«ДОСТЫҚ ЕЛШІСІ» АТАҒЫ БЕРІЛЕДІ

1372
0
Бөлісу:

Астанада Қазақстан халқы ассамблеясы кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті. Іс-шараға Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова, ҚХА Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгеруші Дархан Мыңбай, Мәжіліс депутаттары мен ҚХА Кеңес мүшелері қатысты.

Кеңестің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың ҚХА-ның ХХV сессиясында және Парла­мент 6-шақырылымдағы 3-сес­сия­­сының ашы­луын­да берген тап­сыр­ма­ла­рын орындау барысы талқыланды. Со­н­дай-ақ жиында «Болашаққа бағдар: ру­ха­ни жаң­ғы­ру» бағдарламасын іске асыру және тағы да басқа ұйымдастырылу мәсе­лелері қаралды.

Гүлшара Әбдіқалықова өз сөзінде Елба­сының тапсырмасы бойынша Қазақ­станда экономиканы, саясат пен қоғам­дық сананы қамтитын жүйелі әрі ауқымды жаңғырту басталып кеткенін мәлімдеді.
– Қоғамдық сананы жаңғыртуға бағыт­тал­ған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы ассамблея жұмысына тың серпін берді. Мәселен, «Туған жер», «Қазақстан­­ның киелі жерлерінің география­сы», «Жаһан­дағы зама­науи қазақстандық мәде­ниет», мемле­кеттік тілді латын қарпіне көші­ру жөніндегі жобалардың маңызы зор. Сон­дықтан да осы іс-шараларды жүзеге асыруға барлық этно­мәдени бірлестік атсалысып, өзінің үле­сін қосуы керек. Қазіргі таңда елімізде 1 338 этномәдени бірлестіктің жұмыс істейтіні көпшілікке белгілі. Сондай-ақ 41 достық үйі ашылып,
3 мыңдай қоғамдық келісім кеңес­тері қызмет атқарып жатыр. Бұдан бөлек 500 мыңнан астам адам, 18 мыңнан астам ұйым 4,1 млрд теңгеден астам қаражат көлемінде қайы­рымдылық көмек алды, – деді Мемле­кеттік хатшы.
Г.Әбдіқалықова Астананың 20 жылдық мерейтойына ҚХА айрықша атса­лысуы керек деп мәлімдеді. Өйткені елорда Тәуелсіз Қазақстанның символы, Президент идеясының іске асуының көрінісі мен бүкіл халықтың еңбегінің нәтижесінде пайда бол­ды. Сол себепті, Мемлекеттік хатшы Қазақстан халқы ассамблеясының тиісті іс-шара­лар жоспарын әзірлеуді ұсынды.
Жиын барысында «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асы­рудағы Павлодар облыстық ассамблея­сы­ның тәжірибесі талқыланды. Облыс әкімінің орынбасары Мейрам Бегентаев өңірде атқарылып жатқан жұмыстарды жан-жақты баяндап берді. Сондай-ақ кеңесте «Қазақ­стан халқы» интерактивтік тарих карта­сының, көпфункционалды мультимедиялық порталдың әзірлену барысы таныстырылды. Бұдан кейін «Қазақстан халқы ассамблеясы туралы» заңға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар жобасы қызу талқыланып, азаматтар өздерінің талап-тілектерін білдірді.
Дархан Мыңбайдың айтуынша, Қазақстан халқы ассамблеясы «Достық елшісі» атты жаңа құрметті атағын тағайын­дайтын бола­ды. Ол бұл құрметті атақтың Мемлекет басшысының тапсырма­сына орай беріле­ті­нін мәлімдеді.
– Бұл өте өзекті тақырып, себебі, көп­теген мемлекеттер ассамблеяның қыз­ме­тіне асқан қызығушылық танытып отыр. Әсіресе, Еуропа елдерінен бірқатар делегация тәжі­ри­бе алмасуға келді. Ассамблеяның шет мем­лекеттерде достары көп, солар арқылы Қазақстанның бірегей тәжірибесін тарату қажет. Қазақстан халқы ассамблеясының Дос­тық елшісі – Қазақстан халқының мүд­де­леріне өкілдік ететін, сондай-ақ Қазақстан Республикасының және өзі тұратын мем­ле­кет арасындағы екіжақты қарым-қаты­нас­тарды дамыту мүддесі үшін белгілі бір функцияларды атқаратын тұлға. Достық ел­ші­сі өз қызметін Қазақстан халқы ассам­блея­сы басшылығымен келісе отырып, өзі тұра­тын мемлекетте атқарады және жыл сайын 1 қаңтарға дейін өз қызметі туралы бізге есеп беруі тиіс. Достық елшісіне өз өкілеттілігін растайтын және толық аты-жөні, азаматтығы көрсетілген патент беріледі. Патент мерзімі үш жылдан кейін тоқтатылады немесе Қазақстан халқы ассамблеясымен келісе отырып ұзартылуы мүмкін, – деді ол.
Кеңес ұйымдастыру мәселелерін қарас­тырып, Қазақстан Президенті – Қазақстан халқы ассамблеясының Төрағасына «Бiрлiк» алтын медалімен, «Жомарт жан» төсбелгісі­мен, ҚХА Төрағасының құрмет грамотасы­мен және алғысхатымен марапаттау үшін кандидатуралар бойынша ұсыныстар енгізді. Сондай-ақ жиын барысында Қазақстан халқы ассамблеясының Кеңес мүшелері сайланып, қызметке кірісті.

Серік ЖОЛДАСБАЙ

Бөлісу:

Пікір жазу


*