Көрме тақырыбы – Елбасы тағылымы

1993
0
Бөлісу:

Алматыдағы Мемлекеттік орталық музейінде Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының «Н.Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» атты көшпелі ғылыми білім беру және мәдени-ағартушылық көрмесінің ашылу салтанаты болып өтті. Тұңғыш Президент күні мен Тәуелсіздік күніне орай ұйымдастырылған көрменің мақсаты – Елбасының тәуелсіз Қазақстан тағдырындағы рөлін мұрағат құжаттары мен жәдігерлері арқылы таныстыру.

Көрмені Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы кі­тапханасы директорының міндетін атқарушы Махмұт Қасымбеков кіріспе сөзбен ашып, көрменің маңызы хақында тоқталды. «Бұл көрменің Алматыда басталуының өзіндік себептері бар. Алматы – әлемге әйгілі мәдениет пен өнер орталығы. Тәуелсіздігіміз де ең алғаш Алматы қаласында жарияланған болатын. Сондықтан бұл қала барша қазақстандықтар үшін ерекше ыстық, жүрегіне жақын. Көрме аясында семи­нарлар, конференциялар өткіземіз. Олардың барлығы Алматы қаласының жоғары оқу орындарында және басқа да оқу орындарда өткізіледі» дей келе, көрме Алматының мәдени-рухани өмірінде үлкен жаңалық болатынына сенім білдірді.

Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Арыс­танбек Мұхамедиұлы көрменің ашылу салтанатымен құттықтап, шараның ел өмірінде алатын орны жайлы сөз өрбітті. «Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Ха­лықаралық қауымдастықта өзіндік орын алған қуатты мемлекет Қазақ­стан – ажырамас екі ұғым. Мемлекет басшысы халқымыз ғасырлар бойы аңсаған еркіндіктің есігін ашты. Тарих үшін өте қысқа мерзімде ел экономикасы қарыштап дамытып, ішкі және сыртқы саясатта әлемдік деңгейге көтерді. Елбасының сарабдал саясатының арқасында толағай табыстарға қол жетті. Қазіргі уақытта Қазақстан әлем мәдениетінің құрамдас бөлігіне айналды. Осы бағыттағы біздің бағдарымыз айқын. Ол – әлем мәдениетінің қақ төрінен орын алу. Бұл ретте Елбасының бас­тамасымен ұлттық салт-дәстүрлерімізді, тілімізді, өнерімізді, әдебиетімізді, бір сөзбен айтқанда, ұлттық рухымызды жаңғыртуды бастадық. 2017 жылы 17 қазанда ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерін­де Елбасының бағдарламалық мақала­сы мен рухани жаңғырудың 6 негізгі
жоба­сы – туған жер, Қазақстанның киелі географиясы, жаһандық заманауи қазақстандық мәдениет, мемлекеттік тілдің латын әліпбиіне көшуі, жаңа гуманитарлық білім, қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық және 100 жаңа есім жобалары таныстырылды. Ғылым мен білімнің, мәдениет пен өнердің ордасына айналған Париж көрермендеріне Қазақстанның рухани жаңғыру бағдарламасы аясында дүниежүзіне танымал экспонат Алтын адамды паш ететін «Көшпенділер әлемі – Алтын адам» экспозициясын, Қазақстан туралы ғылыми-танымдық фильмдер, отандық суретшілердің көрмесін, қазақстандық авторлар кітабының таныстырылымын ұсынды» деген А.Мұхамедиұлы Нұрсұлтан Әбішұлының өмір жолы әрбір қазақстандық үшін өнеге екенін баса айтты.
Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек: «Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында ел болашағы үшін тарихи шешімдердің Алматыда қабылданғанын ескерсек, осынау мазмұны мен деңгейі тұрғысынан аса маңызды іс-шараның қаламызда басталуы көптен күткен оқиға. Бұл – біз үшін үлкен мәртебе әрі мақтаныш. Алматы – білім мен ғылым­ның, өнер мен мәдениеттің қара­шаңырағы. Көрме тәуелсіз Қазақстаның дербес мемлекет ретінде қалып­тасуындағы Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тарихи дара, тұлғалық рөлін ашық көрсетеді. Мемлекет басшысы бүкіл ғұмырын ел мүддесіне арнап, халқымызға қалтқысыз қызмет етуде. Кешегі қиын-қыстау кездерде ел тағдырын өз қолына алып, көк байрағын көтерген Қазақ елінің Тұңғыш Президенті болып сайланды. Елбасының арқасында Қазақстан қысқа мерзімде әлемдік кеңістікте өз орнын алды» деп көрмеде ұсынылған бірегей экспозициялар еліміздің қа­лыптасу тарихынан терең мағлұмат беретініне мән берді.
Еліміздің астанасын көшірген сәттен бергі 20 жыл ішінде алғаш рет Мемлекет басшысының Жеке архиві, Жеке кітапханасы және музей қорының зерттеу нәтижелері мен материалдары Алматы қаласының қалың жұртшылы­ғының назарына ұсынылып отыр. Келушілердің назарына кітапхананың архиві, кітап, музей қорларының сирек жәдігерлері, Елбасының жоғары мемлекеттік марапаттары, Құран коллекциясы, өзге мемлекет басшыла­рының қолтаңба қойылған кітаптар, Н.Назарбаевтың шет тіліндегі кітаптары қойылды. Көрме 2018 жылдың 14 қаң­тарына дейін жұмыс істейді.

Ақбота ИСЛӘМБЕК

Бөлісу:

Пікір жазу


*