ХХІ ҒАСЫР ЖӘНЕ БЕСІК ЖЫРЫ

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында ХХ ғасырдың қазақ халқына берген зардаптары туралы тарихи баға берді. «Өткен ХХ ғасыр халқымыз үшін қасіретке толы, зобалаң да зұлмат ғасыр болды. Біріншіден, ұлттық дамудың ықылым заманнан жалғасып келе жатқан өзімізге ғана тән жолы біржола күйретіліп, қоғамдық құрылымның бізге жат үлгісі еріксіз таңылды. Екіншіден, ұлтымызға адам айтқысыз демографиялық соққы жасалды. Оның жарасы бір ғасырдан бері әлі жазылмай келеді. Үшіншіден, қазақтың тілі мен мәдениеті құрдымға кете жаздады. Төртіншіден, еліміздің көптеген өңірлері экологиялық апат аймақтарына айналды» деді Елбасы.
Кез келген елдің сандық және сапалық құрамы көп нәрсені анықтайды. Рухани жаңғырудың өзегіне демографиялық ахуалымызды оңалту мәселесі де кіруі тиіс. Құдайға шүкір, тәуелсіздік жылдары өшкен ошақ оттары қайта жана бастады. Қазақстан халқының саны 18 миллиондық межеге жетті. Қазақстан халқы жыл сайын артып келеді: жылына 200 мың адамға көбейеді, яғни бес жыл сайын 1 миллион адам қосылып отырады, мысалы, 2030 жылы Қазақстан хал-қы – 20 миллионға, 2050 жылы 25 миллионға жуықтайды. Бұл – оң көрсеткіш.
Демографиялық жағдай – қазіргі таңдағы маңызды мәселенің бірі. Кеңес Одағы тұсында қазақтар Орталық Азиядағы басқа этностардың арасында саны жағынан ең көбі болды. Президентіміз айтып отырған «демографиялық соққының» салдары жаман тиді, өз жерімізде азшылыққа айналдық. Әсіресе, қазақ даласында орын алған ашаршылықтың зардабы ауыр болды. 1921 және 1933 жылғы ашаршылық салдарынан 4 миллионға жуық адамнан айырылдық. Осы екі ашаршылық пен Ұлы Отан соғысы сияқты қасіретті демографиялық апаттар халқымыздың санын ойсыратып кетті. 1916 жылдың деңгейіне қазақтар 50 жылдан соң, тек 1966 жылы ғана көтеріле алды. Большевизмнің қанды қасабы болмағанда, санымыз осы күні 32-35 миллионға жетуі мүмкін еді. Екінші жаһандық соғыстан кейін жағдайы бізбен деңгейлес болған Өзбекстанның халық саны бұл күнде 30 миллионнан асып отыр. Жалпы алғанда, тәуелсіздік жылдарында Қазақстандағы адам саны 9,5 пайызға өскен. Бірақ еліміздің демографиялық көрсеткіштері көңіл көншітпейтінін жасырып қайтейік.
Егемендіктің алғашқы жылдары кезінде үрдіс алған демографиялық дағдарыстың ең ауыр нәтижесі – Қазақстан халқы 1989-1999 жылдар аралығында 1,5 миллионнан астам адамға, яғни 8,2 пайызға азайды, Халық санының азаюы 2002 жылға дейін созылды. Тек 2003 жылдан бастап, аз да болса өсе бастады. 2007 жылдың басында 15 млн 394 мыңнан сәл асты. Бұл жағдайдың негізгі себебі, тек 1991-1999 жылдар арасында сыртқа кеткен көші-қон нәтижесінде, республика халқы 1 млн 854 мыңнан астам адамға кеміді.
Жер көлемі жағынан әлемде тоғызыншы орын алатын Қазақстанда бір шаршы шақырымға небәрі 6,2 адамнан ғана келеді. Әлем елдері арасында халық тығыздығы жөнінен 184-орында тұрмыз.
Мамандардың айтуынша, қазіргі таңда қазақ халқының орташа жасы – 26-27 шамасында. Бұл – репродуктивті адамдардың үлесі жоғары деген сөз. Табиғи өсім жаман емес. Елдегі тұрақтылық қазақтың пайдасына қызмет етіп жатыр. Болашақта еліміздің демографиялық бет-бейнесі оң қалыпқа өзгеретіні сөзсіз. Алайда Қазақстан Республикасы Статистика агенттігі деректеріне қарағанда, 2015 жылдан бастап, Қазақстандағы бала туу саны төмендей бастады. Тоқсаныншы жылдардағы демографиялық дағдарыс кезіндегі дүниеге келген ұрпақтың олқы соққандығы себеп-салдарсыз кетпейді. Былайша айтқанда, өткен ғасырдағы «демографиялық соққы» мен 1990 жылдардағы демографиялық «пауза» спираль тәрізді айналып келіп отырады. Оның үстіне жастар әуелі материалдық жағдай жасап алу туралы көбірек ойланады. Бұған белгілі бір мөлшерде отбасы құндылықтарының төмендеуі де әсер ететіні анық.
Қазақстанның экономикалық жағынан қарыштап дамуы халықтың орташа өмір сүру жасының көтерілуіне игі әсерін тигізді. Елдегі жағымды демографиялық көрсеткіштерді сақтап қалу – әр қазақтың амандығы мен жаппай көбеюдің барлық шараларын осы бастан жасау қажет. Оңтүстік облыстарда туу көрсеткіштері жақсы-ақ. Алайда Солтүстік Қазақстан облысында әлі де төмен.
Қазақстанда демографиялық ахуалды түзеудің бір-ақ негізгі жолы бар. Ол – бала тууды 3-4 баладан төмендетпеу. Жоспарланған жүктілік деген бар. Бұл көрсеткіш те бізде азайып барады. Бұл неге байланысты? Бірінші кезекте азаматтардың әлеуметтік-экономикалық жағдайына байланысты. Табиғи өсімді күшейту үшін жастарға, әсіресе, жаңа отбасыларға, көпбалалы аналарға үкімет тарапынан жан-жақты, нақты, тұрақты және жүйелі түрде қамқорлық пен қолдау ұйымдастырылуы тиіс.
«Алтын алқа», «Күміс алқа» белгілерімен марапатталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, сондай-ақ бірінші және екінші дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көпбалалы аналарға қаншалықты жағдай жасап отырмыз? Көпбалалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақылар туралы Заңның шеңберінде баланың тууына байланысты біржолғы мемлекеттік жәрдемақы, бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне берілетін жәрдемақы және айлық табысы жан басына шаққанда орта есеппен азық-түлік себетінің құнынан төмен болған жағдайда отбасыларға 18 жасқа дейінгі әрбір балаға төленетін жәрдемақы неге әлі күнге дейін жөндеп көтерілмей отыр?! Жас отбасыларды ынталандыру үшін мемлекет қандай шара қарастырып отыр? Жастардың үйленіп, отбасын құруға және бала тууға асықпауына қандай себептер бар? Қазақ жастары тумайын демейді, жұмыс пен баспана мәселесінің шешілмеуі кедергі. Осы екі мәселе оңтайлы шешілмейінше, демографиялық проблемалар туындай береді. Қазіргі қазақ қоғамында ажырасқандар мен ешқашан некеге отырмағандардың қатары көбейіп келеді. Некеге отырмай туған сәбилердің саны арта түсуде. Қазақстандағы әрбір тоғызыншы отбасы ажырасқан деген дерек бар. Жарты миллионға жуық жалғызбасты ана тағы бар…
Қазақстан әйелдерінің V форумында Президент нақты тапсырма берген болатын. Әсіресе, жас отбасыларды қолдау мәселесін айрықша тапсырған. Соған байланысты министрліктерге нақты тапсырма да берілген. Оның ішінде жас отбасыларды қолдау жөнінде әрбір облыс, қала, аудан, ауылдық – барлық деңгейдегі әкімдерге тапсырма берілді. Осы бағытта арнайы бағдарлама жасалды. Онда жастардың ауылға келгені мен үйленгенінен бастап, бірінші бала тауып, одан саты-саты бойынша, ол баланың балабақшаға, мектепке баруына, тіпті одан ары қарай қолдау мәселесіне дейін барлығы қарастырылған.
Әлемде ересектер мен егде тартқан адамдардың саны көбейіп, балалар саны азаю үрдісі жүріп жатыр. Бір баладан артық бала тәрбиелегісі келмейтін отбасылардың және мүлдем балалы, отбасылы болудан бас тартатын әйел мен еркектердің саны артып келеді. Оның үстіне «гендерлік теңдік» дегеннің демографиялық көрсеткішке тікелей әсер етіп отырғанын да аңғаруға болады. Қазіргі кездегі «өзің үшін өмір сүру» қағидаты талайдың өмірлік ұранына айналған.
Біріккен Ұлттар Ұйымының жіктеп-жіліктеуі бойынша, 65 және одан жоғарғы жастағы адамдардың үлесі 4 пайыз немесе одан аз болса – ол халық жас. 4-7 пайыз болса – қартаюдың алдындағы халық. 7 пайыз және одан артық болса, қартайған халық болып саналады. Қазақстандағы бұл көрсеткіш 6,6 пайыз деңгейінде екен. Статистика агенттігінің болжамы бойынша, 2020 жылы бұл көрсеткіш 7,4 пайыз болады. Мұндай көрсеткіш Германияда – 24 пайыз, Ұлыбританияда – 20 пайыз, Украинада – 18 пайыз, АҚШ-та – 16 пайыз, Ресейде – 15 пайыз. «Біздегі көрсеткіш мына мемлекеттермен салыстырғанда әлдеқайда төмен ғой» деп көңіл жұбатуға әсте болмайды.
Қазіргі таңда Еуропа елдерінің көпшілігі дерлік, бала туу көрсеткішінің азаюынан зардап шегіп отыр. Мұндай демографиялық тенденцияның салдары еңбекке жарамды халық санының қысқаруына, адам капиталының төмендеуіне, денсаулық сақтау саласының шығындануы сияқты проблемаларға алып келуі мүмкін. Бала туу мен адам өлімі бойынша ең төмен көрсеткіш – Болгария, Сербия, Литва, Латвия, Украина, Венгрия, Германия елдерінде. Еуропа елдері «кәрі құрлық» атанып жатса, жер шарының Азия құрлығында адам саны бұрқырап өсіп жатыр. Әлем бойынша халық саны жөнінен көш бастап тұрған Қытайдың 2017 жылғы тамыздағы көрсеткіші – 1 385 923 000 адам. Халық саны аса көп елдер қатарына Үндістан, АҚШ, Индонезия, Бразилия, Ресей, Мексика, Жапония жатады.
Демографиялық ахуалға халықтың қартаюы, яғни жастарға қарағанда қарттардың саны көп болуы тікелей әсер етеді. Айталық, Италия мен Жапония мүлдем қартайған халыққа жатады. Халық әрқашан жасарып отыруы үшін жас сәбилердің дүниеге келу саны ешқашан кемімеуі керек. Жастардың дер шағында үйленуі де маңызды. Бұл тұрғыдан алғанда қазақ ұлты – жас халық. Осы көрсеткіш бойынша Қазақстанның демографиялық жағдайы Ресеймен, Украинамен, Италиямен, Жапониямен салыстырғанда жаман емес.
Сонымен, Елбасы өз мақаласында ХХ ғасырдың ұлтымызға тигізген басты зардаптарын атап көрсетті. ХХІ ғасырда жағдай өзгеруі тиіс. Ұлан-байтақ даланы негізінен, «Бесік жыры» тербетіп тұрғанда ғана, біздің келешегіміздің кемелдігіне күмән тумайды!
Нұртөре ЖҮСІП