Қазақстанда 106 теңге бар

1222
0
Бөлісу:

15 қараша – төл теңгеміздің туған күні. Осыдан 24 жыл бұрын сағат тілі таңғы 8:00-ді көрсеткен сәтте, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы дүниеге теңгенің келгені жайлы күллі Қазақ жұртына жар салған болатын. Статистика комитетінің мәліметіне сәйкес, бүгінде елімізде Теңге есімді 106 азамат бар. Оның 88-і – қазақ.
Егемендігін енді алған елде бұл кезде маңызды дүниенің бәрі болды: Президент, Үкімет, Жо­ғарғы сот, мемлекеттік ту мен ел­таңба барлығы бар. Жетпей тұрғаны – теңге ғана. Академик Сауық Тәкежановтың бастамасы­мен бұл іс бас-аяғы бір жылда ше­шімін тапты. Еліміздің үздік суретшілерінің жұмыстарын іріктеп, мәселенің мәнімен айна­лысатын арнайы топ құрылды. Теңгенің ең алғашқы курсы – 4,75 теңге – 1 АҚШ доллары. Сол сәттен бері бас валюта тағдыр та­лайына «төзіп» келеді.
Полиграфшылардың жер-жаһанды кезіп, терген білімдері­нің арқасында сәні мен салтанаты үйлескен банкнота пайда болды. Құнды қағаздар шығаратын фаб­риканың тұсауы 1993 жылдың2 маусымында кесілді. Ашылу сал­танатына Елбасымыз қатыс­қан. 15 қарашаға дейін қағаз ақша дайын болғанымен, тиын түрінде соғып үлгермеген. Осылайша, бас­тапқыда қағаз тиындар айна­лымда жүрген. Тозығы тез жететін ондай банкнотаны шалғайдағы Англиядан ұшақпен тасу оңай шаруа емес еді. Теңге соғатын фаб­риканы жедел арада ашу керек болды. Жоспар бойынша екі жылда салынуы тиіс фабрика­ның құрылыс жұмыстары бір жылда бітеді. 1995 жылдың 19 ма­мырынан бастап, қазақстан­дықтар еліміздегі «отандық тең­гені» пайдалана бастады.
Ағылшын фунтын алты жыл бейнелеген деседі. Бірақ мұндай ұзақ уақыт күту бізде мүмкін емес-тін. Жаңа банкноталардың көлемі де кеңестік үлгімен сәйкес болды. Ондағы ой – барынша үнемдеу бо­латын. Шығын демек­ші үнем­деуге байланысты бір қызық жағ­дай орын алған деседі. Англияда ақша шығаратын фаб­рика басшы­лары «жабайы» қазақ­тарды алдап түсіреміз деген оймен сапасыз банк­ноталар беріп жіберген екен. Түрі тіпті ақша емес, лоторея би­леті іспеттес. Сол кезде Ұлттық банк бірден хабар­ласып, «тапсы­рысты ендігіде өзге фабрикаға беретін боламыз» деген екен сұсты дауыспен. Әп-сәтте мәселе шеші­ліп, содан бері әлі күнге дейін банкнота тек сапалы шығып ке­леді. Алғашқы дизайнынан кейін дүниеге түрлі теңгелер келді. Бар­лығы – ерек­ше. Барлығы – бізге бағалы. Ту­ған күніңмен, теңге!

Жадыра АҚҚАЙЫР

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*