Алтын іздеуге рұқсат етіледі

1530
0
Бөлісу:

Мәжілістің жалпы отырысында қалаулылар жер қойнауы кодексі жобасын, сондай-ақ барлық ақпарат құралдарының жұмысын реттейтін жаңа заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Бұл қос құжат мемлекет пен қоғам өміріне бірқатар өзгерістер ала келмек. 

Инвестициялар және даму министрі Ж.Қасымбектің айтуынша, «Жер қой­науы және жер қойнауын пайдалану туралы» кодекс жобасы жер астынан қазына өндірушілер кездесетін кедер­гі­лерді жоюға, саланың құқықтық базасын жетілдіруге, тікелей шетелдік инвестицияларды тартуға, жаңа кен орындарын ашуға және қосымша жұмыс орындарын құруға бағытталған.
– Кодекс көмірсутек шикізатының қорлары мен қатты пайдалы қазбалар қорлары бойынша есептіліктің CRICO халықаралық стандарттар жүйесін ендіру арқылы жер қойнауын пайдалану саласының айқындылығы мен болжам­дылығын арттырады. Ең үздік дүние­жүзілік тәжірибені пайдалана отырып, барлық пайдалы қазбалар үшін келі­сімдерді бекітудің оңтайлан­дырылған тәсілі енгізілді, – деді Ж.Қасымбек.
Оның түсіндіруінше, геологиялық барлауға инвестициялардың көптеп келуін қамтамасыз ету мақсатында, «Кодекс жобасының негізгі жаңалығы ретінде жер қойнауын пайдалану құқығын берудің оңайлатылған тәртібін енгізу» таңдалған. Ол тәртіп жалға алу ставкасының жыл сайын өсіп отыруын қарастыратын «бірінші өтініш» қағи­датына негізделмек. Яғни, кен орнына қандай инвестор бірінші келсе, игеру құқығы да сонда болады.
Министр жер қойнауын пайдалану құқығы «әрбір блок бойынша шамамен 2 шаршы шақырым көлемінде» ұсы­нылатынын мәлім етті. Әлеуетті жер қойнауын пайдаланушы ең көп дегенде 200 ғана блокты ала алады. Бірақ бұл жағдайда блоктардың әрқай­сысына ерекше талаптар қойылады. Мысалы, инвестор әрбір блокқа жеке қаржы бөлуі және олардың әрқайсысына жеке есеп беруі қажет. Үкімет мұның
Қазақ­станның ауқымды, сапалы және толық геологиялық зерттелуін қамтама­сыз етеріне сенімді.
«Біздің McKinsey & Company-дан тартқан кеңесшілеріміздің есебі негі­зіндегі байламдарға сәйкес, егер
Қазақ­станда жаппай геологиялық барлау іске қосылса, елімізде әлемдік деңгейдегі кем дегенде 15 кен орны, сондай-ақ жаңа тау-кен провинциялары ашылады деп болжануда» деді Инвес­тициялар және даму министрі.
Әзірге әлемдегі 104 елдің ішінде Қа­зақстан геология саласын мем­ле­кеттік реттеу бойынша тек 74-орында тұр. Жер қойнауының геологиялық тартым­дылығы жағынан – 45-орында. Бұл реформа әлемде болып жатқан дағ­дарыс пен оның салдарынан инвестор тартуға байланысты бәсекелестіктің артуынан туындап отыр.
Жаңа Кодекс жобасының ел тари­хында бұрын-соңды болмаған тағы бір жаңалығы бар. Оның аясында ұсақ кен орындарында асыл металдар мен тас­тарды өндіруді регламенттеу мақ­са­тында жер қойнауын пайдалану­дың жаңа түрі – «старательдік өндіру» енгізіледі.
Бұған дейін тек заңсыз алтын өнді­ретін «қара старательдер» туралы белгілі еді. Құқық қорғау органдарының ақпары бойынша биыл 800-ден астам заңсыз старатель ұсталған, 12 қылмыс­тық іс қозғалған. Жыл сайын тоннадан астам құрамында алтыны бар шикізат «көлең­келі» нарықта өткізіледі екен. Алтынды шикізатты заңсыз өндіру дерек­тері Ақмола, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан облыстарында ұдайы тіркеледі. Енді өз бетінше алтын іздегісі келетін азаматтар мен шетелдіктер заңдастырылады. Олардан салық төлеу ғана талап етіледі. Осы орайда депутат­тар бұл старатель­дерге қандай біліктілік талаптары қойылатынын сұрастырды.
«Бизнестің бұл түрі қазір толығымен «көлеңкеде». Біз бұл бизнестің бір бөлігін заңдастырмақпыз. Старатель­дердің жаңа институты пайда болады. Бірақ оларға мысалға, өзендердегі ұсақ учаскелерді игеруге ғана рұқсат етіледі. Карьерлерде, шахталарда старательдік қызметке жол берілмейді. Өйткені бұларда жұмыс жасау үшін тиісті техникалық және басқа да қауіпсіздік бойынша құралдар қажет. Тіпті ескі карьерлерде де қауіпсіздік мәселелерін тұрақты техникалық қадағалап отыру талап етіледі. Тиісінше, ұсақ учаскелер болғандықтан, старательдерге қойылар біліктілік талаптары да шамалы болады» деп жауап қатты министр.
Сонымен бірге, Кодекс алтын іздеуші азаматтарға жерді тек үш метрге дейін қазуға рұқсат етпек. «Үш метр – халықаралық тәжірибе. Одан төмен тереңдіктер өнеркәсіптік өндіріс аясына жатады» деді Ж.Қасымбек.
Отырыста бірінші оқылым­да құпталған «Кейбір заңнама­лық акті­лерге ақпарат және коммуникациялар мәселелері бойынша өзгерістер мен то­лықтырулар енгізу туралы» заң жо­ба­сы БАҚ, телерадио хабарларын тарату, ақпараттандыру және байланыс, ақпараттық қауіпсіздік салаларындағы қоғамдық қатынастарды құқықтық реттеуді қарастырады.
Бұл салалардағы өзгерістер бірнеше бағыттарды қамтиды. Біріншіден, арна­ларда субтитрлеуді немесе сурдо­аударманы кеңінен қолдану арқылы мүмкіндігі шектеулі адамдардың ақ­па­ратқа қол жеткізу құқықтарын қам­та­ма­сыз ету, мүмкіндігін кеңейту ұсы­ны­лады. Екіншіден, Қазақстанда ақпарат құрал­дарында кез келген бала­ның бейнесін және дербес дерек­терін баланың өзінің немесе оның заңды өкілдерінің келісімінсіз жария­лауға және көрсетуге тыйым салынады. Үшін­­шіден, болмашы бұзушылықтары үшін қазіргідей БАҚ қызметін тоқтата тұру және таралымды тәркілеу түріндегі әкім­шілік жазалау шаралары жойыл­мақ.
Төртіншіден, енді мемлекеттік орган­дарда және мекемелерде орна­тыл­ған теледидарлардан – тек отандық телеарналарды, радиоқұрылғылардан қазақстандық радиоарналарды трансля­­циялау міндеті бекітіледі. Осы орайда депутаттар басқа ұйым­дарда, мысалы, әуежайларда да экрандардан тек мемлекеттік арналар паш етілсін деген ұсыныс енгізген, бірақ заңды әзірлеушілердің ай­туынша, оған жар­нама тарту мүд­де­лерін алға қойған сол ұйымдар мен кәсіпкерлер қарсы екен.
Заң жобасында БАҚ-тың ауызша және жазбаша сұрау салуларына мемлекеттік органдардың жауап беру мерзімін қазіргі үш күннен 15 күнге дейін арттыру ұсынылады. Алайда бұған журналистік қоғамдастық қарсы және оларды депутаттар қолдап шықты. Себебі, жаңалығы ғарыштық жылдам­дықпен ауысқан қазіргі заманда жарты ай ішінде сұралған ақпарат өзектілігін толық жоюы мүмкін. Бұл дәйектемеге келіскен Ақпарат және коммуникация­лар министрлігі ол мерзімді қайта қарауға келісіп отыр.
Жалпы, отырыс соңында А.Жама­лов, Ж.Ахметбеков, А.Перуашев ор­талық мемлекеттік органдардың бас­шы­­ларына депутаттық сауалдар жол­да­ды.

Елдос СЕНБАЙ

Бөлісу:

Пікір жазу


*