EXPO нәтижесі: жел мен күннің қуатына не жетер?

1547
0
Бөлісу:

EXPO көрмесінің де мәресіне жетіп, мәртебесін әлем танығанына да 2 айға жуықтады. Барша жер жүзі көз тігіп, 45-тен астам елден ресми делегация келіп, өз өнімдерін ұсынған.
Күллі әлемнің күн тәртібінен түспей тұр­ған баламалы энергия көздерін да­мыту­ды тақырып еткен соң ба, өзгелердің де бұл көр­меге қызығушылығы орасан болды.

Ра­сында, қызық қой. Көмір, мұнай се­кілді жер қойнауында жатқан қазба байлық­тар­дың орнын кәдімгі күн мен жел, су энер­гия­сымен алмастыру дегеніңіз – нағыз даму­дың қайнар көзі, тиімді даму жолына бет бұру. Қатысушылардан бөлек, көрмені ке­ліп, тамашалаған адамдардың саны 4 мил­лионға жетіп жығылған. Жалпы саны әлем­нің 187 мемлекетінен келген туристің Қа­зақ­­станға табаны тиіпті. Сандардың сөй­­легені де көп деректен хабар берсе ке­рек. Ресми дерекке сүйенсек, қазынаға көр­­мені өткізуден 70 млрд теңге пайда тү­сіп­ті. Ұйымдастырушылар көрме басталмас бұ­рын қаражатты мейлінше, үнемдеуге ты­рысып баққан. Ол үшін жобаны қайта-қайта сүзгіден өткізіп, екі шоқып бір қарап шығыпты. Нәтижесінде, артық-ауыс шы­ғынды қажет ететін элементтерден ары­лып, бюджеттің 364 млрд теңгесі үнемделген. Әлем көшбасшыларының Қазақстанға ке­ліп, пікір алмасуына, болашақ энергия көз­дерімен танысуына себеп болған EXPO ая­сында еліміз бойынша 10 мыңнан астам жұ­мыс орны да ашылыпты. Бұл да болса, көңілге медеу.
Халықаралық көрме өте салысымен, елі­міздің әр өңірі баламалы қуат көзімен жа­рақтанған технологияларды өндіріске ен­гізуге белсене кірісіп кетті. Көрмеде көп­тің назарына ұсынылған жобалардың ішін­дегі 18-і Ақтөбе облысында қолданысқа ен­­­гізілмек. Бұл тамаша жетістік, әрине. Де­генмен жобалардың қай салалар бойын­ша іске асырылатыны туралы тарқата ай­тайық. Көбінесе, ірі өнеркәсіптердің қа­за­нында қайнайтын жобалардың өміршеңдігі үшін, облыс қазынасынан 43 млрд теңге қа­рас­тырылмақ. Аймақ әкімдігі таратқан мә­лімдеме бойынша негізінен, энергия үнем­деу, еңбек өнімділігін өсіру және ба­ла­малы энергия көздерін дамытуға қатысты әре­к­еттер шешімін таппақ. EXPO-да көр­сетіл­ген жобаларды жүзеге асыру бойынша, Аты­рау облысының да мақтанып айтар же­тістіктері баршылық. Облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың айтуынша, құны 140 мил­лиард доллар теңге болатын 5 жоба қол­ға алынып отыр екен. Солардың ішіндегі ең көр­нектісі – қаладағы 36 көшеге энергия үнем­дейтін ерекше лампалар орнатылмақ. Мем­лекеттік және жекеменшік тәсілмен жү­зеге асатын бұл жоба үшін қазіргі таңда 2 миллиард теңге бөлініп отыр. Осылайша, қала көшелерін жарыққа бөлейтін 3000-нан ас­там светодиодтық лампалар энергияны ысы­рап етпей, экономикалық тұрғыдан бір­шама тиімділік алып келеді. Облыс бас­шылығы әрине, мұнымен ғана шектелмесі анық. Территориясында мұнай өндіру және мұнай өңдеу зауыттары орналасқан, ел эко­номикасының берік тірегіне айналып отыр­ған аймақта 2020 жылға дейін жалпы қуаты 52 МВт болатын жел электростансасы да іске қосылмақшы. Қазіргі кезде Исатай ау­данында құны 12 млрд теңге болатын осы кешеннің құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Бұдан бөлек, өңірде 4 ірі өндіріс орны ашылып, 300 жұмыс орны құры­лып­ты. Жалпы, EXPO көрмесі кезінде 100-ден астам бұрын-соңды болмаған жаңа тех­но­логиялар көрсетіліп, оларды қолданысқа енгізу процестері басталып кеткен. Энер­ге­тика министрлігінің ақпаратына сәйкес, атал­ған технологиялар «жасыл эконо­ми­каны» дамыта түсуге, қатты қалдықтарды өң­деуге мұрындық болмақ. Көрмеге ұсы­ныл­ған өнертабыстар ішінде қазақстан­дық­тардың да өнімдері шетел мамандары тара­пы­нан қызығушылық тудырыпты. Мә­­­­селен, өндірістен шығатын улы зат­тар­дың жолын жауып, атмосфераны таза күйін­де сақтау – қазіргі кездегі өте өзекті мә­селе. Шағын және ірі өнеркәсіптер қатар қол­дана беруге болатын мұндай құрылғыны қарағандылық Александр Борисенко есімді өнертапқыш ұсынған. «Абсолют эколоджи» деп аталатын жоба қазір Германияда өз болашағын айқындап жатқан жайы бар. Үздік деп танылған бірқатар жобаларды отандық жетекші компаниялар да өз қа­жетіне жаратуы тиіс. Солай болған күнде ба­рып, халықаралық көрме толыққанды өз нәтижесін берді деп айтуға болады. Себебі, ұсынылған жобаның шынайы өмірде іске асуы – көрменің де, экономиканың да көк­жиегін кеңейте түспек.
Бүгінгі таңда аталған жобаларға 170 отан­дық компания құда түсуі мүмкін деп бол­жанып отыр. Нақты керек қаржы көле­мін анықтағаннан кейін, компаниялар өз өн­дірістеріне қажетті жобаларды тарта бас­тайды. Әзірге экокапсула технологиясы, яғни электр желісі және жылумен жабдық­талған үйшіктер, электр энергиясын арт­тыру, смартқалалар жабдықтау сынды жо­ба­лар біздің компаниялардың қы­зы­ғу­шылығын арттырған екен. Жобаларды қарастырып, олардың арасынан озығын таңдап алу мақсатында 40 адамнан тұратын арнайы топ құрылған. Мамандар жаңа технологияларды бағалап, бағамдай отыра, сала-сала бойын­ша іріктеп шығарады. Нәтижесінде, мұнай мен газ саласы бойынша – 27, көмір және атом өнеркәсібі бағытында – 5, электр энер­­­гиясы – 44, ал экологияның ұңғыл-шұң­ғылына қатысты 29 технологияны таң­дап алған.
Қазақстан абыроймен өткерген көр­менің жемісін тек отандастарымыз ғана кө­ріп жатқан жоқ. Әлем елдері де елорда төрі­нен өздеріне керекті технологияларды таң­дап тұрып алып кетті. Мысалы, Шот­лан­дия мен Біріккен Араб Әмірліктерінде теңіз деңгейінен 78 метр биіктікте жел энер­гиясын өндіретін арнайы стансалар ор­на­тылған. 30 МВт қуатпен энергия өндіруге қау­қарлы құрылғы осы EXPO көрмесі ке­зінде ұсынылған еді. Ғалымдар тіпті теңізге қойылған технологиямен белгілі бір қала не­месе мемлекетті емес бүтін жер бетін энер­гиямен қамтуға болады дейді. Бірақ ол үшін мұндай құрылғылар 3 миллион шаршы шақырым аумақты алып жатуы тиіс. Дегенмен жобаны жүзеге асыруға ынта білдірген компаниялар құрылғыны орнату көлемін алдағы уақытта мейлінше, арттыра түсуді көздейді.
EXPO көрмесі барысында көптеген шет­елдік сарапшылар пікір білдірген бо­латын. Солардың ішінде еуропалық та­нымал сарапшы Моника Грифанның сөзін алға тартқымыз келеді.
– Қазақстанда күн сәулесі бойынша еш тап­шылық байқамадым, бірақ күн бате­реяларын көзім шалды деп айта алмас едім. Мә­селен, біздің компания Бангладеште та­бысты жұмыс істеді. Компания адамдарға күн батереяларын жалға берді, ал олар күн энергиясын өндірісте қолданып, көп пайда көрді. Балама энергия көздерін пайдалану арқылы көп жетістікке жетуге болады. Қа­зіргі кезде Германияда балама энергияны тұ­тыну дәстүрлі энергияға қарағанда бір­шама арзанға түседі. Ендігі ретте, біз ақ­шаны көмір мен мұнайдың жолына шашуды емес, балама және сарқылмайтын энергия табуға және соны өміріміздің бөлінбес бөлшегіне айналдыруды көздеу керекпіз, – деген еді сарапшы.
Сөз жоқ, мұнай, газ һәм металлургия – еліміздің экономикалық кепілдігі іспетті. Бұл қазба байлықтар елімізге мол кіріс көзін ашып отыр. Алайда әлемде болып жатқан ілгерілеушілік пен түрлі өзгерістер табиғи ресурстарға сеніп отыра бермеу керектігін ескертетіндей. «Болашақ энергиясын» ұран еткен EXPO-ның биыл өткізілуі де күллі ғаламның «дертін» тамыршыдай дөп басқан елеулі оқиға болды. Қазір күн және желден қуат алатын сарқылмайтын энергия көздері Қазақстандағы энергобаланстың небәрі
1 пайызын құрайды. Мемлекет бұл көрсет­кіш­ті 2020 жылға дейін 3 пайыздық межеге көтеруді жоспарлап отыр. Соған қара­мас­тан, EXPO нәтижелерін пайдаға жарату жә­не «жасыл экономикалық» аймақ құру бас­тамалары тоқтаусыз іске асырыла бер­мек.
Айтпақшы, EXPO-ны өткізу арқылы елі­міздің авиация саласы да мұртын май­лады. Инвестициялар және даму ми­нистр­лігі таратқан ресми ақпаратқа зер са­ла­тын бол­сақ, көрме барысында ішкі рейс­тер бойынша 830 мың, халықаралық рейс­тер бойын­ша 600 мың жолаушы тасы­малданған. Қа­ла берді шетел мен аймақ­тар­дан тоқ­таусыз ағылған меймандардың ар­­қасында сауда орталықтары мен қо­­на­қүйлердің, мейрам­ха­налар мен жеке кәсіп­керлердің саудасы жүріп, қала бюджеті қампайып қалыпты.

Абай АЙМАҒАМБЕТ

Бөлісу:

Пікір жазу


*