Жыл бюджетін нақтылады

Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Сенаттың жалпы отырысы өтіп, онда «2017-2019 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңға түзетулер қабылданды. Бұл құжат енді Елбасының қол қоюына жолданады.
Ел экономикасының 9 айдағы даму қорытындылары мен әлемдік экономиканың ағымдағы ахуалын есепке ала отырып, 2017 жылға арналған макроэкономикалық көрсеткіштер болжамы нақтыланған. Жыл басынан бері экономикалық белсенділіктің жақсаруына байланысты ЖІӨ нақты өсімі бұрын күтілген 2,5 пайыздан 3,4 пайызға дейін ұлғаю жағына қарай қайта қаралды.
Ұлттық банктің болжамы бойынша, инфляция бекітілген 6-8 пайыз аралығында сақталмақ. 2017 жылғы республикалық бюджет кірістерінің нақтыланған болжамы 4 триллион 952,8 млрд теңге сомасында айқындалды немесе 60,8 млрд теңгеге ұлғайды. 2017 жылғы шығыстар, бұрын бекітілген бюджетпен салыстырғанда 1 млрд теңгеге ұлғая отырып, 11 триллион 177,4 млрд теңге сомасын құрамақ.
Қаржы министрі Б.Сұлтановтың айтуынша, «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасын іске асыруға арналған шығыстар 2017 жылы тағы 2,6 млрд теңгеге ұлғая отырып, 160,4 млрд теңгеге жетеді. Ол тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде дәрімен қамтамасыз ету және медициналық көмек бойынша қажеттіліктің ұлғаюы есебінен болды.
«Қоғамдық сананы жаңғырту» бағдарламасы бойынша 4,2 млрд теңге сомасында шығыстар көзделді. «Оның ішінде 2,5 млрд теңгеге – «Жаһандық әлемдегі заманауи қазақстандық мәдениет», 1,2 млрд теңгеге «Қазақстанның рухани киелі заттары» бағдарламалары және басқа да іс-шаралар жүзеге асырылады» деді Бақыт Сұлтанов.
Нақты сектор шығыстары 2017 жылы 1 трлн 918,9 млрд теңгені құрайды. Оның ішінде «Нұрлы жол» бағдарламасына 455,3 млрд теңге бағытталады, 309 млрд теңге көлік инфрақұрылымын дамытуға және 130,6 млрд теңге білім беру, инженерлік-коммуникациялық және индустриялды инфрақұрылымды дамытуға арна тартады. «Нұрлы жер» бағдарламасын іске асыруға биыл шығыстар 127,6 млрд теңгеге жетеді, жалға берілетін тұрғын үй құрылысына – 25 млрд теңге, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымға – 80,9 млрд теңге, экономиканы ынталандырудың қаржылық құралдарына 2 млрд теңге беріледі.
2017 жылға арналған республикалық бюджет тапшылығы 62 млрд теңгеге азайтылды және 1 триллион 485,9 млрд теңгені немесе ЖІӨ бағамының 2,9 пайызын құрайды.
Басты қаржы құжатына түзетулер енгізу жан-жақты талқыланды. Сенаторлар M.Тағымов, Д.Әділбеков, Т.Мұсабаев, Е.Сұлтанов, С.Бектұрғанов, Б.Еламанов, В.Волков, Б.Шелпеков, Д.Кәлетаев бюджет саласын жетілдіру, мемлекеттік активтерді басқаруды жақсарту, салықтық әкімшілендірудің тиімділігін арттыру, мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті дамыту, инвестиция тарту, мемлекеттік қаражат есебінен банк секторының ахуалын жақсарту мәселелерін көтерді.
Сенатор Ерболат Мұқаев Ұлттық банктің назарын банк секторының тұрақтылығы мәселесіне аударды: «Сарапшылық деректерге сәйкес, 2016 жылдың соңында «Бәйтерек» холдингі «Қазинвестбанкке» – 21,1 млрд теңге, «Дельта банкке» – 60,3 млрд теңге орналастырған. Сонымен қатар БЖЗҚ-ның айтарлықтай қаражаты осы екі банкке, атап айтқанда, «Дельта банк» – 45,2 млрд теңге және «Қазинвестбанкке» 2,9 млрд теңге салынған» деді сенатор.
Ол азаматтардың «РБК банкіндегі» жинақ ақшасын қорғау шараларына да баса назар аударды. Қаржылық тұрақтылықты арттыру бағдарламасының аясында оны тұрақтандыруға 240 млрд теңге бөлінді. Сонымен қатар «РБК банкінің» 600 миллиард теңге сомасындағы проблемалы портфелі – бұл мәселені ерекше тәртіппен шешу үшін жеке мамандандырылған компанияға берілетін болды. Инвестор – «Қазақмыс» корпорациясы банкті 160 млрд теңге көлемінде қосымша капиталдандырады деп жоспарлануда. Депутат банк секторын мемлекеттің есебінен жақсарту үрдіске айналып бара жатқанына алаңдаушылық білдірді.
«Биылғы жылы банк секторы ахуалын жақсарту үшін, атап айтқанда «Қазкоммерцбанктен» «БТА»-ның проблемалық несиелерін сатып алу үшін республикалық бюджеттен, Ұлттық қор есебінен 2,1 трлн теңге қаражат бөлінді. Бұл республикалық бюджет кірістерінің төрттен бір бөлігін құрайды» деді сенатор. Ұлттық реттеушiге банктердің ахуалын жақсарту моделiн құруға емес, бiрiншi кезекте «тәуекелдi бағалаудың, мұндай жағдайлардың алдын алу үлгiсiне назар аударуы тиіс» деп санайды Е.Мұқаев.
Сенаторлар Қазақстан Үкіметі мен Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымы арасындағы келісімді ратификациялады. 2017 жылғы 2 мамырда Астана қаласында жасалған келісім бойынша Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымының (АҚИҰ) штаб-пәтері Астанада ашылады деп күтілуде. Исламдық ұйым штаб-пәтерін елімізде құру – Ислам ынтымақтастық ұйымы шеңберіндегі ынтымақтастықты нығайтады және ұйымның халықаралық, өңірлік және субөңірлік бастамаларына Қазақстанның тартылуын күшейтеді.
Осы ұйымға және оның штаб-пәтерін ашуға республикалық бюджеттен қанша қаражат шығындалады? 2017-2019 жылдары Сыртқы істер министрлігінің бюджеттік бағдарламасы бойынша Қазақстан Республикасының АҚИҰ-ға ерікті жарнасы жыл сайын 247 миллион 204 мың теңге (749 мың 103 доллар). Ауыл шаруашылығы министрлігінің бюджеттік бағдарламасы бойынша 2018 жылдан бастап, жыл сайын 39 миллион 600 мың теңге сомасында офистік үй-жайды жалға алу шығыстары көзделген.
Айхан ШӘРІП