзірбайжандар үш төл әрпін жоғал­тып, қайтадан қалпына келтірді. Төл әріптері­мізден, төл еркшеліктерімізден айырылып қалып, осындай қателіктерге жол бермес үшін басынан бастап қадағалап, айрықша мән беру керек. Сонда ғана тіліміз ғылым мен техниканың тіліне айна­лып, бәсекеге қабілеттілігі арта түседі.

Жанұзақ ӘКІМ,
Халықаралық адам институтының президенті

Бөлісу:

Пікір жазу


*