Елбасыға Қытай төрағасы ризашылық білдірді

Қазақстан Президенті – «Нұр Отан» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың атына жеделхат келіп түсті.
Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпинь Нұрсұлтан Назарбаевқа жеделхат жолдады. Онда Си Цзиньпинь Қытай Коммунистік партиясының ХІХ Бүкілқытайлық съезінің өтуімен және Қытай Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің Бас хатшысы болып қайта сайлануымен құттықтағаны үшін Қазақстан Президентіне ризашылық білдірген.
ҚХР төрағасы екіжақты қарым-қатынастың даму қарқынына оң баға беріп, саяси өзара сенімнің үздіксіз нығайып келе жатқанын, сондай-ақ «Бір белдеу, бір жол» бастамасын бірлесе жүзеге асырудың нәтижесін де атап өткен.
«Қытай Коммунистік партиясы мен «Нұр Отан» партиясының өзара ынтымақтастық байланыстары екі ел арасындағы қарым-қатынасты дамытуда аса маңызды саяси рөл атқарады.
Қазіргі халықаралық және өңірлік жағдайда екі елдің игілігі үшін Қытай мен Қазақстан арасындағы жан-жақты стратегиялық серіктестікті дамытудың, сондай-ақ өңірдегі және бүкіл әлемдегі өркендеу мен тұрақтылықты қолдаудың маңыздылығы артып келеді. Сізбен бірге партияларымыз бен елдеріміз арасындағы жан-жақты және терең дамыған қарым-қатынастарымызды одан әрі жандандыра түсу үшін күш жұмылдыруға әзірмін» делінген жеделхатта.