Еуразияның болашағы – интеграцияда

947
0
Бөлісу:

Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Астана клубының Үлкен Еуразияның саяси, экономикалық және мәдени трансформациялану мәселелеріне арналған үшінші отырысына қатысты. Ол «ЕО – Үлкен Еуразия: ынтымақтастық пен даму векторлары» сессиясы аясында сөз сөйледі. Жиынға Түркияның бұрынғы президенті Абдулла Гүл, Чехияның бұрынғы президенті Вацлав Клаус және Словенияның экс-президенті Данило Тюрк те қатысқан болатын.

Еуразиядағы интеграциялық үдерістердің дамуында Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» бастамасы маңызды орынға ие. Қ.Тоқаевтың пікірінше, Қазақстан қатыспаса, бұл ұзақ мерзімді, жақсы үйлесті­рілген стратегияның нәтижелі жүзеге асуы мүмкін емес. Қытай жос­­парларының жүзеге асуы Еу­разияда ғана емес, бүкіл дүниежү­зіндегі саяси күштер мен эконо­ми­калық факторлардың арақа­тысын елеулі түрде өзгертуі мүмкін.
Сенат басшысы Еуразиялық экономикалық одақты құрлықтағы интеграциялық үдерістерге толық­тай тарту қажеттігін, оған саяси себептер, атап айтқанда санкциялық қарсы­лықтар кедергі болып отырғанын айтты. Қазақстан АҚШ, Еуроодақ және Ресей ұстанымдарын жақын­датуға ықпал ете алады: «Әрине,
бұл – қиын міндет. Ол мақсатқа қол жеткізу үшін көп уақыт кетеді, бірақ ол мәселелер шешілмейінше, ең болмаса, әлемнің осы бөлігінде ер­­кін сауда туралы айту оңай болмай­ды», – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
14 қарашада пікірсайыс «Еура­зиядағы Геоэкономика: ұсақталған мозаика немесе жобалардың ортақ­тығы» сессиясы аясында жалғасын тапты. Қазақстан Парламенті жоғар­ғы палатасының төрағасы өз сөзінде көптарапты, оның ішінде әскери-саяси сипаттағы алуан бірлестіктердің өзара іс-қимылына жан-жақты тоқталды.
Қ.Тоқаев Қазақстан және Орта­лық Азиядағы басқа елдер бір кез­дерде Құрама Штаттардың қару­лы күштерінің Ауғанстанға бағыт ал­ғанын қолдағанын еске салды. Сенат төрағасының айтуынша, бұл шешім сол аймақтағы талибан экспан­сиясының жолын кесуде оң рөл атқарды.
Бүгінде Шанхай ынтымақтастық ұйымы Азия құрлығындағы қауіп­сіздікті қамтамасыз етудің негізгі факторы. Бұл альянс трансфор­мацияланып, іс жүзіндегі ядролық мемлекеттер болып саналатын Үндістан мен Пәкістанның қосылуы есебінен ұлғайып отыр. Қ.Тоқаев алуан түрлі күн тәртібі бар ШЫҰ діни экстре­мизм, халықаралық терроризм және сепаратизмге қарсы бірлескен кү­ресте әмбебап ұйым ретінде зор әлеуетке ие екеніне тоқталды.
Еуразиядағы саяси қарсы тұру­шы­лықтар ықтималдығы туралы айта келіп, Қ.Тоқаев «Біз ҚХР-дың экономикалық тұрғыда қатысуынан қауіптенбеуіміз керек, өйткені ол Орталық Азия мемлекет­терінің мүдделеріне жауап беріп отыр», – деді. Оның пікірінше, Еура­зияда Ресей де зор рөл атқара­тын болады, бұл ауқымды мемле­кетті ешқашан төмендетуге болмай­ды әрі ол мүмкін де емес. Қазақстан туралы айтқан Сенат басшысы «біздің еліміз өзінің Ресей алдын­дағы одақтастық міндет­темелерінен еш айнымайды және барлық сала­дағы өзара іс-қимылды жалғастыра беруге ниетті» деді.
Төрағаның сөзінде Қытай, Ресей, АҚШ және Еуропалық одақ секілді ірі қатысушылар мүдделе­рінің тепе-теңдігі қамтамасыз етілуі қажет екені аталып өтілді. Қ.Тоқаев жетекші ел­дер арасындағы бәсеке­лестік бол­мауы мүмкін емес, бірақ Еуразиядағы адал бәсекелестік табыстың кепілі болады және біздің құрлыққа бұ­рынғы айбынын қайтаруға көмек­теседі деп санайды.
Сондай-ақ Қ.Тоқаев Финляндия Парламентінің депутаты, ЕҚЫҰ Парламенттік ассамблеясының бітімгершілік жөніндегі арнаулы өкілі Илкка Канерваны қабылдады. И.Канерва Астана клубы аясында өткен пікірсайыстардың нәтижелі әрі мазмұнды болғанын, сондай-ақ осы шараға халықаралық тұрғыда баса назар аударылып отырғанын айта келіп, отырыстағы Президент Н.Назарбаевтың ерекше маңызды сөзін айрықша атап өтті. Жүздесу­шілер парламентаралық өзара іс-қимылға қарқын беруге, парла­менттік достық топтарының әле­ует­терін күшейтуге, сондай-ақ ЕҚЫҰ Парламенттік ассамблеясы аясында сындарлы жұмыстар жүргізуге уағдаласты.
Сенат басшысы EXPO – 2017 халықаралық көрмесіне бел­сене қатысқаны үшін Финлян­дия басшы­лығына алғысын білдірді және И.Ка­нерваны алдағы жылдың қаза­нында өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің алтыншы съезіне шақырды.

 

Айхан ШӘРІП

Бөлісу:

Пікір жазу


*