Агроөнеркәсіптік аймаққа айналған өңір

1110
0
Бөлісу:

Президент Нұрсұлтан Назарбаев Қостанай облысына жұмыс сапарымен барып, өңірдегі әлеуметтік нысандармен, ауылшаруашылық және өндірістік кәсіпорындардың тынысымен танысты. Мемлекет басшысы «Аэропорт» ықшамауданындағы тұрғын үй құрылысының барысын көрді. Сонымен бірге Президентке аймақта «Нұрлы жер» бағдарламасының жүзеге асырылуы туралы ақпарат баяндалды. Қазіргі таңда аталған ықшамауданда әлеуметтік инфрақұрылым нысандары бой көтеріп жатыр. Оның ішінде 900 орынға лайықталған мектеп, мемлекеттік-жеке серіктестік аясында салынып жатқан спорт ойын-сауық кешені де бар. Жаңа ықшамауданның көлемі – 31,7 гектар. 2014-2017 жылдар аралығында жалпы аумағы 80 мың шаршы метр болатын 16 үй тұрғындар пайдалануына берілген. Бүгінде тағы 12 үйдің құрылысы қарқынды жүріп жатыр.

Сапар барысында Нұрсұлтан Назарбаев қаладағы «Теннис орталығы» спорт кеше­ніне барып, 6 теннис корты, оның ішінде 3 жабық корты бар кешен аумағын аралады. Жас теннисшілермен кездескен Елбасы, спортшыларға мықты денсаулық пен жар­қын жеңістерге жете берулеріне тілек­тестігін білдірді. Бұл спорт кешені 2015 жылы жергілікті қазынаның қаражатына са­лынған болатын. 2016 жылдан бері ке­шенде бірнеше республикалық жасөс­пірімдер турнирлері және әуесқойлар мен ардагерлер сайыстары өткізілді. Аймақтың спорттық ахуалын білу мақсатында Прези­дент сапарын қаланың оңтүстік-шығы­сында орналасқан күш қолданылатын спорт түрлері академиясында жалғастырды. Онда Президент спорт залын аралап көріп, жергілікті спортшылармен де емен-жар­қын әңгіме құрды. Мемлекет басшысымен кез­дескен спортшылар арасында ауыр атле­тикадан Қазақстан жасөспірімдер құра­масының да мүшелері бар. Қазіргі таң­да академияда ауыр атлетика, пауэр­лифтинг, бодибилдинг және армрестлинг сынды спорт үйірмелері жұмыс істейді. Одан кейін Елбасы ат басын бұрған іргелі кәсіпорындардың бірі – «Сарыарқа­АвтоПром» ЖШС болды. Бұл жерде Ел­басы автомобиль өндірісімен айналысатын отандық кәсіпорынның жұмысын бақы­лады. Өндірістік цехтарды аралап шыққан ол жұмыс жағдайы, өндірістің өнімділігі жайында зауыт жұмысшыларымен де пікірлесті. Елімізде қолға алынған «Жасыл экономика» тұжырымдамасы да қазіргі таңда сала-сала бойынша қызу атқарылып жатыр. Оның ең басты тиімділігі – табиғи байлықтардан бас тарта отырып, балама энергия көздерін тұтыну. Осы орайда зауыт алдағы уақытта электромобильдер шы­ғаруды да жоспарлайды. Кәсіпорынды аралау сәтінде Нұрсұлтан Назарбаев қазақ­стандық алғашқы «жасыл автоқұ­рылыс» өнімдерімен де танысты. Елбасының алдында сөз сөйлеген облыс әкімі Архимед Мұхамбетов өңірдің көпвекторлы даму жолына түскенін айтты. Әкімнің айтуын­ша, облыс қазіргі кезде тек аграрлық ғана емес, агроөнеркәсіптік аймаққа айналған.
– Мемлекеттік индустриалды-иннова­циялық бағдарламаны жүзеге асыру ая­сында біз алғашқы бесжылдыққа 77 жоба енгіздік. Оған 115 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінді. Сәйкесінше, 4800 жұмыс орнын құрдық. Екінші бесжылдықта 25 жобаны іске асырудамыз. Ең бастысы – біз жобалардың сапасын арттыра алдық. Ірі жобалар қазіргі таңда шешімін тауып, жүзеге асып жатыр. Мұны 5,4 есеге өскен инвестициядан да байқауға болады, – деді Архимед Мұхамбетов.
Алдағы уақытта облыста шетелден тар­тыл­ған капиталдың арқасында жаңа кә­сіп­орындар бой көтермек. Өңірге инвес­ти­ция тартуға ынталанып отырған ірі ин­вес­торлардың қатарында Қытай елі де бар.
– Бұл біздің Қытай Халық Республика­сының төрағасы Си Цзи Пинмен Ұлы Жібек жолы бойынша жасасқан келісімі­міздің жүзеге асып жатқанын көрсетеді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Осы сапар кезінде Президентке элек­тромобильдер жасап шығару үшін қажетті инфрақұрылымның дамытылып жатқаны да айтылды. Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қостанайда жасалған JAC, Peugeot, Ravon брендтерінің автомобиль­дерімен де танысты. Еске салайық, «Са­рыарқаАвтоПром» ЖШС 2010 жылы құрылған болатын. 570 адам жұмыс істейтін зауыт биылдың өзінде 3 795 техника бірлігін дайындап шығарған. Президент аяқ басқан тағы бір кәсіпорын – табиғи сүттен сапасы жоғары өнім алуға маман­данған «Милх» ЖШС. Мемлекет басшы­сына балмұздақ пен ашытылған сүттен жасалған өнімдер көрсетіліп, өнімді жасап шығудың технологиялық процесі таныс­тырылды. Кәсіпорын қазіргі уақытта 50-ден астам өнім түрін шығарады. Өндірістік қуаты жылына 40 мың тонна өнім өндіруге жетіп, күн сайын 200 тонна сүтті өңдеп шығады.
– Соңғы кездері облыстың әлеуметтік саласында көптеген жұмыстар атқарылып жатыр. Салынып жатқан спорт кешендері, ойын-сауық және сауда орталықтары ел игілігіне жұмыс істейді. Өнеркәсіп көлемі артуда, соның арқасында облыс агроөнер­кә­сіптік өңірге айналып келе жатыр. Еліміз­дің заманауи көлік инфрақұрылымын қалыптастыру тұрғысынан облыс эконо­микасы үшін жол желісін дамыту аса ма­ңызды. Жол дегеніміз – өмір. Заманауи жол­дардың салынуы экономиканы дамы­тып, өніміміздің бағасын арзандатуға және оның бәсекеге қабілеттігін арттыруға сеп­тігін тигізуге тиіс, – деді Мемлекет бас­шысы.
Осылайша, Елбасы өңірдің әлеуметтік-экономикалық мүмкіндіктерінің артып, соның ішінде өнеркәсіп пен ауыл ша­руашылығы саласының қарқынды түрде дамып келе жатқанын атап өтті. Сондай-ақ Президент өз сөзінде ғылым сала­сындағы жаңашыл жетістіктерді агро­өнеркәсіптің ілгері басуы үшін тиімді пайдалану керектігін де жеткізді.
– Ғылым ауыл шаруашылығындағы көптеген мәселенің түйінін тарқата алады. Қазақстанда үш бірдей аграрлық универ­ситет бар. Сапалы маман дайындау үшін әрқайсы өзіндік бағыт ұстанған. Сіздер ғылымнан ауыл шаруашылығы үшін қажет нәрсені талап етуге тиіссіздер, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Өңірдің ауылшаруашылық тауар өндірушілерімен кездескен Президент, оларға тез арада ауыл шаруашылығы кооперативтерін құрып, зауыттарға шикізат жеткізіп, дайын өнімді елімізде жа­сақталған транспорттық инфрақұры­лымды пайдалана отыра шетелге экспорттау керектігін айтты.
– Ауылшаруашылық өнімдерін өңдеу – қазіргі кезде өте маңызды шаруа. Бидай емес, тым құрыса ұн сатуымыз керек. Макарон өндіру де керек. Келешекте бізге астық өңдейтін зауыт салуға тура келеді. Қазір сүт, ет өңдейтін зауыттар тек 50-60 па­йызға ғана жұмыс істеп тұр. Себебі, ши­кізат жоқ. Міне, сондықтан да коопе­ратив құру идеясы туындап отыр. Сонда ғана іс алға басып, жұмыс жүреді, – деді Прези­дент.
Кездесу соңында облыс еңбеккерлері Президентке ауыл шаруашылығы бойынша көрсетіліп жатқан көмек пен қамқорлық үшін алғыс білдірді.

Абай АЙМАҒАМБЕТ

Бөлісу:

Пікір жазу


*