Жүзге жеткен қос басылым

1397
0
Бөлісу:

500 миллионыншы данасы оқырманға жол тартты


Алматы облысының бұқаралық ақпарат құралдары саласында келер жылы үлкен той. Облыстық қос басылым – «Жетісу» және «Огни Алатау» газеттері өздерінің алғашқы нөмірлерінің шыққанына 100 жыл толуын атап өтеді. Осы сейсенбі – 7 қарашада екі газеттің 500 миллионыншы таралымы өздерінің жылдар бойы қалыптасқан мыңдаған оқырманымен қауышты. Дәл қазіргі кезде «Жетісу» газеті – 46 мың, «Огни Алатау» басылымы 40 мың таралыммен Алматы облысы мен қаласына таралады. Осынау мерейтой қарсаңында Журналистер үйінде өңірлік коммуникациялар қызметі ұйымдастырған баспасөз мәслихаты өткізілді. Онда аталған газеттердің меншік иесі «Өлке тынысы» ЖШС директоры Мейрам Жанәділов, «Жетісу» газетінің бас редакторы Әміре Әрін, «Огни Алатау» газетінің бас редакторы Атсалим Идигов газеттердің тарихы туралы әңгімелеп, мерейтой қарсаңында атқарылып жатқан жұмыстар мен жоспарлар жөнінде бөлісті. Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің сұрақтарына жауап берді.

«Өлке тынысы» ЖШС директоры Мейрам Жанәділов газеттердің қысқаша тарихы мен алдағы жылы өтетін мерейтойға дайындық бары­сын таныстырды. Ресми деректер бо­йынша «Жетісу» газетінің алғаш­қы нөмірі 1918 жылдың 21 маусы­мында «Жетсу ісші халық мұхбірі» деген атпен шықса, «Огни Алатау­дың» бірінші саны 1918 жылдың 8 наурызда «Заря свободы» деген атаумен жарық көрген. Келер жылға мерейтойдың жоспары жасалып, облыс әкімінің орынбасары Жақсы­лық Мұқаш мырзамен бекітіліпті. Қазіргі кезде сол жоспар бойынша жұмыстар атқарылуда. Барлығы ой­дағыдай болса, республикалық дең­гейде ғылыми-тәжірибелік конфе­ренция, айтыс, жазба ақындар мүшәйрасы, спорттық жарыстар, көрмелер мен тағы да басқа мәдени-көпшілік шаралар ұйымдастырылып, «Жастар» саябағында журналистер аллеясы ашылады.
– Алғашқы нөмірі 1918 жылдың маусымында «Жетсу ісші халық мұх­бірі» деген атпен шыққан газе­тіміз одан кейінгі жылдарда «Көмек», «Ұшқын», «Бұқара», «Кедей еркі», «Тілші», «Сталин жолы», «Комму­низм таңы» деген атаумен шығып, 1968 жылдың маусымынан бері «Жетісу» деген атаумен жарық көріп келеді. Газеттің алғашқы редакторы – Сабыржан Шүкіржанов. Қазақтың небір марқасқа тұлғалары басшылық жасаған және қызмет еткен басылым өткен ғасырдың 70-80-жылдары 40 мың таралыммен аптасына бес рет оқырманмен қауышса, облысты Серік Үмбетов басқарған 2005-2011 жылдары 55 мың данамен таралған. Қазіргі кезде де тираж бойынша рес­публикадағы облыстық газет­тердің алдынан көрініп келеді. Біздің басылымда кезінде Ораз Жандосов, Сәкен Сейфуллин, Сара Есова, Бейімбет Майлин, Сәбит Мұқанов сынды қазақтың біртуар тұлғалары­ның қолтаңбасы қалған, – деген «Жетісу» газетінің бас редакторы Әміре Әрін қазіргі кезде редакцияда жас буынды тәр­биелеуге баса назар аударылатынын ерекше атай кетті.
«Огни Алатау» газетінің бас ре­дак­торы Астсалим Идигов өзі басқаратын басылымның тарихы тым тереңде екенін айта келе, жа­лынды революционер Рудольф Маречек алғашқы редактор болға­нын баяндады. Кейіннен «Вестник семиреченского трудового народа», «Голос Семиречья», «Дже­тысуйская правда», «Джетысуйская искра», «Со­циалистическая Алма-Ата», «Ал­ма­тинская правда» деген атаулармен шыққан басылым 1963 жылдың мамырынан бастап «Огни Алатау» деген атпен жарық көріп келеді.

Болат АБАҒАН,
Алматы облысы

Фото: https://www.facebook.com/photo.php?fbid=1481707015279981&set=a.569945466456145.1073741825.100003220899454&type=3&theater алынды

Бөлісу:

Пікір жазу


*