ҚОРДАЛАНҒАН МӘСЕЛЕНІ ШЕШЕДІ

584
0
Бөлісу:

Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі ұйымдастырған Қоғамдық кеңестің І респуб­ли­ка­лық мәжілісінің жұмысына 500-ден астам адам қатысқан. Бұл туралы аталған ведомстваның Азаматтық қоғам комитетінің төрайымы Әлия Ғалымова мәлімдеді. Сондай-ақ ол Әзірбайжан, Қырғызстан, Тәжікстан және т.б. мемлекеттердің халықаралық ұйымдары жиынға қатысқанын айтты.
Орталық коммуникациялар қызметінде Қоғамдық кеңестердің І республикалық мәжілісіне арналған баспасөз конферен­циясы өтті. Оған Дін істері және азаматтық қоғам саласындағы Қоғамдық кеңестің мүшесі, «Аймақ» ҚҚ төрайымы Айгүл Соловьева, Шығыс Қазақстан облыстық Қоғамдық кеңесінің мүшесі, облыстық мәслихат депутаты Олег Чернышев, Қазақстан Президенті жанындағы ҚСЗИ әлеуметтік-саяси зерттеулер бөлімінің басшысы Алуа Жолдыбалина және Алматы қаласы қоғамдық кеңесінің мүшесі, «Болашақ» халықаралық қозғалысы мен «Жастар үні» жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Дәурен Бабамұратов қатысты.
Әлия Ғалымова өз сөзінде Қоғамдық кеңестердің І республикалық мәжілісінің негізгі міндеті мен қызметі туралы жан-жақты баяндап берді. Оның айтуынша, қоғамдық кеңес тұрғындар мен мемлекеттік органдар арасындағы байланысты ұйымдастыру үшін құрылған.
– Қоғамдық кеңестер айналысатын ең өзекті мәселелерді атап өтетін болсақ, үлкен қалалар мен аймақтарда айтарлықтай айырмашылық барын ескеру қажет. Әйтсе де, ең бірінші қоғамдық кеңес көтеретін негізгі мәселелердің бірі – қоғамдық көлік мәселесі болып отыр. Сондай-ақ тұрғын­дар пәтер иелері кооперативіне қатысты сұрақтармен жиі шағымдана­ты­нын айтып өткен жөн. Бұдан бөлек, тұрғын үй- коммуналдық шаруашылығына қатысты сұрақтар өзекті болып отыр. Нақтырақ айтсам, су тарту және су құбырлары мәселесі халықтың негізгі мәселесіне айналған. Сонымен қатар былайғы жұртты тарифке қатысты сұрақтар мен азық-түлік бағасы мазалап отырғанын айтып өткен жөн, – дейді ол.
Әу баста, Қоғамдық кеңестердің жұмысына қоғам тарапынан әртүрлі сын-пікірлер айтылған болатын. Алайда 2 жыл көлемінде еліміздегі Қоғамдық кеңестер ауыз толтырып айтарлықтай деңгейде қыз­мет атқарды. Бұл туралы Дәурен Баба­мұратов жан-жақты айтып берді. Әйтсе де, ол елімізде жұмыс істеп жатқан 229 қоғамдық кеңестің құзыретін арт­тырып, оларға мол мүмкіндік беру керек деген пікірде.
– 2015 жылы қоғамдық кеңес туралы заң шыққанда, оның болашағына күмәнмен қарағандар болды. Осыған дейінгі құрылымдар секілді белсенді жұмыс атқара алмайды деп есептеді. Алайда бір жарым жылда көптеген ілгерілеушіліктерге қол жетті. Қоғамдық кеңестің ең ыңғайлы шараларының бірі – қоғамдық тыңдау. Осы бір жарым жылда еліміз бойынша 600-ден астам қоғамдық тыңдаулар өтті. Аталған кездесулерде көптеген түйінді мәселелер талқыланып, мемлекет тарапына ұсынылды. Дегенмен ірі қалалар мен аймақтық орындардағы Қоғамдық кеңестердің жұмыс нәтижесінде, айырмашылықтар бар. Мәселен, қоғамға белгілі білікті азаматтар қатысқан Қоғам­дық кеңестер оң нәтижесін беріп жатыр. Жалпы тәжірибені молайта түсу және заңды күшейту арқылы Қоғамдық кеңес жұмысының қарқынын жоғарылатуға болады. Қоғамдық кеңес үшін 100 нақты қадамның ішінде демократияландыру ең негізгі бағыт болып отыр. Аймақтық өңір­лерде халық әкімдерді өздері сайлады. Бұл жүре-жүре үрдіске айналса, қарапайым халық пен биліктің ниеттестігі күшейе түспек, – дейді ол.
Алуа Жолдыбалина болса, институт жүргізген зерттеу бойынша анықталған мәліметтерді ортаға салды. Оның айтуын­ша, Қоғамдық кеңестердің атқарған жұмы­сын сарапшылар – 63 пайыз Қоғамдық кеңес мүшелері 68 пайыз деп оң бағалап отыр. Сондай-ақ Қоғамдық кеңес­тің тиім­ділігі бойынша сарапшылар – 48,7 пайыз, Кеңес мүшелері аймақтық жерлерде –
90 пайыз орталық өңірлерде 83 пайыз деп бағалануда. Жалпы мамандар Қоғамдық кеңестердің қордаланған мәселені шешуде қауқарлы рөл атқарады деген пікірде. Сондықтан да аталған ұйымның жұмысы­нан зор үміт күтуге болады.

 

Серік ЖОЛДАСБАЙ

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*