Елорда – кәсіби сұхбат алаңы

808
0
Бөлісу:

«Назарбаев орталығы» ғимаратында Астана клубының үшінші отырысы өз жұмысын тәмамдады. Онда АҚШ, Ресей, Қытай, Үндістан, Еуропа елдері, Таяу Шығыс, Орталық және Оңтүстік-Шығыс Азия мемлекеттерінен келген саяси қайраткерлер, ғалымдар, ақыл-ой орталықтарының алдыңғы қатарлы сарапшылары халықаралық күн тәртібінде тұрған көкейкесті мәселелерді талдап, ұсыным түзді.

Биыл Астана клубы жұмысына алғаш рет жо­ғары дәрежелі саясаткерлер – бұрынғы мемлекет басшылары Абдолла Гүл (Түркия), Вацлав Клаус (Чехия), Данило Тюрк (Словения) қатысқан болатын. Бұған қоса, клуб сессияларына жаһандық сарапшылық қауымдастықтың ірі тұл­ғалары – Stratfor негізін қалаушы Джордж Фрид­ман, америкалық белгілі саясаттанушы, Еуразия бойынша сарапшы Эндрю Качинс, геоэкономика терминінің тең авторы, АҚШ-тағы Стратегиялық және халықаралық зерттеулер орталығының аға кеңесшісі Эдвард Люттвак, Орталық Азия тари­хына арналған кітаптар авторы, АҚШ-тың Джонс Хопкинс университетінің профессоры Фредерик Старр және басқалары атсалысты.

Астана клубын Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы қоры мен оның жанындағы Әлемдік эко­номика және саясат институты (ӘЭСИ) ұйымдастырды. Тұңғыш Президент – Елбасы қорының атқа­рушы директоры Қанат Жұма­баевтың айтуынша, Астана клубы ауқымындағы Үлкен Еуразияның түйткілді мәселелері мен келешегі туралы сарапшылық талқылаулар Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев бірізді түрде ілгерілетіп келе жатқан ашықтық пен тең құ­қықты қарым-қатынас қағи­датта­рына негізделген жаһандық саяси диалогты нығайтуға оң ықпал етеді.
Отырысқа арқау болған «Үлкен Еуразия – 2027: текетірес немесе серіктестік» тақырыбы өзекті сын-тегеуріндер, қауіп-қатерлер, ық­тимал тәуекелдер мен стратегиялық шешімдерді талап ететін жаһандық саясат мәселелері кешенінен сом­далған.
Клуб қатысушылары алдағы онжылдықта біздің мегаконти­ненттің даму бағдарын айқындай­тын басты трендтерді талқылады. Оның қатарында әлемдік және аймақтық державалар мүдделерінің ара­қатысы, ядролық фактордың күшеюі, геосаяси шиеленістердің ушығуы, сауда және санкциялық текетірестер, халықаралық тер­роризм мен қауіп­сіздік, миграция мен экология, ин­тег­рациялық үр­дістер мен эконо­микалық серік­тестік бар.
«Астана өзін жоғары саяси деңгейдегі стратегиялық диалогтар өтетін жаһандық бейтарап алаң ретінде көрсете білді. Дәл осы фак­тор шынайы қызығушылық ту­дырып, біздің отырысқа жаңа қа­тысушыларды тартуда» деді ӘЭСИ директоры Ержан Салтыбаев.
Астана клубының отырыстары сарапшылық пікірлердің құпия­лылығы сақталатын Chatham house ережесі бойынша өткізіледі. Мұндай ұстаным ашық әрі сенімді кәсіби сұхбат құруға мүмкіндік береді.
Астана клубында «Еуропалық одақ – Үлкен Еуразия: ынты­мақтастық пен даму векторлары» атты саясаткерлердің ашық панельді сессиясында жеке блок ретінде ЕАЭО, ЕО, АСЕАН және Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» бастамасы секілді еуразиялық кеңістіктегі интеграциялық үрдіс­тердің бола­шағы, интеграциялық жобаларды бір-бірімен тиімді ұштастыру жолдары қаралды.
Клуб аясындағы пікірталастар барысында қатысушылар қауіпсіз­діктің жаңа архитектурасын қа­лыптастыру, Корей түбегіндегі шие­леніс жағдайындағы ядролық қа­ру­сыздандыру, Еуропадағы ағым­дағы жағдай мен Орталық Азиядағы негізгі үрдістер секілді өзекті мәсе­лелерге баса назар аударды. Бұл рет­те жетекші саясат­танушылар мен сарапшылар Қазақстанның жаһандық және аймақтық процес­тердегі медиатор мен интегратор ретіндегі белсенді рөлін кезекті рет атап өтті.
«Қазақстанның халықаралық аренадағы беделі мен Нұрсұлтан Назарбаевтың дербес рөлі жа­һандық сарапшылық қоғамдастық тара­пынан жоғары бағаланды. Бұл жерде біздің антиядролық қозғалыс, те­кетірес пен дағдарыс жағдайларын реттеу, еуразиялық кеңістікте интег­рациялық үрдістерді дамытудағы үлесіміз бен көшбасшылығымыз жайында сөз болып отыр» деді Е.Сал­тыбаев.
Жалпы үшінші оты­рыстың қатысушылары Астана клуб халықаралық сарапшылық диа­лог үшін жағдай жасайтын бей­тарап пікірталас алаңы ретінде қа­лыптасты деген ортақ ойға тоқай­ласты. Ол әлемнің түкпір-түкпі­рінен беделді мамандар, саясаткерлер мен дипломаттар тартылатын орталыққа айналды. Астана клуб форматы аясында жаһандық күн тәртібіндегі мәселелерді талқылау алдағы уақытта да жалғасын табады.

 

Айхан ШӘРІП

 

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*