Ауыл жастарына білім гранттары артады

1097
0
Бөлісу:

Алдағы үш-төрт жылда Қазақстанда Шопан ата түлектерінің басы үш миллиондайға ұлғаяды. Кеше Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында осындай болжам жария етілді. Үкімет мүшелері ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдауды жетілдіретін шараларды қарады. Сондай-ақ электрондық сауда-саттықты дамыту, денсаулық сақтауды цифрландыру мәселелері де талқыланды. Отырыс соңында 85 күннен кейін басталатын қысқы Олимпиадаға Қазақстан құрамасының дайындығы пысықталды.
Алдымен мінберге шақырылған Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Қ.Айтуғанов агроөнеркәсіптік кешенді (АӨК) мемлекеттік қолдауды жетілдіру және ауыл шаруашылығының басымдықты бағыттарын дамыту карталары әзірленгенін еске салды. Атап айтқанда, «ауыл шаруашылығы кооперациясын дамыту», «аграрлық қайта өңдеу», «АӨК қарқынды техникалық қайта жабдықтау», «тұқым шаруашылығы», «өсім­діктерді қорғау», «агрохимия», «мал азығы өндірісі», «көтерме-үлестіру орталықтары», «егіндіктерді ұлғайту», «отарлы қой шаруа­шылығын дамыту» бойынша он карта қабылданған.
Мұның сыртында қазір «аграрлық ғы­лымды дамыту», «сиыр еті өндірісі», «субсидиялаудан – жеңілдікті несиелендіруге көшу арқылы мемлекеттік қолдау шара­ларының тиімділігін арттыру» карталары әзірлеу сатысында тұр.
«АӨК-ті дамытудың маңызды бағытта­рының бірі – ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу. Бұл бағытта егжей-тегжейлі талдау жүргізілді және алғаш рет «Қайта өңдеу кәсіпорындарының деректер базасы» қа­лыптастырылды. Бұл база әр кәсіпорынның ағымдағы жағдайын бағалаудан, оның қуаттылығы, жүктелуі, өнім номенклатурасы, сондай-ақ дамуын тежеген проблемалары туралы ақпараттан тұрады. Импорт үлесінің жоғарылығын, зауыт-кәсіпорындардың жүктелмегендігін және шикізаттық әлеуетті ескере отырып, 435 кәсіпорынды қамтитын қайта өңдеудің 9 басым түрі айқындалды. Бұған – сүтті, етті, тері мен жүнді, майлы және дәнді дақылдарды, жеміс және көкө­ністі, қант қызылшасы мен картопты қайта өңдеу жатады» деді Қайрат Айтуғанов.
Осы орайда «аграрлық қайта өңдеу картасына» сәйкес, АШМ жаңа 79 шағын зауыт салуға және 80 зауытты жаңғыртуға мін­дет алып отыр. Бұл қайта өңделетін өнімдердің жалпы өндірісін қазіргі 1,9 триллионнан 3 трлн теңгеге дейін ұлғайтуға және 7 мың жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді екен.
АӨК-ті өркендетудің өзекті мәселелерінің бірі ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің техникалық жарақтануына қатысты болып келеді. Министрлік ауыл шаруашылығы техникасының паркіне жүргізген талдау көрсеткендей, тракторлар мен комбайндар­дың басым көпшілігінің қолдану мерзімі 17 жылдан асып кеткен. Көптеген техника есептен шығаруды қажет етеді.
«Тозған техниканы пайдалану – жөндеу мен жанар-жағармай шығындарының орташа алғанда 20%-ға өсуіне, ең бастысы – жалпы жиналымның шамамен 14%-ын немесе шамамен 200 миллиард теңгені жоғалтуға әкеліп соқтыруда» деді бірінші вице-министрі.
Сондықтан «АӨК-ті қарқынды техни­калық қайта жарақтандыру картасы» аясында елімізде құрастырылған ауылшаруашылық техникасын сатып алу үшін 5%-дық ставкамен жеңілдетілген несие беру бағдарламасын енгізу көзделуде. Үкімет отырысында айтылғандай, ресейлік ауыл шаруашылығы техникалары – Көкшетауда, Беларустікі Қостанайдағы зауытта құрастырылады екен. Сондықтан бұлар да «отандық» болып есептеледі. Бұл техника құнының 25 пайызын да мемлекет субсидиялайды.
Қ.Айтуғанов инвестициялық субсидия бұдан былай техниканы сатып алушыға емес, соны құрастыратын зауытқа берілетінін мәлімдеді. Өз кезегінде зауыт сатып алушыға техниканы «мемлекет бөлген субсидия сомасы көлеміндегі жеңілдікпен» ұсынуға тиіс. Аталған зауыттар мысалы, Ресей мен Беларусьтен ауыл шаруашылығы техникасын дайын күйінде емес, машина жиынтығы түрінде елімізге әкелсе, қосылған құн салығын төлеуден босатылады.
Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі соңғы 25 жылда Қазақстандағы егістік алаңы 10,6 млн гектарға азайғанын хабарлады. Мал шаруашылығының өсуіне байланысты «жайылымдарды ұлғайу картасы» аясында 1,9 млн гектар егістікті айналымға енгізу қарастырылуда. Бұл жер бірінші кезекте жем-азықтық дақылдар мен майлы дақылдар, жасымық секілді басқа да сұра­нысқа ие дақылдарды өндіру үшін пайдала­нылатын болады.
Қой шаруашылығы тұрақты даму си­патына ие делінді. «Жыл сайынғы өсім шамамен 3%-ды құрайды, ал қой басы 5 жыл бойы 15 млн межесінде тұр» деді бірінші вице-министр. Әйткенмен, бұрындары Қазақстанда ұсақ мал басы елу миллионнан асқан кездер де болған. АШМ-ның түсіндіруінше, бұл саладағы әлеуеттің іске асырылмауының негізгі себебі – «қой басының жеке қосалқы шаруашылықтарда шоғырлануы» және «жайылымдардың жоқтығы». Өкінішке қарай, 15 миллион қойдың жүні де елімізде әжетке жаратылмай, негізінен шетелге арзанға кетеді де, кейін дайын өнім ретінде елге тасылады.
«Бүгінде жүн өңдейтін кәсіпорындар орташа алғанда небәрі 12,7%-ға ғана жүк­телген. Бұл ретте жүннің тек 10 пайызы ғана өңде­летінін атап өту керек. Осыған байла­нысты «қой шаруашылығы картасында» шалғайдағы қой шаруашылығын дамыту, қызмет көрсету және сатып алу орталық­тарының құрылуы, қолданыстағы кәсіп­орындарды жаңғырту және жаңа зауыт салу қарастырылған» деді Қайрат Айтуғанов.
Нәтижесінде, АШМ қайта өңделген жүн көлемі 9 есеге, қайта өңдеу кәсіпорындарының жүктелуі 80%-ға артатынына уәде етеді. Бұдан басқа, ұсақ малдың терісін қайта өңдеуші кәсіпорындардың қолданыстағы қуатты­лықтары 50%-ға дейін жүктеледі.
«Жайылымдарда 2 531 отарлы учаске құру және 1 747 жасанды ұрықтандыру бекетін ашу жоспарлануда. Жалпы, 2021 жылға қарай қой басын қазіргіден 2 миллион 700 мыңға көбейту көзделуде. Мал шаруашылығы өнімдерінің көлемі екі есеге артады» деді Қ.Айтуғанов.
Талқылауды қорытындылаған Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев бірқатар нақты тапсырмалар берді. Дәлірек айтсақ, Ауыл шаруашылығы министрлігіне әкімдік­термен бірлесіп, ауыл шаруашылығы өнім­дерін шығарудан бастап, оны сыртқы на­рықтарға экспорттауға дейінгі тиімді тізбекті құру жүктелді.
Сонымен бірге, Премьер тапсырмасы бойынша АШМ Білім және ғылым министр­лігімен бірлесіп, ауыл жастарына берілетін білім беру гранттарының санын ұлғайту мәселесін пысықтайтын болады. Бірақ ауыл атынан түскен студенттерге ЖОО бітірген соң, өз оқуына жұмсалған бюджет қаржысын ауылда міндетті түрде еңбекпен өтеуге тура келеді. Өтеу мерзімі қанша жылды құрайты­нын қос министрлік анықтамақ. Бұдан өзге, АШМ-ге әкімдіктермен бірлесіп, өңірлердің мамандануын ескере отырып, ауыл шаруа­шылығы өнімдерін субсидиялау тетігіне егжей-тегжейлі талдау жасау, сондай-ақ Үкі­меттің осы отырысында ұсынылған барлық шараларды қолданыстағы АӨК-ті дамыту мемлекеттік бағдарламасына енгізу мәселесін пысықтау тапсырылды.
Күн тәртібіне шығарылған екінші мәселе бойынша баяндаған Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Руслан Дәленовтің айтуынша, электрондық коммерцияны тиімді дамыту мақсатында «Электрондық сауда-саттықты дамыту бойынша 2018-2020 жылдар­ға арналған жол картасы» әзірленіп, бекітілген. Қолданыстағы «Сауда қызметін реттеу туралы» заңға енгізілетін түзетулер дайындалыпты. Олар бойынша елімізде «интернет-дүкен» түсінігі заңды айналымға енеді, сатушылар мен делдалдардың интер­нет-дүкендер құру мәселелері регламенттеледі.
Бұған қоса, қазір мобильді төлемдердің жеңілдетілген тетігін енгізуді ынталандыру, мобильді төлемдер үшін комиссияны төмендету бойынша ұсыныстар, электрондық шот-фактураны пайдалануға толық көшуді қамтамасыз ету мәселелері пысықталуда.
Аталған Жол картасында сондай-ақ UNCTAD көрсеткіштерін арттыру бойынша іс-шаралар қарастырылған. Өткен жылы Қазақстан жаһандық рейтингте – 88, ал 2017 жылы 51-орынға ие болған.
Үкімет отырысында Ақпарат және комму­никациялар министрі Дәурен Абаевтың, Қаржы министрі Бақыт Сұлтановтың, «Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Сәкен Сәрсеновтің электрондық коммерцияны дамыту бойынша қабылданған шаралар туралы есептері тыңдалды.
Мәселені қарастыру қорытындысы бойынша Үкімет басшысы электрондық сауданы дамыту үшін елімізде біраз жұмыс атқарылып жатқанын, салық жеңілдіктері берілетінін, жеке Жол картасы әзірленгенін айта келе, сонымен бірге тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы да ұмытпау керектігін нықтады. Осыған байланысты Ұлттық экономика министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен және ұйымдармен бірлесіп, қолданыстағы заңнаманы жетілдіру шара­ларын қабылдау, соның аясында тұтыну­шылардың құқықтарын қорғау және бизнесті онлайн саудаға ынталандыру бойынша тәсілдемелер түзу тапсырылды.
Инвестициялар және даму, Ұлттық экономика министрліктері электрондық ком­мерцияны жеделдетіп дамытуға, қазақ­стандық тауарлар, жұмыстар және қызмет көрсетулер тізімін кеңейту мәселелерін пысықтауға міндеттелді.
Осыдан кейін Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Үкімет мүшелеріне 2018 жылғы 9-25 ақпан аралығында Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласында өтетін XXIII қысқы Олимпиадада қазақстандық спортшылар 9 спорт түрі бойынша додаға түсетінін мәлім етті.
Алдағы қысқы жаһандық ойындарға әлемнің 80-нен астам елінен 5000-нан астам спортшы мен ресми тұлға қатысады деп жоспарлануда. Онда 15 спорт түрі бойынша 102 медаль жиынтығы бәске тігіледі. Қазақ­стандық спорт делегациясы 9 спорт түріне қатысуды жоспарлап отыр. Бұлар – биатлон, мәнерлеп сырғанау, тау шаңғы спорты, шорт-трек, конькимен жүгіру спорты, шана спорты, шаңғы жарысы, шаңғымен трамплиннен секіру, фристайл (акробатика, могул).
Министрдің мәліметінше, қазіргі уақытта Қазақстан қоржынында әзірге тек екі спорт түрі бойынша 13 лицензия бар: биатлоннан 10, мәнерлеп сырғанаудан 3 лицензия жеңіп алынған. Олимпиадаға дейінгі маусымда лицензияға қол жеткізіп үлгеру үшін қысқы спорт түрлері бойынша Қазақстанның құрама командасы халықаралық спорттық күнтізбеге сәйкес, халықаралық біліктілік жарыстарына қатысады.
«Атлеттердің физикалық дайындық деңгейін, психологиялық орнықтылығын ескере отырып, сондай-ақ қорытынды іріктеу кезеңі мен допингке қарсы бақылау нәтижелері бойынша еліміздің Олимпиада құрамасын қалыптастыру келесі жылдың қаңтарына дейін жалғасады» деп атап өтті А.Мұхамедиұлы. Барлығы 62 спортшымыз лицензия жеңіп алады деп күтілуде.
Осы тұста Үкімет басшысы министрден алдағы Олимпиадада қанша медаль жеңіп алу жоспарланып отырғанын сұрады. Арыстанбек Мұхамедиұлы болжам айтудан жалтарды: «Бақытжан Әбдірұлы, «жетістікке жетуге мәжбүрміз» деген сөз бар» деп қысқа қайырды.
«Жарайды, онда сізге қалған күндерде олимпиадашыларымыздың ақырғы дайындық сатысын сапалы өткізу жүктеледі. Сіздердің медальдармен келулеріңізді күтеміз. Басқа жол жоқ, мәжбүрсіздер!» деді Бақытжан Сағынтаев әзіл-шыны аралас.
Айтқандай, Үкімет отырысында қысқы Олимпиадаға дайындық жөніндегі респуб­ликалық орталықтың Өскеменнен Щучинск қаласына көшетіні де жария етілді. 2018 жылдың қаңтарында Щучинскіде шаңғы спортының республикалық базасы құры­лысының бірінші кезегі іске қосылатын көрінеді. Орталық та сонда орналаспақ.

 

Айхан ШӘРІП

Бөлісу:

Пікір жазу


*